Навальный қорының зерттеушісі Георгий Албуров Қазақстан президентінің отбасы туралы деректердің ресми базадан не мақсатпен өшірілгенін түсінбейді. Албуров – Ресейдегі жылжымайтын мүлік реестрінен кей деректер, оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің активтері туралы ақпараттар өшірілгені жөнінде зерттеу жүргізген авторлардың бірі.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жемқорлықпен күрес командасы 2 желтоқсанда “Путин кімді жасырды? Мемлекеттік құпияларды ашамыз” деп аталатын жаңа зерттеу жариялады. Зерттеуде Ресейдегі мемлекеттік реестр (Росреестр) мазмұны жөнінде айтылған.
Зерттеу авторларының айтуынша, дәл осы жылжымайтын мүлік туралы мемлекеттік реестрден 2019 жылдың сәуірінен бастап жүздеген азаматтың аты-жөні мен мүліктері, оның ішінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің Мәскеудегі “қымбат пәтерлері” туралы деректер жоғалып кеткен.
Азаттық зерттеу туралы толығырақ білу үшін Навальный командасы зерттеулер бөлімінің қызметкері Георгий Албуровпен сөйлесіп көрді.
"ЖҮЗДЕГЕН МИЛЛИОН РУБЛЬ"
Азаттық: Жаңа зерттеуде Қазақстан президентінің де құпиясын ашқан сияқтысыздар?
Георгий Албуров: Иә, бұл рас. Бірақ мұндай дерек табамыз деп ойлаған жоқпыз. Зерттеуді Росреестрден жоғалып кеткен деректерді іздеуден бастадық. Бұл тізімде федералды қауіпсіздік қызметі өкілдері, шенеуніктер мен [Алексей] Навальныйды улау операциясына қатысқан азаматтардың (2020 жылы оппозиционер жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" уынан әзер аман қалып, бұл оқиғаға Ресейдің арнаулы қызметін кінәлаған. – Ред.) аты-жөні бар. Күтпеген жерден Қазақстан президентінің отбасы да осы тізімнен табылды.
Азаттық: Жалпы мемлекеттік реестрден қанша дерек өшірілген деп ойлайсыздар?
Георгий Албуров: Жүздеген нысан мен мүлік иесі туралы дерек өшірілген. Ресейде мемлекеттік реестрді "тазалап", журналистік зерттеу жүргізуге ілік болатын мүмкіндік қалдырмайды. Мұндай [базаның] Қазақстанда қалай аталатынын білмеймін. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, бұл – мүлік иелері, нысанның аумағы, жалға берілуі, қайда орналасқаны туралы деректерді қамтитын база. Жер телімдері туралы кітап деуге болады.
Азаттық: Президент Тоқаевтың туыстарына тиесілі "қымбат мүлік" туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Бұл мүлік қашан сатып алынған? Қанша тұрады?
Георгий Албуров: [Президенттің ұлы] Тимур Тоқаевтың пәтері бар, аумағы – 200 шаршы метр, Хамовникиде орналасқан. Бұл – Мәскеудегі ең қымбат аудандардың бірі. 2010 жылы сатып алынған. Әдетте мұндай үйлердің бағасы жүздеген миллион рубльге жетеді.
Екінші пәтер – президенттің бұрынғы әйелі Надежда Давыдовна Тоқаеваға тиесілі. 2003 жылы сатып алынған, 170 шаршы метр, Мәскеудің қақ ортасындағы Последний көшесінде орналасқан. Бұл пәтер де қазір жүздеген миллион рубль тұрады.
Шынымды айтсам, Қазақстанның саясатын жақсы білмеймін. Мысалы, Ресейде шенеуніктің декларациясын қарап, қанша ақша табатынын, қандай мүлкі, табыс көзі, көлігі барын көруге болады. Шенеуніктің жүздеген миллион рубль тұратын мүлкі бары анықталса, бұл әдетте [салық] декларациясына сай болмай шығады. Яғни, қымбат мүлікті зерттегенде, көбіне бұл байлықтың жемқорлық оқиғасына қатысы болуы мүмкін деп топшылаймыз.
Бұрын Рублевкадағы қымбат үйлердің иелері туралы көп зерттеу жүргіздім. Ресейдегі ең қымбат мүліктер осы ауданда шоғырланған. Олардың көбі – 70-тегі көпке белгісіз, қарт әйелдерге тиесілі. Бұрыннан келе жатқан дәстүр бойынша, бәрі осылай жасайды деп ойлаймын.
