Бүгін, 26 қараша Алматы қаласында қоғам белсенділері мен туыстары Арон Атабекті жерледі. Саяси тұтқын, диссидент, ақынды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі марқұмның қарындасы Рәзия Нұтышеваның үйінде болды.
Таңғы сағат 10-ға белгіленген рәсім біршама кешігіп басталды. Өйткені түнімен жауған жаңбыр мен қардан кейін көшедегі кептеліс күрт күшейген еді.
Жаназаға шамамен 400-ден астам адам жиналды.
Олардың арасында саясаткер Жасарал Қуанышәлин, Балташ Тұрсымбаев, Рысбек Сәрсенбай, "Дат" газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи, парламент сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров пен басқа да белсенділер бар.
Былайғы уақытта бір-бірін айыптап жүрген белсенділер – қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін ҚДТ қозғалысын қолдаушылар да, Жанболат Мамай бастаған тіркелмеген "Демокартиялық партия" өкілдері де, 2020 жылы "Нұр Отан" партиясынан шығарылған соң "Ел тірегі" партиясын құратынын мәлімдеп, саяси акциялар өткізіп жүрген Нұржан Әлтаев жаназаға келді.
Жаназаға жиналғандар "Арон Атабек оппозициядағы барлық саяси топтар мойындайтын тұлға болды" деп сипаттап жатты.
Алатаудың бөктерінде, тар жолдың жағасында тұрған екі қабатты үйдің айналасы көлікке толды. Қарапайым киінген, бірақ қолында рациясы бар адамдар жол қозғалысын реттеп жүргені, жаназа кезінде әрі-бері көлік жүргізбей тоқтатып тастағаны аңғарылды.
Арон Атабектің денесін мәйітханадан алып шыққаннан бастап қаралы рәсімді ұйымдастыруға белсенді қатысып жүрген қоғам белсендісі Бесжан Төлеубекұлы "Арон Атабектің мәйіті салынған табытты Шаңырақ ықшам ауданының жігіттері көтеріп шығатынын" айтты.
Төлеубекұлының сөзінше, жаназаға 2005 жылы Шаңырақ оқиғасы қатысып, түрлі жазаға тартылған, көпшілік біле бермейтін 7-8 белсенді келген. 1990 жылдардағы саяси қоғамдық өмірге белсене араласқан Арон Атабектің есімі көбіне осы Шаңырақ оқиғасымен қатар аталды. Осы оқиғадан кейін Арон Атабек 18 жылға сотталған еді.
Үйден Арон Атабектің мәйітін Шаңырақ ауданынан келгендер алып шықты ма, жоқ па белгісіз болып қалды. Өйткені марқұмның табытын көтеруге ұмтылғандар көбейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Жаназадан кейін Арон Атабектің мүрдесін Алатау бөктеріндегі Бағанашыл зиратына алып барды. Зиратқа бару үшін кептелісі көп Алматы қаласына кірудің керегі болмады. Автобусқа, жүзге жуық жеңіл көлікке мінген қаралы қауым Рәзия Нұтышеваның үйінен Бағанашылға дейін небәрі 10-15 минутта жетті.
Алайда табытты бірден қабірге апармай, көліктен түсіргеннен кейін көпшіліктің келуін күтті. Молда үйде шығарылған жаназа кезінде сөйлеуге рұқсат етпеді, "жұрт зиратын басында сөйлесін" деп кідіртті.
Зират басында сөз алған белсенді Мұратбек Есенғазы "Исатай мен Махамбет атасының туын жықпай осы күнге дейін алып келген ағамыз түрмеден құр сүлдері келгенде бірер ай ес жинайын, содан соң күресімізді жалғастырамыз, "Алаш" партиясын қайта жандандырамыз деп еді" деді.
Мұратбек Есенғазы 1990 жылдары Арон Атабек құрған "Алаш" ұлттық тәуелсіздік партиясының мүшесімін деп санайды. Бұл "Алаш" 1990 жылдары елдегі белсенді саяси ұйымдардың бірі болған еді.
Ал саясаткер Жасарал Қуанышәлин қабір басында "Бергі тарихымызда өзінің ұстанымын дәл осылай табандап, асқан қайсарлықпен дәлелдеген ешкім жоқ. Бұл кісінің алдында бас иеміз" деді.
Табытты қабірге жақындатар кезде Есенғазы Мұратбек Арон Атабектің діни сенімі туралы "Ағамыз соңғы сәтте тілін кәлимаға келтіріп отырғанын жанындағы дәрігерлер де айтты, сондықтан оның мұсылмандығына күмән болмасын" деп айтты.
Жерлеу рәсімінен кейін ешкімге сөз берілген жоқ. Алайда кей белсенділер шыдамай, қоғамды саяси құқықтарын қорғауға шақырды.
Қаралы қауым топырақ салған соң қабір үстіне "Нұтышев Арон Қабышұлы" деген жазуы бар тақтайша орнатты. Нұтышев - Арон Атабектің бастапқы тегі болатын. Атабек – ақынның әдеби псевдонимі еді.
Жерлеу рәсімінен кейін Алатау бөктеріндегі мейрамхананың бірінде қаралы ас берілді. Үш сағатқа созылған ас кезінде сөйлеген адамдар Арон Атабектің өліміне билікті айыптады.
2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, биыл түрмеден шартты жазамен босап шыққан диссидент ақын Арон Атабек 24 қарашада 68 жасында қайтыс болды.
2006 жылы 14 шілдеде билік Алматы қаласы Шаңырақ елдімекеніндегі "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болғанда жұрт жағында болып, баспаналарын қорғауға көмектескен. Кейін Шаңырақ оқиғасынан соң ол "тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 18 жылға сотталды.
Биыл 1 қазанда Павлодардың №2 соты Арон Атабектің жазылмайтын дертке шалдығуына байланысты жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, түрмеден босатқан еді. 15 жылын түрмеде өткізген ақын бостандыққан шыққан соң Алматыға оралған. Кейін оның жағдайы күрт нашарлап, ауруханада жансақтау бөлімінде бір айдай жатты. 24 қарашада қарындасы Рәзия Нұтышева Арон Атабектің ауруханада жүрегі тоқтағанын айтты.