Аптаның үздік жеті хикаясы

Қордай ауданында болған қазақтар мен дүнгендер арасындағы этникалық қақтығысқа реакция. Суретті Ерден Зікібай салған.

Күнделікті қарбалас шаруамен жүргенде Азаттықтағы маңызды мақалаларды, видеорепортаждарды, фотогалереяларды көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны қаперлеріңізге тағы бір мәрте саламыз.

"Қазіргі шекараларды өткен тарихпен саудалауға болмайды". Путиннің сөзі жұртты тіксінтті

Ресей президенті Владимир Путин ресейлік телеарнаға берген сұхбатында "Совет одағын құрған кезде одаққа кірген елдер Ресейдің көп жерін алып, кейін шыққанда орыс халқының сыйлығын бірге алып кетті" деді. Азаттық сөйлескен сарапшылар Путиннің "Ресей жерін жинаушы" образын күшейте түсу үшін айтқан сөзі постсоветтік елдердің Мәскеуге сенімсіздігін ұлғайтады деп санайды.

СССР картасының қалай "сызылғанын" мына мақаладан оқуға болады.

"Қазақстанда вирус тез тарап жатыр". Пневмония өршіп, ауруханада науқас көбейді

Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар тез көбейіп барады. Вирустан көз жұмғандар саны да артқан. Ауруханаларда орын жетіспей жатыр. Елде пневмониямен ауырғандар еселеп өскенін мәлімдеген билік науқастарды емдеуге "қолда жеткілікті ресурс бар" деп сендіруге тырысады. Азаттық сөйлескен кей адамдар жергілікті жерде жағдай аса қиын екенін, дәрі-дәрмек жетіспей жатқанын айтады. ДДСҰ Қазақстанды вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына енгізді.

"Қазақстан әлі күнге дейін Брежнев алаңында етпеттеп, бұғып жатқандай көрінеді"

Суретші-аниматор Ерден Зікібай СССР-де Горбачевтың қайта құру саясаты мен түбегейлі өзгерістер басталған кезде туған. Қазақстан тәуелсіз елге айналғанда бірінші сыныпқа барды. Орыс және ағылшын тілін жетік біледі. Қазақ тілін жанына жақын санап, тарихын терең зерттеуді қажет ететін нысан және шығармашылығының негізгі мотиві көреді. Азаттыққа сұхбатында Желтоқсан оқиғасының маңызы, митингіге шығу құқығы, "қазақ" сөзінің мағынасы мен өзге де жайттар жайлы айтты.

Бостандығы мен құқығын шектеді. Белсенді Әлнұр Ильяшевқа сот үкімі

"Үш жылға бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі жұмыс атқарсын, бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынсын". Биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынағаны, Facebook-тегі посты үшін "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылған азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевқа Алматы соты осындай үкім шығарды. Белсенді мен адвокаттары тағылған айыпты жоққа шығарады.

Your browser doesn’t support HTML5

Әлнұр Ильяшев: Биліктің мақсаты мені тұсаулау еді

Италия мен Швеция симптомы жоқтарды статистикаға қоспай ма? Қазақстандық дәрігердің сөзін тексердік

Қазақстан билігі 3 маусымнан бастап коронавирус жұқтырғандарды "симптомы бар" және "симптомы жоқ" деп екіге бөліп есептеп жатыр. "Симптомы жоқтар" ресми статистикаға енбейді. Қазақстанның бас инфекционисі маусым айының ортасында Азаттық тілшілеріне берген видео сұхбатта "симптомы жоқтарды статистикаға қоспау әлемнің көп елінде, соның ішінде Швеция, Беларусь, Италияда бар" деген еді. Азаттық бас инфекционистің айтқанына байланысты Италия мен Швецияның денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, Баешеваның айтқанын тексеріп көрді.

"Эволюция тонын жамылған тоқырау". Билік партиясы жақтастарының лигасы не үшін керек?

Бір апта бұрын Қазақстанның саяси алаңында үстемдік құрып тұрған ең ірі партияны жақтайтындар лигасы пайда болды. "Нұр Отанның" өзі партияны қолдайтындардың бас біріктіргеніне "қуанады" әрі бұл лиганың құрылғанына еш қатысымыз жоқ дейді. Бұл – парламент сайлауына дайындықтың басы, билік партиясы соңғы кезде түсіп кеткен беделін көтергісі келеді дейді сарапшылар.

"Өмірдің қызығын көрде жатып көрем бе?" Жаңаөзендіктер Ақордаға келіп жұмыс талап етті

25 маусымда Нұр-Сұлтандағы Ақорда, үкімет пен парламент үйі алдына келіп, тұрақты жұмыс сұрап наразылық білдірген Жаңаөзен тұрғындарын полиция ұстап әкетті. Ұсталғандар арасында 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп жараланғандар бар.

Your browser doesn’t support HTML5

"Өмірдің қызығын көрде жатып көрем бе?" Жаңаөзендіктер Ақордаға келіп жұмыс талап етті