Видео: Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің Мәскеудегі пәтерлері не үшін "жасырылған"? (3 желтоқсан 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: Мемлекеттік реестрдегі деректер қашан жоғалған?
Георгий Албуров: Қолымызда бұл нысандарға берілген анықтамалар бар. Онда 2019 жылдың бірінші жартысы деп көрсетілген. Қазір 2021 жылдың соңы. Деректер осы аралықта жоғалып кеткен. Кейінгі екі жарым жылда мемлекеттік реестрден бұл деректен бөлек, федералды қауіпсіздік қызметінің өкілдері мен шенеуніктер туралы көп ақпарат жоғалған.
Азаттық: Бірінші жартысы деген 2019 жылдың алғашқы үш айы ма, әлде алты айы ма?
Георгий Албуров: 2019 жылдың сәуір айы. Бұл деректер бір ай бұрын өшірілген болуы да мүмкін. Бізде деректер болған және олар жоғалып кеткен екі "нүкте" бар. Бәрі осы екі аралықта болған.
"АҚША ЖЫМҚЫРЫП, МАЙАМИГЕ КЕТЕДІ, ЖОЛАЙ МӘСКЕУДЕН МҮЛІК САТЫП АЛАДЫ"
Азаттық: Тоқаевтың отбасы туралы деректер неге жасырылды деп ойлайсыз?
Георгий Албуров: Бұл жақсы сұрақ, өйткені қалғандарына қатысты жағдайды ресми түрде ақтап алуға болады: айталық, федералды қауіпсіздік қызметкерлерін Американың арнайы қызмет өз жағына тартып алуы немесе көзін жоюы мүмкін деген қауіппен жасырған шығар. Ал Қазақстан президентінің отбасы туралы деректердің неге өшірілгені түсініксіз. Мүмкін бұл [Ресей президенті Владимир] Путиннің достық көмегі болар.
Ол әрине, Қазақстан президентінің мүлкі барын біледі. Қос президент кездесіп, өзара әңгімелескен кезде (Тоқаев) "Мүлкіміз бар еді, сатқымыз келмейді, бірақ бұл туралы біреу біліп, жазғанын қаламаймыз" деген шығар. Ал Путин "Шешеміз. Мемлекеттік реестр өз қолымызда. Бәрін түзетеміз, Ресейде бір шаршы сантиметр де жері жоқ адам болып шыға келесіңдер" деп қолдаған болар.
Азаттық: Росреестрден басқа қазақстандық шенеуніктердің мүлкі табылмады ма? Мысалы, бұрынғы президент Назарбаев пен оның отбасы, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов туралы деректер жоқ па?
Георгий Албуров: Назарбаевқа қатысты дерек табылғаны есімде. Бірақ тағы да қайталаймын, Қазақстанның саясатын жақсы білмеймін. Назарбаев пен Тоқаевтан басқа саясаткерлердің аты-жөнін көрсем, танымай өтіп кетуім мүмкін. Сондықтан ондай мүліктер көп екеніне күмәнім жоқ. Тек бұл тақырыпты тереңірек зерттеу керек, сонда көп қызық дүниелер ашылады.
Азаттық: Деректер базасынан Орталық Азия немесе ТМД елдерінің басқа президенттеріне тиесілі нысандар туралы ақпарат көрген жоқсыз ба?
Георгий Албуров: Украинадағы Майданнан кейін (2013-2014 жылдары Украинада болған революция – Ред.) Ресейге қашқан бұрынғы басшыларын Мәскеуден тауып алдым. Әрине, постсоветтік мемлекеттердегі басқа президенттер де бар. Өйткені Мәскеу – бәрін тартатын орталық. Олар бұл жаққа ақша шашу үшін келеді. Ресейлік шенеуніктер әдетте ақша жымқырып, Майамиге жол тартады. Постсоветтік кеңістіктегі басқа шенеуніктер де Майамиге кетеді, бірақ жолай Мәскеуден мүлік сатып алады. Сондықтан, әрине, мұндай деректер көп. Бірақ бұл тақырыпта жеке зерттеу жүргізген жоқпыз.
Қазақстан билігі аталған зерттеуге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Президент әкімшілігінің өкілі Азаттықтың сұрағына "видеоны әлі көрген жоқпын" деп жауап берді. Ол телефон арқылы берген жауабында "Әзірге іс-шараларға дайындалып жатырмыз. Әуелі видеоны көріп алайық", – деп қысқа қайырды.