Азаттық сіз оқитын жалғыз басылым емес екенін және жарияланған журналистік жұмыстардың бәрін қамту мүмкін бола бермейтінін білеміз. Тілшілеріміз осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.
Бойкотқа үндеу, митинг, күштеп әкету. Алматыдағы сайлау күнгі көріністер
«Сағат 9-да Ұлттық кітапханадағы сайлау учаскесіне барғанымда, дауыс беруге шынымен аз адам келгенін байқадым. Сайлау учаскесіне кіреберісте қорғаныш костюмін киген әйел дене қызуымды өлшеді. Кітапхана фойесінің оң жақ бетіне сайлаушыларды тіркеуге арналған үстелдер қойылған, сол жақ бетінде бақылаушылар отыр. Айналада мұқият бақылауды қажет ететін ештеңе болмағандықтан, бақылаушылардың бірі телефонына үңіліп, екіншісі жан-жағына қарап отыр. Бұлардың бәрі партиялардың атынан сайлауды бақылауға келгенін, арасында тәуелсіз бақылаушы жоғын кейін ғана білдім» дейді 10 қаңтардағы сайлаудың куәгері Петр Троценко.
Азаттық журналисінің фоторепортажын мына жерден таба аласыз.
"Қысым күшейген сайын рухтана түстік". Полиция қоршауында қалған белсенділердің әңгімесі
10 қаңтар – сайлау күні Алматыда Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топтың ондаған белсендісі және "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының өкілдері наразылық акциясына шығып, арнайы жасақ өкілдерінің қоршауына түсті. Белсенділер "Сайлауға бойкот!", "Назарбаев, кет!" деп ұрандатты. Түскі 13:00-ден кейін полиция Назарбаев және Сәтпаев көшелерінің қиылысы маңында алаңға беттеген адамдарды ұстай бастады. Бұл – қоршауға түскен белсенділерді қолдауға келген азаматтар еді. Белсенділер суық күнде алты-тоғыз сағаттай полиция қоршауында тұрды. Оппозициялық қозғалыс белсенділері Азаттыққа аязды күні ас-сусыз және әжетханаға бару мүмкіндігінсіз наразылық акциясын қалай өткізгендерін әңгімелеп берді.
Полиция қоршауында болған шерушілердің Айзат Әбілсейіт жағдайды былай сипаттайды:
«Сәтбаев [көшесіндегі] аялдама жақтан 20-30 шақты адам шығып, "п***ры, ЛГБТ" деп айқайлап, төбелес шығару мақсатымен бізге қарай ұмтылды. Біз мұны арандату деп түсіндік.
Қоршауда өте көп уақыт тұрдық. Дархан мен Әсем қатты тоңып қалды. Жедел жәрдем шақырдық, оларды үсік шалған деп ауруханаға алып кетті. Өзімді нашар сезіне бастадым, салқын тиіп, басым ауырды. Жылыну үшін шеңберді айналып жүргенімізде, есімнен танып қалатын шығармын деп ойладым. Әлім құрып, жерге отыра кеттім. Ішімнен "Қайда жата кетсем екен?" деп ойлаумен болдым».
Мақаланы толық нұсқасы мына жерде.
ЕҚЫҰ бақылау миссиясы: Қазақстандағы сайлауда шынайы бәсеке болмады
Қазақстандағы парламент мәжілісі және мәслихат сайлауын қадағалаған ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады. Халықаралық ұйым "Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды" деп мәлімдеді. Ал Қазақстан орталық сайлау комиссиясының алдын ала нәтижесі бойынша, парламентке осыған дейін мәжілісте отырған биліктегі "Нұр Отан", билікшіл "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы өткен. Мақаланы мына жерде оқи аласыз.
Сандж: "Нұр Отан" 56% дауыс алған. "Адал" мен "Ауыл" мәжіліске өтуі тиіс еді
Сандж зерттеу орталығы сайлаудан кейін сауалнама жүргізіп, есеп жариялады. "Сайлауға бардыңыз ба, кімге дауыс бердіңіз?" деген сұрақ аясындағы зерттеу нәтижесі бойынша, "Нұр Отанды" қолдау 71 пайыз емес 56 пайыз болған. "Ақ жол", "Адал", "Ауыл" партиялары 10 пайыздан жоғары дауыс алған. Ал ҚХП (бұрынғы коммунистер) жеті пайыздық межеге жетпей қалған.
Your browser doesn’t support HTML5
"Тоқаев – Назарбаевтың қолындағы құрал". Әкежан Қажыгелдин сайлау мен наразылықтар туралы
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, 20 жылдан астам уақыт шетелде тұрып жатқан Әкежан Қажыгелдин Қазақстанда өткен парламент және мәслихат сайлауына түскендер арасында жұрт таңдау жасайтын "балама саяси күш мүлде болмады" дейді. Оның пікірінше, бұл сайлау елдегі авторитарлы жүйенің тізгіні әлі күнге бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында екенін, ал қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев "жай құрал" екенін тағы бір рет дәлелдеген. Бұл туралы ол "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Әкежан Қажыгелдин:
«Қазіргі оқиғалар (10 қаңтардағы - ред.) күтпеген жайт емес. Тек жалғыз жаңалығы сол, енді бұл үшін жауапкершілік Назарбаевпен бірге Тоқаевқа да жүктеледі. Бұл енді соның саяси өмірбаянына байланады. Бұл оның 19 ай бұрын айтқан сөзінде тұрмағанын толық дәлелдеп берді. Ол уәдесін енді орындай алмайтынға ұқсайды, өйткені 19 ай бойы одан өкілетін тартып алып отырды. Сайлаудан дәл екі күн бұрын кезекті рет өкілетін тартып алды».
Сұхбатты оқу үшін сілтемені басыңыз.
"Норвегиядағы сайлаудан көп айырмасы жоқ". Билікшіл БАҚ сайлауда пропаганданы қалай қолданды?
Қазақстандағы мемлекеттік және өзін тәуелсіз деп атайтын кей ақпарат құралдарының сайлауды қадағалаған шетелдік бақылаушылар туралы материалдарының дені мақтау мен мадақтауға, біржақты пікірге толы болды. Маңызды деген сыни пікірлер мүлде берілмеді, берілсе де мазмұны өзгертілді не қысқа қайырылды. Мақалаға өтіңіз.
"Диктатура мен демократия арасы". Сайрагүл Сауытбайдың Швециядағы өмірі
2018 жылы Қытайдағы саяси қуғын-сүргіннен қашып, Қазақстанға шекара бұзып өткен Сайрагүл Сауытбайдың Швецияда тұрып жатқанына бір жарым жыл болды. Қазақстаннан ала алмаған саяси баспананы оған Швеция үкіметі ұсынған. Қазір өзі де, күйеуі мен екі баласы да - сол елдің азаматы. Сайрагүл Еуропа елдерін аралап, парламент отырыстары мен түрлі конференцияларда Шыңжаңның саяси лагерінде көргенін баяндап жүр. Кітап та жазып үлгерді. Ол Қытайдың коммунистік жүйесі мен батыстың демократиялы саясатын, екі елдің тұрмысы мен мәдениетін салыстырады.
Your browser doesn’t support HTML5