Аптаның үздік жеті хикаясы

Ақорда.

Күнделікті қарбалас шаруамен жүргенде Азаттықтағы маңызды мақалаларды, видеорепортаждарды, фотогалереяларды көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны қаперлеріңізге тағы бір мәрте саламыз.

"Ақсақалдардың көшірмесі" һәм "Назарбаевтың кадрлары". Сарапшылар биліктегі ауыс-түйіс жайлы

Нұр-Сұлтандағы екі күндік үнсіздіктен кейін бүгін, мамырдың 4-і күні Қазақстан билігіндегі екінші адам – сенат төрағасы сайланды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қызметінен босатып, артынша ол сенат спикері болып сайланды. Ал Әшімбаевтың президент әкімшілігіндегі орнына ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дәурен Абаев барды. Сарапшылар бұл ауыс-түйіс жайлы не дейді?

Топан су, бас сауғалаған жұрт һәм шіріген мал. Мақтааралда не болды?

Өзбекстанда жарылған Сардоба су қоймасынан келген су Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын басып, жеті мыңнан аса гектар егіндікті шайып кетті. Судан үркіп, үдере көшкен елдің саны отыз бір мыңнан асты. Олардың бір бөлігі туған-туыстарын жағалады, бір тобы жергілікті әкімдіктің эвакуациялық пунктерін паналады. Үйсіз-күйсіз қалған жұрт үкіметтен баспана мен күнкөру үшін егіндік жер сұрайды. Әкімдік мәселе жергілікті деңгейде шешілмейтінін мойындап, үкіметтен көмек сұрады. Өзбекстан президенті "ұят болғанын" айтып, Қазақстан президенті зардап шеккен тұрғындардың барлығына көмек беріледі деп уәде берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Мақтаарал жұртын әуреге салған топан су

"Саяси лидерлер жалған кейіп танытуды қойды". Freedom House өкілі Майкл Смельцермен сұхбат

Мамырдың 6-сы күні демократия, азаматтық еркіндік пен адам құқығын зерттеп, насихаттаумен айналысатын америкалық Freedom House үкіметтік емес ұйымы жыл сайынғы Nations in Transit есебін жариялады. Азаттық Қазақстанды қосқанда 29 елдегі саяси жағдайға шолу жасалған есеп авторларының бірі, Freedom House сарапшысы Майкл Смельцерден сұхбат алып, әлемде демократиялық елдер неге азайып бара жатқаны, Қазақстан мен Өзбекстан демократиялық көрсеткіштерін қалай "жақсартқаны", Қытайдың Орталық Азияда қандай рөл атқаратыны жайлы сарапшының пікірін білді.

Қажыгелдин: "Билік елді бұл қиындықтан алып шығуға дәрменсіз"

Қазақстанда коронавирус тарап, елде төтенше жағдай жарияланғалы биліктің жәрдеміне көңілі толмайтын не жәрдемсіз қалған адамдардың наразылығы әр жерден жиі естіледі. Індетпен бетпе-бет күресіп жатқан дәрігерлердің мәселесі де ушығып тұр. Оппозиция өкілдері карантиндегі биліктің атқарып жатқан ісін "шала, жеткіліксіз, дағдарысқа дайын болмады" деп сынайды. Кейбірі өз жоспарын, бағдарламасын да ұсынып жатыр. Олардың арасында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, 1998 жылы шетелге кетіп қалған Әкежан Қажыгелдин де бар. Оппозициялық саясаткер Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы экономикалық дағдарыс, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкіметтің дағдарысқа қарсы саясаты туралы ойын бөлісті.

Your browser doesn’t support HTML5

Әкежан Қажыгелдин: Тоқаевқа екі рет хат жаздым

Жанболат Мамай: "Биліктің 13,5 млрд долларды қайда жұмсағаны жұмбақ"

Қазақстанда "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай Азаттыққа берген сұхбатында биліктің коронавирусқа байланысты төтенше жағдай кезіндегі қимыл-әрекетін сынап, қиын кезеңде халық жүдеп-жадамас үшін мемлекет қандай іс-шараларды қолға алуы тиіс деп санайтынын айтып берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жанболат Мамай: "Билік талабымызды орындамаса, митингіге шығамыз"

Дариға Назарбаеваның орнынан кетуінің астары неде?

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, аса ықпалды сенат спикері Дариға Назарбаеваның кенеттен депутаттығынан айырылуы елдің саяси басшылығы мен биліктегі әулеттің болашағы туралы түрлі сауал тудырды.

Мақтааралдағы ауылдар. Тасқынға дейін және су басқан кез

1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, кейін оның суы Қазақстанның ауылдарына жетті. Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын топан су басты. Тасқыннан 31 мың адам эвакуацияланды. Ресми дерек бойынша, Мақтааралда 845 үй, үш мектеп, бес балабақша,төрт медицина мекемесі мен мәдениет үйін су алған. 55 шақырымға жуық көпір мен жолды су шайып кеткен. 7639 гектар егістік су астында қалған. Қазақстанда су басқан ауылдардың спутниктер түсірілген суреттері.

Мақтааралдағы ауылдар. Тасқынға дейін және су басқан кез