"Авторитаризмді күшейтеді". Тоқаев өкілетін арттырған ТЖ заңының астарында не бар?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТЖ кезінде Нұр-Сұлтан қаласы шетіндегі коронавирусқа байланысты қойылған блокпосты аралап жүр. 19 наурыз 2020 жыл.

Қазақстанда төтенше жағдай туралы заңға өзгеріс енгізіліп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТЖ кезіндегі өкілеті күшейді. Саясаттанушылар мен заңгерлер “бұл заң президент құзіретін одан сайын күшейтті” дейді. Өзгерісті “демократия қағидаларына қауіп төндіруі мүмкін” дейтіндер бар.

ЗАҢДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

16 мамырда, коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай алынған соң бес күннен кейін, президент Тоқаев өз өкілетін күшейтетін Төтенше жағдай туралы заңды өзгертетін құжатқа қол қойды.

“Төтенше жағдайды қамтамасыз ету” заңының ескі мәтініндегі 21-бап бойынша, төтенше жағдай кезінде президент қабылдаған нормативтік құқықтық актілер тек төтенше жағдай кезінде ғана қолданылып келген. ТЖ аяқталған соң барлық акті күшін жоятын. Енді жаңа өзгеріске сай, ТЖ режимінде және ТЖ салдарынан туындаған экономикалық-әлеуметтік дағдарыс кезінде елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін президент салық, бюджет, кеден, банк, еңбек заңнамасы, монополияға қар­сы заңнама, халық денсау­лығы мен денсаулық сақтау жүйе­сі, мемлекеттік сатып алу, ва­люталық реттеу туралы, аза­маттарды әлеуметтік қорғау, мем­лекеттік мүлік салаларын­дағы, бәсекелестікті қорғау, мемле­кет­тік бақылау және қадағалау, елдің халықаралық міндеттемелерін іс­ке асыру мәселелері жөніндегі заңдардың қолданылу ерекшелігін актілер арқылы өзгерте алады.

Жоғарыда аталған жиырма шақты заңнаманың қолданылуы жайлы өзгеріс қашанға дейін жалғасатынын енді президенттің өзі шеше алады. Яғни, актілерде төтенше жағдайдан кейінгі мерзім көрсетілсе, құжат күшінде қалып қоя бермек.

Карантинге жабылған Алматы қаласына кіреберіске қойылған бақылау бекетінде тұрған күш құрылымының қарулы қызметкері. 19 наурыз 2020 жыл.

Мысалы, президент ТЖ кезінде бюджет заңнамасына акті арқылы өзгеріс енгізіп, бұл өзгерістің күші ТЖ аяқталған соң да сақтала береді деп көрсетсе, актімен енгізілген өзгеріс сақталып қала бермек.

Азаттық сөйлескен кейбір сарапшы төтенше жағдай кезінде президентке заңдардың қолданылуын өзгертуге мүмкіндік беретін бұл құжаттың қабылдануын “авторитарлық тенденция” деп бағалайды. Саясаттанушылар “бұл өзгеріс болашақта демократияға қайшы шешімдер қабылдануына әсер етеді” дейді. “Президент өкілеті туралы жазылған Конституциядан таймасақ, алаңдауға негіз жоқ” деп санайтындар да бар.

“НАРАЗЫ КӨҢІЛ-КҮЙМЕН КҮРЕСУГЕ ТАМАША МҮМКІНДІК”

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева президент билігін шектеуі тиіс саяси институттар әлсіз ел үшін мұндай заң қауіпті деп санайды.

- Зерттеушілер “кейбір мемлекет пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдайды өкілетін күшейтіп алу үшін пайдалануы мүмкін” деп болжаған. Бұл заң – олардың қаупі негізсіз емесінің дәлелі. Тоқаев қол қойған бұл құжат саяси жүйедегі авторитарлық тенденцияның күшеюін көрсетеді. Сондай-ақ бұл – жаңа президенттің саяси ережелерді өзіне бейімдеп, қайта құру мүмкіндігін пайдалануы. Президент өкілетін шектеп ұстап тұратын саяси институттар өте әлсіз елде мұндай заң биліктің үш тармағы арасындағы теңсіздікті арттыра бермек, – дейді Үмбетәлиева.

ТЖ кезінде Алматының кіреберісіндегі блокпостта тұрған полицей. 19 наурыз 2020 жыл.

Сарапшының сөзінше, бұл заң Конституция кепілдік беретін билік бөлінісі туралы қағидаға қайшы және заң шығару қызметі жайлы ережені өзгертеді.

- Бізде заң шығару құқығына парламент ие. Барлық заң мен құқықтық актілерге енгізілетін өзгерісті парламент қабылдауы керек, яғни бұл – заң шығарушы билікті елемеу. Төтенше жағдай кезінде де, одан кейін де қабылданған шешімдер халық талқысына түсуі тиіс. Мұндай шешімді бір президенттің өзі қабылдамауы керек, – дейді ол.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің болжамынша, бұл құжат президентке төтенше жағдай кезінде экономикалық, қаржылық және саяси мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

- Енді төтенше жағдай режимі кезінде мемлекетке тиесілі нәрселер жекешелендіру арқылы жеке адамға өтіп кетуі мүмкін. Төтенше жағдайдан соң ол қайта мемлекет меншігіне өтеді деген сөз емес. Бейбіт күнде бұлай ету заңсыз болар еді. Ал төтенше жағдай бұған мүмкіндік береді. Наразы көңіл-күймен күресу үшін де, өзара мәселелесін шешіп алу үшін де төтенше жағдай президентке тамаша мүмкіндік болып тұр, – дейді ол.

“ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІРУІ МҮМКІН”

Заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбектің пайымдауынша, президент билігі онсыз да шарықтау шегінде тұрған Қазақстанда бұл құжат президент өкілетін одан әрі кеңейтті. Заңгер президент өзгерген бұл заңды тек төтенше жағдайдың “салдарымен күресуге ғана пайдаланар” деп үміттенеді.

Мұндай нормалардың болуы болашақта ұлттық қауіпсіздікке, демократия қағидаларына қатер төндіруі мүмкін.


- Қазақстанда президент Конституцияның, азаматтар құқығы мен бостандығының кепілі саналады. Жаңа заң сол құқықтар мен Конституция нормаларының шеңберінен шығады деп ойлау аздап орынсыз. Біз осы жолғы төтенше жағдай кезінде президенттің өз өкілетін аяғына дейін қолданғанын көрген жоқпыз. Президенттің белгілі бір дәрежеде парламентпен кездесіп, басқа да құзіретті органдармен сөйлесе отырып, тиісті шешім қабылдағанын көрдік. Бірақ мұндай нормалардың болуы болашақта ұлттық қауіпсіздікке, демократия қағидаларына қатер төндіруі мүмкін. Бұл өкілеттіктерді қазіргі президент асыра пайдаланады деген ойдан аулақпын. Болашақта кім президент болары белгісіз ғой. Сол адам билікті асыра сілтеп пайдаланғысы келсе, оған негіз де жоқ емес. Мұны ескерсек, сөзсіз қауіп бар, - дейді ол.

Заң ғылымының докторы Акиф Сулейманов “конституциясы жиі өзгеретін елде президентке мұндай өкілет беру дұрыс емес” деп санайды.

- Конституцияға сай, президент қаулы не жарлық сияқты актінің екі түрін ғана шығара алады. Оның өзі де Конституция мен заңдарға сай болуы керек. Конституцияның 61-бабында заң қай кезде, қаулы қай кезде шығатыны жазылып тұр. Бұл – Тоқаев қалағанын істей алады деген сөз емес. Президент Конституция берген өкілет аясында ғана актілер шығарады. Қалай десек те, президент - атқарушы билік. Ол заңды іске асыру туралы қаулылар ғана шығаруы керек. Президент заң жазбауы керек. Бірақ Конституциядан таймасақ, Тоқаев қол қойған құжаттан қорқудың қажеті жоқ. Бірақ Қазақстанда 30 жылда Конституция жиі бұзылып келді. Қазіргі бейберекет те соның кесірінен болып жатыр. Конституцияда қайшылық көп. Бәрін басынан жазып шығу керек, - дейді сарапшы.

“ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА БІЛГЕН СИЯҚТЫ”

Ариф Сулейменов та, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Тоқаевтың бұл заңға қол қойғалы жатқанын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, әкесі президенттіктен кеткен былтырғы наурыздан биылғы мамырға дейін парламенттің жоғарғы палатасы сенаттың спикері болған Дариға Назарбаева білген болуы мүмкін деп топшылайды. 15 сәуірде Назарбаева сенат спикері болып тұрғанда Конституциялық кеңеске өтініш жасап, парламенттің қандай заңдар шығаруға құқығы бар екені жазылған Конституцияның 61-бабы 3-тармағын ресми түсіндіруді сұрады. 2 мамырда Тоқаев сенат спикері Назарбаеваның өкілетін тоқтатқан. Ал Конституциялық кеңестің Назарбаеваның сұрауына жауап берген-бермегені беймәлім. Кеңестің ресми сайтында Назарбаевадан өтініш түскені және оны қарайтын сарапшылар тағайындалғаны жайлы ақпарат бар.

- Назарбаева сенат төрағалығынан босауынан бір апта бұрын Конституция кеңесіне қайырылып, парламенті өкілет бойынша түсіндірме беруді сұрады. Ол президенттің парламент орнын басқалы жатқанын білген сияқты. Жалпы, бұл құжат парламент өзінің кейбір өкілетін президентке өткізіп бергенін көрсетеді. Кейінгі жылдары биліктегі маңызы жағынан парламент екінші емес, бесінші орынға кетті. Депутаттар үкімет пен президент берген заңды қабылдайтын болды. Халық та парламентті заң шығарушы орган деп мойындамайды. Ешкімге керек емесіне парламенттің өзі де үйреніп кеткен сияқты, - дейді заңгер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дариға Назарбаеваның орнынан кетуінің астары неде?

Қазақстанда коронавирус тарауына байланысты 16 наурыздан 11 мамырға дейін елде төтенше жағдай режимі енгізілген. Бұл – Тоқаев президент болып сайланғалы елдегі алғашқы ТЖ режимі. Былтыр наурызда елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнын ұзақ жылдар бойы серіктесі болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған. Бірақ Назарбаев президенттіктен кетсе де, парламенттегі басым мандатқа ие “Нұр Отан” партиясының әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр.