ТҰТҚЫНДЫ АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ВИДЕО
Шашы тақырлап алынған, жүзі пәс, үстіне сотталғандардың киімін киген адам терезесі темір торлы, көпшілік жуынатын орынға ұқсайтын күңгірт бөлменің ішінде тұр. Кеудесінің оң жағында "Тимур Дәнебаев" деген жазу бар. Видеода оған қырын қарап сөйлеп тұрған, бет-жүзі жартылай ғана көрінетін екінші біреу әлгі адамға өктем дауыспен: "Түрме тәртібіне бағынбадыңыз, бірнеше рет ескерту жасалды, оны орындамай қойдыңыз" дейді де, қасындағы өзге адамдарға бұрылып, қолын сілтей: "Арнайы құралды қолданыңдар!" деп бұйырады. Сол-ақ екен, түрме қызметкерінің киімін киген алты адам әлгіні тас еденге етпетінен жатқызып, аяқ-қолын керіп, желкесінен тіземен басып, тырп еткізбей ұстап отырады. Үстіне жеңі шолақ жейде киген, жауырыны қақпақтай түрме қызметкері тұтқынның жанына бір тізерлеп отыра қалып, арнайы құрал – резеңке таяқпен құйымшақтан төмен тұсты көздеп, бар күшімен құлаштап тұрып төрт рет ұрады. Гүрс-гүрс етіп соққы тиген сайын жерде жатқан адамның жанұшыра айғайлағаны естіледі. Бірақ ұрып жатқан адам оған тоқтамайды. Бұдан соң әлгі өктем дауыс тұтқынды тұрғызуды бұйырады. Ол соққыдан есін жинай алмай, ауырсына ыңыранып, шайқалақтап тұрған тұтқынға: "Бұйрықты орындамау – тәртіпті қасақана бұзу деп бағаланады" дейді. "Азаптауға қарсымын" дейді дауысы кекештеніп шыққан тұтқын.
Тұтқынды сабау туралы видеоны дүйсенбі, 4 қыркүйекте қазақстандық кейбір БАҚ және "Бәсе" telegram-арнасы жариялады. Видеоның сипаттамасында бұл оқиға Ақмола облысы Атбасар қаласындағы жаза өтеу мекемесінде 24 тамызда болған деп жазылған. Бірнеше сайтқа шыққан, әлеуметтік желіде лезде тараған видеолар екі түрлі ракурстан түсірілген. Видеодағы адамдардың сөйлеген сөзін, таспада көрсетілген уақытты және тұтқынды еденге қалай жатқызғанын салыстырып қарағанда, тұтқынды араға бірнеше минут салып, кемінде екі рет еденге етпетінен жатқызып, резеңке таяқпен ұрып-соққаны байқалады.
Видеода тұтқынды ұруға қатысқан кейбір қызметкерлердің бет-әлпеті де анық көрінеді, арнайы киімдегі біреуінің иығынан аға лейтенанттың погоны көзге шалынады.
ҚАЖК АҚПАРАТЫНЫҢ ҚҰБЫЛУЫ
4 қыркүйек күні Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) қоғамды дүр сілкіндірген видеоға қатысты қызметтік тексеру бастағаны туралы ақпарат таратты. Онда азаптауға ұшыраған жаза өтеушінің аты-жөні аталмайды.
"Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты, Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекеменің әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбаған сотталушыға арнайы құралдарды қолдану кезінде қызметкерлердің қызмет өкілетін асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта осы факт бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады" деп жазылған ҚАЖК ақпаратында.
Соның алдында ғана ҚАЖК тұтқынды ұрып-соғу видеосына қатысты комментарийінде Ақмола облысындағы түзеу мекемесінде "тәртіпсіздік шығарғандарға" арнайы құралдар қолданылды деген. Онда түзеу мекемесіне жазасын өтеу үшін жаңадан келген адамдар карантин бөлімінде "бірнеше рет тәртіп бұзып, бағынбай қойғаны" және ескертуден кейін, "қолданыстағы заңға сәйкес", оларға арнайы құралдар қолданылғаны, түрме әкімшілігі ол туралы тиісті акт толтырғаны айтылған еді. Бірақ кейін ҚАЖК ресми сайтында дүйсенбіде жарияланған хабарламаның мазмұны өзгеріп шыға келді.
Қазақстан түрмелеріндегі азаптап-қинау оқиғаларының қоғамға жария болып, биліктің ондайды мойындайтын кезі сирек, ал ондай азаптаулар туралы видеоайғақтар мүлде некен-саяқ.
Бұл жолы тараған видеода түрме қызметкері Қылмыстық-атқару кодексіндегі "жазасын өтеуші азаматтардың құқықтары мен міндеттері" туралы 104-бапқа сілтеп сөйлейді. Бұл бапта жаза өтеуші мекеме әкімшілігі жүктеген жұмыстарды атқаруы тиіс деп жазылған. Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелеріндегі жағдай туралы есептерінде бұл норманың қарама-қайшылығы барын, жазасын өтеушілердің құқығын шектейтінін, мемлекет оны билікті сынайтындарды қудалау үшін субъективті тұрғыда қолданатынын айтқан.
Кейінгі бірнеше жылда қазақстандық шенеуніктер азаптаудың жолын кесу үшін елдегі қамау мекемелеріне жаппай видеобақылау камералары орнатылады деп мәлімдеген. Жергілікті БАҚ бұл мақсатқа 3,7 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отырғанын хабарлаған.
Түрмедегі азаптау мәселесіне көптің назарын тағы бір рет бұрған бұл видео ресми Астана БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінде есеп бергеннен кейін төрт ай өткенде тарады.
"ТҰТҚЫННЫҢ САҒЫН СЫНДЫРУ"
Тимур Дәнебаев қазір Ақмола облысы Атбасар қаласындағы ЕЦ 166/4 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Азаматтық белсенді Вадим Курамшин дәл сол мекемеде 2007-2008 жылдары жазасын өтеген.
Ол интернетте тараған видео карантин блогындағы бөлмеде түсірілген деп болжайды. Курамшин түрмеге жаңадан келгендерді карантинде азаптау арқылы "сағын сындыру" бұрыннан қалыптасқан дәстүрге айналғанын айтады.
– Бұл барлық жаңадан келгендердің "сағын сындыру" деп аталатын конвейерлік әдіс. Әрбір жаңадан келген адамды заңсыз болса да унитазды тіс щеткасымен тазалауға мәжбүрлейді. 2007 жылы қаңтарда газеттегі мақалам үшін сотталып, осы мекемеге түскен кезде маған да солай істеген, қатты азаптаған, – деді ол.
Ал 2016 жылы Атыраудағы жер митингісінен соң "араздық қоздыру" бабымен бес жылға сотталған тағы бір азаматтық белсенді Макс Боқаев Тимур Дәнебаевқа арнайы құрал қолданатындай видеода оның біреуге күш қолданғаны, я біреуді балағаттағаны көрінбейді дейді.
– Іс жүзінде бұл (билік "арнаулы құрал қолдану" деп атаған ұрып-соғу – ред.) – заңды өрескел бұзудың, адам құқықтарын аяқасты қылып таптап, қорлаудың, қорқытып-үркітудің, саяси тұтқындарды тұқыртып, сағын сындырудың бір көрінісі, – деді Боқаев.
БИЛІКТІ СЫНАУШЫ БЕЛСЕНДІ
38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қаңтар оқиғасы кезінде "елімізге 20 мың террорист шабуыл жасады" сөзі үшін жауапқа тартуға талпынған азаматтық белсенді ретінде танылған.
2022 жылы ақпанда Тимур Дәнебаев полицияға арыз жазып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыға "20 мың террорист шабуыл жасаған деген жалған ақпарат таратқаны" үшін жауапқа тартуды талап еткен (2022 жылғы 7 қаңтарда Тоқаев себебін түсіндірместен Twitter парақшасынан өшіріп тастаған - ред.).
Белсенді әлеуметтік желіде эфирге шығып, билікті сынаған, Ресейдің Украинаға басқыншылығын және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұ3йымы (ҰҚШҰ) әскерінің 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға кіргенін айыптаған. Әлеуметтік желі қолданушылардың бірі Дәнебаевтың үстінен арыз түсірген. 2022 жылы желтоқсанда белсенді қамауға алынды.
Your browser doesn’t support HTML5
Биыл 15 маусымда Астана соты Тимур Дәнебаевты "Ұлтаралық араздық қоздырды" (174-баптың 1-бөлігі) деп айыптап, үш жылға бостандығынан айырған. 1 тамызда апелляция соты үкімді күшінде қалдырды. Белсендінің адвокаты Ләззат Теміржанова процесті жүргізу тәртібі бұзылғаны туралы келтірген уәждерін сот қабылдамай тастағанын айтқан еді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар биыл жазда Тимур Дәнебаевты саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Олар түрме қызметкерлерінің тұтқынды азаптағаны туралы видеоға қатысты мәлімдеме жасап, құзырлы органдарға шағым жолдағанын айтады.
Әдетте Астана елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады. Батыс сарапшылары мен демократиялық белсенділер Қазақстан билігін азаматтық қоғамға тұсау салып, әлеуметтік желіге бақылауды күшейтіп жатыр, сөз еркіндігін, азаматтардың бірлестікке бірігу, бейбіт жиын өткізу құқықтарын шектейді, үкіметке сын айтатындарды саяси көзқарасы үшін қудалайды деп сынайды.