Аптаның үздік жеті хикаясы

Қора үстінде тұрған адам. Балтаратақ ауылы. Шығыс Қазақстан облысы. 9 маусым 2020 жыл.

Күнделікті қарбалас шаруамен жүргенде Азаттықтағы маңызды мақалаларды, видеорепортаждарды, фотогалереяларды көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны қаперлеріңізге тағы бір мәрте саламыз.

"Ұзаққа созылған қоштасу". Постназарбаев дәуірі келе ме? Ол қандай болады?

Люка Анчески - Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу бойынша профессоры. Жақында оның "Analysing Kazakhstan's Foreign Policy. Regime neo-Eurasianism in the Nazarbaev era" ("Қазақстанның сыртқы саясатына сараптама. Назарбаев дәуіріндегі неоеуразияшылдық") атты кітабы жарық көрді. Азаттыққа берген сұхбатында ол Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткеннен кейінгі бір жылда Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатындағы өзгерістер; Назарбаевтың үлкен қызының сенат спикері қызметінен кетірілу себептері; елде династиялық билік орнау ықтималдығы және постназарбаев дәуірінің белгілері туралы айтып берді.

Дариға Назарбаева мен ұлының "төбесі көкке жетті". Олар Лондондағы мүліктерін сақтап қалды

Ұлыбританияның апелляциялық соты Дариға Назарбаева және ұлы Нұрәлі Әлиевтің Лондондағы “шығу төркіні белгісіз байлыққа алынған” екі элиталық зәулім үйі мен пәтерін бұғаттан босату туралы шешімге апелляциялық шағым түсірген қылмыспен күрес жөніндегі агенттіктің өтінішін қанағаттандырмады.

"Шешесінің қайтыс болғанын естіртті". Ақтөбеде пневмонияға шалдыққандар күрт көбейді

Ақтөбе аймағында кейінгі күндері пневмонияға шалдыққандар саны күрт артып, ауруханаларда орын жетпей жатыр. Дәрігер тапшы. Денсаулық сақтау басқармасы пневмонияға шалдыққандардан коронавирус табылмады дейді. Бірақ күні-түні жұмыс істеп жатқан дәрігерлер "пневмония белгілерін COVID-19 дертінің симптомдарына қатты ұқсатады".

"Жарық та, байланыс та жоқ". Семейден 20 шақырым жердегі ауылдың өмірі

Семейден 20 километр жердегі Балтатарақ қонысында 22 жылдан бері электр жарығы жоқ. 1990 жылдары электр сымын ұрлап кеткеннен бері бұл жаққа жаңа желі тартылмаған. Қазір Балтатарақта ондаған адам тұрады, көбі мал ұстайды. Елді мекенде 14 тұрғын ғана ресми тіркеуде тұр. Сондықтан билік Балтатарақты ауыл мәртебесінен айырған. Тұрғындар электр жарығы болса, мұндағы өмір жанданар еді деп армандайды.

"Топ бала өлімші етіп сабаған". Төбелес салдарынан мерт болған жасөспірімнің туыстары не дейді?

Шымкенттің 17 жастағы тұрғыны Абзалбек Өткіровті 23 мамырда бір топ қатарласы өлімші етіп сабап, ол он күннен соң ауруханада көз жұмған. Қылмыстық іс қозғалып, бес күдікті қамауға алынды. Оның төртеуі кәмелетке толмаған, біреуі 18 жаста. Азаттық қатыгездік құрбаны болған жасөспірімнің отбасымен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын білді.

"Жағдай қиын". Дәрігерлер үлгермей жатыр. Науқастар өз-өзін емдей бастады

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейген тұста инфекциялық стационарлар "лық толды". Нұр-Сұлтанда ауруханадағы орынның 90 пайызы бос емес. Алматыда да бұдан былай ауруханаға халы орташа және ауыр науқастарды ғана жатқызады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі "резерв бар, керек болса басқа орындарды бейімдейміз" дейді. Ал вирус жұқтырған кейбір науқас ауруханада орын тапшы болған соң үйде өздері емделе бастағанын айтады.

Алматы іргесіндегі "коронавирус зиратына" 64 адам жерленген. Ресми статистикада - 12 марқұм

Алматыда коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы зиратқа қойылғандар саны 64-ке жетті. Қалада ресми дерек бойынша, СOVID-19 індетінен 12 адам көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі "вирус жұқса да көбінің өліміне өзге ауру себеп болған" деп есептейді. Бірақ ел бойынша вирустан емес, вирус жұқтырған марқұмдардың есебі құпия.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматы іргесіндегі "коронавирус зиратына" 64 адам жерленген. Ресми статистикада - 12 марқұм