«Жаңа бағыт айқындалмады». Сарапшылар жолдау жайлы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдау жолдаған сәт. Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 2-сі күні Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы жолдауын жолдады. Сарапшылардың пайымдауынша, Тоқаев президент ретіндегі алғашқы жолдауында саяси реформалар туралы бағытын анық білдірмеді.

Тоқаев бес тараудан тұратын жолдауының бас жағында саяси реформалар туралы айтты. «Елдің қоғамдық саяси өмірін жаңартпай, экономикалық реформаларды табысты жүргізу мүмкін емес» деген ол «елде көп партиялы жүйені және партиялар арасындағы бәсекелестік пен плюрализмді дамыту керегін» сөз етті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бейбіт жиын, даулы жарна, тіл, жер және "латифундистер"

Тоқаев жолдауында «өзі сайлау бағдарламасында уәде еткен саяси трансформация мемлекет пен халықтың мүддесіне сай біртіндеп жүзеге асатынын», «жүйесіз саяси либерализация тұрақсыздыққа әкелетінін» айтты.

Ол «Мықты президент – беделді парламент – ісіне есеп беретін үкімет – мемлекеттің тұрақтылық формуласы» деді. Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстан билігінің басты мақсаты – азаматтардың талабына дер кезінде құлақ түретін мемлекетке айналу.

Азаттық тілшісі тілдескен кейбір сарапшылар Тоқаев жолдауында «елде саяси өзгеріс әкелетін нақты ұсыныстар айтпады» деп санайды. Енді бір сарапшы «Тоқаевқа мүмкіндік беру керек» деп есептейді.

«САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕРІ ЖЕТПЕДІ»

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, Қазақстан президентінің жолдауындағы тарауларды «тапсырмалар мен бағыттар» деп бөліп қарастыру керек.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат.

– Президенттің жолдауының мақсаты – оның негізгі бағыттарын көрсетуі керек. «Алдағы уақытта қай бағытта жүреді?», «Қандай принципті ұстанады?» деген сұрақтарға жауап болуы керек еді. Ал ондай бағыттар аз болды. [Әлеуметтік салаға] қосымша қаржы бөлгізу, [шағын бизнесті] салықтан босату сияқты айтқандары бағыт емес, жай ғана үкіметке берген тапсырма сияқты. Мұндай тапсырманы жолдаусыз-ақ кабинетінде отырып та беруге болады. Мәселен, бейбіт жиын өкізуге рұқсат беру жайлы мәлімдеді. Ол онсыз да Конституцияда тұр. Саяси реформаның керектігі жайлы айтқанымен, қалай жүзеге асыратынын нақтыламады. Тоқаев жолдауының кіріспесінде Назарбаев саясатының сабақтастығын сақтайтынын айтқан кезде-ақ жаңа бағыт болмайтыны түсінікті болды, – дейді ол.

2000 жылдары оппозицияда жүрген белсенді, қазір «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаевтың пайымдауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясында көрсетілген мемлекет басшысының өкілетін толық пайдалана алмады.

– Тоқаев саяси реформалар керек деп айтса да, әрі қарай нақты ұсынысқа батылы жетпейтіні байқалады. Дегенмен бәрібір өзгеріс күтеміз. Халық саяси өзгеріс күтіп отыр, саяси мәселелерді қордаланғаны соншалық, оны эволюциялық жолмен шешуге тез арада кіріспесе, қиындай береді, – дейді ол.

«Жолдаумен толық танысып шықтым» деген Тоқашбаев Тоқаевтың жер мәселесін шешу, шағын бизнесті дамыту, ұлттық қорды тиімді пайдалану туралы айтқандары көңілге қонымды деп санайды.

– Бірақ ол Қазақстанның екінші президенті ретінде бұрынғы президенттің жұмысын сараптап, баға беруі тиіс еді. Одан кейін «алдымен экономика, сосын саясат» деген шаблонды бұзуы керек еді. Оған батылы жетпеді, – дейді ол.

Жұрт жолдау жайлы не дейді?

Your browser doesn’t support HTML5

"Бұл - орындалмайтын жолдау"

Маңғыстау облысында тұратын қоғам белсендісі, маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауында бақылаушы болған Уайыс Ерсайынұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауынан «үлкен саяси бастамалар күткен».

– Сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңдарға өзгеріс енгізу, парламент депутаттарын тек партия жүйесімен емес, мажоритарлық принциппен де сайлауды енгізу туралы бастама көтереді деп күттік. Саяси тұтқындарды босату туралы, жемқорлықпен түбегейлі күресу туралы бастама айтады деп ойладық. Бұл мәселелер Қазақстанның да, Тоқаевтың да беделін көтеретін еді. Бірақ оған Тоқаевтың саяси ерік-жігері жетпей қалды, – дейді ол.

Ерсайынұлы «Тоқаев өзіне берілген кішкентай мүмкіндікті ғана пайдаланып отыр» деп санайды. «Жердің сатылмайтыны, қарапайым адамдардың зейнетақы қорындағы қаржысын өздері пайдалануына мүмкіндік бергісі келетіні – жақсы қадам» дейді.

Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтбаев Facebook парақшасында «Екінші президенттің бірінші жолдауы саяси блоктан басталды. Бірінші президенттің жолдауынан басты айырмашылығы – осы. Бұрынғы президент соңғы жылдардағы жолдауларында саяси модернизацияға басымдық бермеген. Бірақ [Тоқаев] жолдауын жақсы бастағанымен нақты ұсыныс айтпады. Жолдауындағы «елдің қоғамдық саяси өмірін жаңартпай, экономикалық реформаларды табысты жүргізу мүмкін емес» деген сөзі дұрыс болды, бірақ нақты ұсыныс айтылмады. Жолдаудағы саяси блок көліктің ішіне сеуіп қойған иіс су сияқты, иіс ұнамды болғанымен машинаның жүрісіне еш әсері жоқ» деп жазды.

Қазақстан президентінің халыққа жолдау арнау дәстүрі 1997 жылы басталған еді. Сол жылы қазан айында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев «2030 жылға дейiнгi Қазақстанның даму стратегиясы» бағдарламалық жолдау арнаған. Содан бері Қазақстанда президент жыл сайын халыққа жолдау жолдайды. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент ретінде соңғы жолдауын 2018 жылы қазанда жариялаған.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлауға кандидат ретінде ұсынған "Нұр Отан" партиясының жиынында. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Кейін 2019 жылы наурызда ол кенеттен президент өкілетін тоқтатып, орнына сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев маусымның 9-ы күні болған кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткен. Сайлау күні елде билікке қарсы наразылық шарасы өтіп, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау нәтижесіне қарсылық білдіріп, сотқа шағымданғанымен, сот олардың арызын қанағаттандырмаған.

Сайлаудан бері елде билікке түрлі талап айтқан наразылық шаралары көбейді. Тоқаевтың бұл жолдауы елде «саяси тұтқындарды» босатуды, Конституцияны, билік жүйесін өзгертуді, көп балалы аналарға көмектесуді, баспана мәселесін шешуді талап еткен акциялар мен пикеттер көбейген тұста жарияланды.