Көктемгі қарғын су төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті

Қарғын су басқан үйдің ауласында тұрған адамдар. Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында тұрғындардың тасқын сумен алысып жатқанына бірнеше күн болды. 27 наурыз, 2024 жыл.

Тасқын салдарын жоюда биліктің шарасыздығына наразы болған тұрғындар көшеге шығып, жолды жапты. Билік алты адамға "заңсыз митингіге қатысқаны" үшін айыппұл салды.

Қоянды ауылының тұрғыны Аягөз Түгелованың үйінің ауласына кірген қарғын суды шығарып жатқан адам. 27 наурыз, 2024 жыл.

Су басқан Қоянды көшесінде ағашқа сүйеніп өтіп бара жатқан адам. 27 наурыз, 2024 жыл.

Төтенше жағдай қызметінің өртке қарсы көліктері Қоянды ауылында жайылған суды сорып жатыр. Қоянды ауылы, 27 наурыз, 2024 жыл.

Шапағат көшесі бойындағы үйлердің тұрғындары қарғын суды соруға өз құрылғыларын қоса пайдаланып, әкімдік қондырғысына бензинді де өздері құйып жатыр. 27 наурыз, 2024 жыл.

Үйінің ауласын су басқан көпбалалы ана Алтыннұр Дүрімхан үйіне кіре алмай тұр. Қоянды ауылы, 27 наурыз, 2024 жыл.

Қоянды тұрғыны Алтыннұр Дүрімхан. Қоянды, 27 наурыз, 2024 жыл.

28 наурызда Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды. Мұның алдында өңір басшылары шұғыл жиын өткізіп, Елек пен Қарғалы өзені жағалауындағы 906 отбасын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдаған. Ақтөбе, 27 наурыз, 2024 жыл.

"Елек пен Қарғалы өзендерінің жағалауындағы бау-бақша ұжымдарында 906 отбасы бар" деп хабарлады Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Ақтөбе, 27 наурыз, 2024 жыл.

"Ақтөбе су қоймасына бір тәулікте 150 млн текше метрден астам су құйылған. Су қоймасы мұндай көп мөлшердегі суды сиғыза алмайды. Қалаға қауіп төніп тұр. Сол себепті Ақтөбе су қоймасына жиналған суды Елек өзеніне жіберу туралы шешім қабылданды" деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті Елек пен Қарғалы өзендері жағалауындағы тұрғындарды жұмаға қараған түні эвакуациялай бастады.Оларды қауіпсіз жерге көшіру үшін 80 автобус жіберілген. Қала әкімдігі Ақтөбедегі 18 мектепте эвакуация орталығы әзірленгенін хабарлады.

Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы әуежайдың ұшу алаңын да қарғын су басты. 27 наурыз, 2024 жыл.

Тасқын басталғаннан кейінгі екі күнде Ақтөбе қаласындағы 73 үйді су басқан. Суда қалған үйлерден 155 тұрғын эвакуацияланған. Ақтөбе облысындағы 12 ауданның Қарғалыдан өзгесі түгел қарғын судан зардап шеккен. Әсіресе Қобда ауданындағы ахуал қиын: жүзден астам үй мен ондаған ғимарат су астында қалып қойды.

Өңірлердегі құтқару жұмыстарына төтенше жағдай қызметкерлері мен әскери адамдар жұмылдырылған.

Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі тасқын сияқты төтенше жағдайларға "тек қағаз жүзінде дайын болған болып шығамыз" деп мойындаған 20 ақпандағы үкімет отырысында. Қазақстанның батыс, шығыс және орталық өңірлеріндегі елдімекендерді жыл сайын дерлік көктемде қар ерігенде су басады.

Қазақстанның 10 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысында жағдай өте күрделі дейді. Кейбір аймақта төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар жылда қайталанатын табиғи құбылысқа дайындық жасамады деп билікті сөкті. Үкімет жетекшісі дайындық "шартты түрде" болғанын мойындады.