Тоқаевтың "ұсақ-түйек" тірлігі мен биліктің сайлау алдындағы "жанталасы"

Наразылық митингісінде Қазақстан туын ұстап тұрған адам. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Азаттық сіз оқитын жалғыз басылым емес екенін және жарияланған журналистік жұмыстардың бәрін қамту мүмкін бола бермейтінін білеміз. Тілшілеріміз осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Тоқаев және тренд. Президенттің аудан әкімі шешетін мәселеге араласуы нені білдіреді?

Азаттық Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғаммен коммуникациясы, әлеуметтік желілердегі жазбалары мен баспасөз қызметінің кәсіби деңгейі туралы жазды. Кей сарапшылар президенттің "ұсақ-түйек" шаруаға араласып отыруы оған абырой әпермейді деп санайды. Мақаланы оқығыңыз келсе, сілтемені басыңыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев билігі. Карикатура авторы - Ғалым Смағұл.

"Паранойя". Сайлауды бақылаудың жаңа тәртібін неге енгізді?

Орталық сайлау комиссиясының алдағы айда болатын парламент және жергілікті мәслихаттар сайлауын бақылау тәртібіне өзгеріс енгізген даулы шешімін белсенділер мен құқық қорғаушылар "сайлауды тәуелсіз бақылау құқығын шектейді" деп сынға алды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Хайп". ОСК даулы құжатты сынағандарға шүйлікті

Азаттық сұхбаттасқан тәуелсіз бақылаушылар оқытумен айналысатын "Baqylau" жобасының жаттықтырушысы Ғалымжан Оразымбет билік "паранойяға" беріліп отыр деп санайды. Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден оқи аласыз.

Алматыдағы наразылық митингісінде "Сайлауды бақылаушы болып жазылдың ба?" деген жазу ұстап тұрған адамдар. 31 қазан 2020 жыл.

"Шектеу мен қудалау тыйылмады". Сарапшылар Қазақстандағы адам құқығының ахуалы жайлы

10 желтоқсан – халықаралық адам құқығы күні. 72 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында адамның қорғалуы тиіс негізгі құқықтары мен бостандықтары жария етілген. Декларацияны 1992 жылы бекіткен Қазақстанда осы құжаттың нормалары орындалып отыр ма? Азаттық сарапшылардан сұрап көрді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Кейінгі жылы айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Біздегі жағдай үнемі әртүрлі болады, ал адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарға келгенде, жарқын жағынан күңгірт тұсы көп. Яғни жақсысынан жаманы басым. Әйткенмен, жағымды жаңалық ретінде мүгедектердің құқығын қамтамасыз етуді көздейтін қадамдар жасалғанын атап өткен жөн. Әлеуметтік көмек көрсету, пандустар орнатуды қолға алып, Орталық сайлау комиссиясы жанары көрмейтін азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін сайлау бюллетеньдерін Брайль тіліне аударып жатыр. Сол сияқты "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасын да оң қадамға жатқызуға болады, – дейді адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис. Мақаланың толық нұсқасын оқу үшін сілтемені басыңыз.

Полиция көшеге наразылық акциясына шыққан адамдарды әкетіп жатыр. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

"Көгерген баспана". Тасқыннан зардап шеккендер жаңа үйдің сапасына наразы

Биылғы мамырдың басында Өзбекстанда Сардоба су қоймасының жарылуы алапат тасқынға ұласқан. Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық, Фердауси және Өргебас ауылдарын тұтқиылдан келген тасқын су басып, он мыңнан астам адам үй-жайын тастап, қашуға мәжбүр болған. Жақында Азаттық тілшісі тасқыннан зардап шеккен аймақтағы тұрғындардың қазіргі жағдайын көріп, өздерімен сөйлесті. Тұрғындар мемлекеттің көмегімен салынған жаңа үйлердің сапасына сын айтады. Олар кәсібінен айырылып, табыссыз қалғанына да қапалы. Тілшіміздің мақаласын мына жерден оқи аласыз.​

Жеңіс ауылының тұрғыны Берікбай Жұбаев Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында болған апат салдарынан тасқын қиратып кеткен үйінің жұртында тұр. Мақтаарал ауданы, Түркістан облысы, 5 желтоқсан 2020 жыл.

"Негізгі күдікті абақтыда өлді, іс сотқа жетті". Сәтбаевтағы бүлік жайлы не білеміз?

Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласында биыл жазда бас жасар қыз баланы ұрлап әкетіп, зорлау оқиғасы тұрғындар арасындағы дүрбелеңге себеп болып, оның соңы полиция бөлімшесіне шабуылға ұласқан еді. Ашулы жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, бүлік шығарған. Бала ұрлау және зорлау фактісі бойынша қозғалған іс сотқа жеткен. Айып тағылған екі адам қазір қамауда отыр. Ал негізгі айыпталушы сотқа жетпей абақтыда қайтыс болған. Бұдан бөлек, "жаппай тәртіпсіздік" ісі бойынша ондаған адам күдікке ілінген. Азаттық тілшісі Сәтбаевтағы оқиғадан кейін төрт ай өткенде жағдай қандай екенін анықтап көрді. Мақаланы оқу үшін мына сілтемені басыңыз.

Бес жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлаған деген күдікке ілінген адам ұсталғаннан кейін басталған бүлік барысында полиция мекемесі жанындағы өртенген көлік. Сәтбаев қаласы, 23-24 шілде 2020 жыл. Әуесқой видеосынан скриншот.

"Жалақыны жырымдап береді". Мұғалімнің еңбекақыны үш бөліп алуына кім кінәлі?

Ақмола мен Алматы аймақтарында кей мектептерде мұғалімдердің жалақысын кешіктіріп, бөліп төлейтіні жайлы арыз-щағым жиі айтылып жүр. Білім саласының шенеуніктері бұған мұғалім жалақысының үш жерден – аудандық, облыстық және республикалық бюджеттен құралуы себеп деп түсіндіреді. Министрлік бұл еңбекақының уақытында төленуіне еш әсер етпеуі керек десе, мектептер "бюджеттен ақша түспегенін" айтады. Ұстаздар көптен бері осының зардабын тартып жүргеніне шағынады. Азаттық мұғалімдермен, білім саласы басшыларымен сөйлесіп көрді. Мақаланың толық нұсқасын мына жерден табасыз.

Мұғалім мен шәкірттер сабақ кезінде. Көрнекі сурет.

"Күресінде өткен 14 жыл". Қоқыстан нәпақа табатын жандар

Алматының іргесіндегі үйден шыққан қоқыс-қалдықты төгетін полигон – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың күнделікті нәпақасын айыратын жұмыс орны. Бұл жерде Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген еңбек мигранттары да жүр. Азаттық тілшісі ондағы адамдардың бір күндік тірлігін бақылап көрді. Тілші репортажын оқу үшін осы сілтемені басыңыз.

Қоқыс полигонынан жиған-тергенін өткізіп нәпақа табатын кейбір адамдар бұл жерде жүргеніне 14 жыл болғанын айтады. Алматы облысы, 4 желтоқсан 2020 жыл.