Қытай кредитінің құпиясы, Байбек пен Мамай текетіресі, Жаңаөзендегі ереуіл және жер митингі

Орталық жаққа қарай шерулетіп жүрмек болған белсенділерді бөгеп тұрған арнайы жасақ. Алматы, 24 сәуір 2021 жыл.

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Қарыз кіріптарлығы. Қытайдың несие беру шартының құпиясы

Пекин – әлемдегі ең ірі ресми қарыз беруші, бірақ соған қарамастан, шетелдіктерді несиелендіру туралы негізгі деректер әлі белгісіз.

Сәуірде Черногория үкіметі автожол салу жобасына Қытайдан қарызға алған 1 млрд долларды төлеу үшін Еуроодақтан көмек сұрағанда күдік ұлғая түсті.

Сонымен қатар Қырғызстан да Қытайдан алған 1,8 млрд доллар қарызын – сыртқы қарызының 40 пайызын қалай қайтарарын білмей отыр. Пандемия салдарынан туындаған қаржы қиындығына байланысты үкімет несиені төлей алмай жатыр, ал қарызды өтеу мерзімі жақындап қалды.

Толығырақ...

Қытай президенті Си Цзиньпин "Бір белдеу – бір жол" форумына жиналған жетекшілерге арналған банкетте сөйлеп тұр. Пекин, 26 сәуір 2019 жыл.

Бұл "саяси сигнал" ма? Қытай Қазақстанның жүк вагондарын өткізбей, кәсіпкерлер шығынға батып жатыр

Қытай қарашадан бері Қазақстаннан барған дәнді дақыл, түсті металл, тыңайтқыш, құрылыс материалдары мен басқа да тауар тиелген мыңдаған жабық жүк вагонын қабылдамай қойды. Тауарын өткізе алмаған экспортерлер жүздеген миллион доллар шығынға батып, қайсыбірі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Қытайдың жүкті өткізбеуінің ресми себебі – шекара аумағында карантин ережесінің күшеюі. Қытайдың жүкті қабылдамауының қандай да бір саяси астары бар ма?

Толығырақ...

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы құрлық порты.

"Қызыл сызықтан өткендерге қатаң жауап болады". Путин жолдауда не айтты?

Ресей президенті Владимир Путин 21 сәуірде халыққа жолдау арнап, Мәскеумен байланыста "қызыл сызықтан" өткендерге, "қатаң жауап болатынын" айтты.

Путин бұл жолдауын Мәскеу мен Батыстың арасы суыған сәтте, Украинаның шығысында қақтығыс қаупі төнген тұста жасады. АҚШ пен Еуропа одағы Ресейді Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдады, Украинамен шекара маңына 100 мыңнан аса солдат қойды деп айыптайды. Батыс Мәскеуге Навальныйды қамағаны және Украинаның шығысындағы әрекеттері үшін бірнеше рет санкция салған.

"Біз халықаралық қауымдастықтың барлық өкілдерімен, кейінгі кезде байланысымыз нашарлап кеткен тараптармен жақсы қатынаста болғымыз келеді. Бірақ біздің адал ниетімізге бейқамдық я әлсіздік деп қараса, көпірді өртеп я жарып жібергісі келсе, Ресейдің жауабы жылдам әрі қатаң болады" деді Путин.

Толығырақ...

Ресей президенті Владимир Путин жолдау жолдап тұр. Мәскеу, 21 сәуір 2021 жыл.

Байбек Мамайды сотқа бермек. Мамай оны дебатқа шақырды

Биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайды сотқа бермек. Байбек өзі жайлы Мамай шығарған фильм жалған ақпаратқа толы дейді. Ал Жанболат Мамай Байбек барлық мәселеге жауап берген жоқ деп дебатқа шақырды, сотқа да дайын екенін айтты.

Your browser doesn’t support HTML5

Байбек Мамайды сотқа бермек. Мамай оны дебатқа шақырды

Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілдеп жатыр

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында соңғы бірнеше күннен бері "Мұнайфилдсервис" және "Бұрғылау" деп аталатын екі компанияның мердігер мекемелерінде жұмыс істейтін мұнайшылар ереуілге шығып жатыр. Олар штатқа алуды және жалақы өсіруді талап етеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілдеп жатыр

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарды немен және қалай емдейді?

Пандемия басталғалы бері Қазақстанда Covid-19 вирусын анықтау және емдеу хаттамасы он шақты рет өзгерді. 2020 жылы ақпанда дайындалған бірінші хаттамаға коронавирус анықталған елдердің тәжірибесіне негізделген емдеу әдістері кірді. Шілдеге қарай хаттамаға 11-рет өзгеріс енгізілді. Денсаулық сақтау саласындағы билік өкілдері мұны "хаттама әлемдегі әріптестерімізбен пікір алмасып, тәжірибе жинаған сайын өзгеріп жатыр" деп түсіндірді. Мысалы, шілде айындағы хаттамаға вирусқа қарсы ем, "Ремдесивир", "Фавипиравир" тәжірибелік препараттарын қосып, індеттің бірінші толқыны кезінде емге қолданылған ВИЧ-пен ауыратын науқастарға арналған лопинавир/ритонавир және безгекке қарсы гидроксихлорохин дәрілерін алып тастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "клиникалық зерттеу нәтижесінде бұл препараттардың тиімділігі дәлелденген жоқ" деп мәлімдеді.

Толығырақ...

Медицина қызметкері ауруханаға келген адамның қызуын тексеріп тұр. Алматы, 26 наурыз 2020 жыл.

3 жылдан 10 жарым жылға дейін. Жанболат Ағаділдің өліміне күдіктілерге үкім шықты

Қоғамда резонанс тудырған істің үкіміне сәйкес, Жанболат Ағаділге пышақ салды деп айыпталған Өміржан Рахметов 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабымен айыпты деп тапты.

Ал Азамат Жұмахан, Мадияр Сыдық және Самат Асболат "Бұзақылық" бабымен айыпты деп танылып, үш жылға түрме жазасына кесілді.

Күдікті ретінде ұсталған Сержан Әбілдаев пен Серік Назарбеков Кылмыстық кодекстің "Қылмысты жасыру", "Құқық бұзушылықты жасырып қалу" баптары бойынша кінәсіз деп танылды. Олардың әрекетінде "қылмыс құрамы болмағандықтан" сот залынан босатылды.

Толығырақ...

Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты айыпталғандар сотта тұр. 19 ақпан 2021 жыл.

"Даулы заң қабылданса, алаңда шатыр тігіп, аштық жариялаймыз". Жер митингісі қалай өтті?

Қазақстанда 24 сәуірге белгіленген жер митингісінің ең ірісі Алматыда өтті. Жиналғандар кез келген мақсаттағы жерді шетелдіктерге бермеуді және жерді мемлекет меншігінде қалдыруды талап етті. Демпартия өкілдері "жер туралы даулы заң қабылданса, алаңда шатыр тігіп, аштық жариялаймыз" деді.

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы қазіргі заң жобасын тоқтатып, орнына "Жерді күту және сақтау" туралы жаңа заң қабылдауды ұсынды.

– Онда жерді жекешелендіру мәселесі мүлде болмауы керек. Ол заң тек жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға жерді уақытша және тұрақты пайдалануға беретін заң болуы керек. Сол кезде жер сатылып, жекеменшікке өтіп кетеді деп алаңдаңдаудан құтылар едік, – деді ол.

Рысбек Сәрсенбайұлы "Қытайды көп айтамыз, ал солтүстіктегі көршіні неге ескермейміз?" деп Ресейдің көрші елдерге қатысты саясаты туралы айтты.

– Ол Украинада не істеді? Донецк мен Луганскіні қалай бөлшектеді? Мұның бәрі не үшін? Жер үшін. Әзербайжандағы Қарабақ не үшін? Жер үшін. Сондай соғыс, қақтығыстың бізге керегі жоқ. Жерді жекешелендіру дегеніміз - жат жұрттың қолына беру деген сөз. Ол ертеңгі күні сондай қантөгістер мен соғыстарға алып барады. Біз сол соғыстарды болдырмау үшін бүгін соның алдын алып отырмыз. Отанға қауіп төнді дейтініміз сондықтан. Мұның үлкен мәні бар, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Прокурор жиналғандарға шараның заңсыз екенін ескертуге тырысып еді, наразылар "Прокурор, кет!" деп айқайлап, оны ығыстырып тастады. Бұдан соң жұрт "Назарбаев, кет!" деп те айқайлады.

Толығырақ...

Алматыдағы Жер митингісі. 24 сәуір 2021 жыл.

"Бейнеттен арылмадық". Ақордадан жарты сағаттық жерде тұратын халықтың тіршілігі

Нұр-Сұлтан ішінде және қала маңында 16 тұрғын алабы бар. Ресми дерек бойынша, оларда 300 мыңға жуық адам тұрады. Бұл – астана халқының төрттен біріне тең. Аталған елдімекендерде зәулім үйлермен қатар, астананың Байқоңыр ауданына қарасты "Кирпичный" тұрғын үй алабындағыдай, жұпыны баспана да көп кездеседі. 1997 жылдың соңында Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмолаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) көшірілгеннен кейін қаланың әрбір жаңа әкімі (қазірге дейін жеті басшы ауысқан) "Кирпичный" елдімекенінің жағдайын жақсартуға уәде беріп келген. Бірақ содан бері мұнда ештеңе өзгерген жоқ.

"Кирпичный" тұрғын алабы орталық базардың артында, Алаш жолының сол жақ бетінде орналасқан. Бізді жергілікті бастамашыл топ белсендісі, ақпарат құралдарында өзі тұратын ауданның мәселелерін көтеріп жүрген Қарлығаш Набиулина ертіп жүрді.

– Біздің әкімге жаным ашиды. Оның еншісіне қанша жыл бойы бір де бір мәселесі шешілмей, үсті-үстіне қордалана берген аудан тиіп отыр. Әр жаңа әкім (қазіргі әкімді айтып отырған жоқпын) бұл қызметке қалағанын алып кету үшін ғана келеді. Ешкім "Бұл жақтағы адамдар қалай өмір сүріп жатыр екен? Оларға қалай көмектессем болады?" деп ешқашан ойланған емес. Ал бұл – астананың нақ өзі! – дейді Набиулина.

Толығырақ...

"Кирпичный" елдімекеніндегі тұрғын үйлер. Нұр-Сұлтан, 14 сәуір 2021 жыл.

Qyzdar. Қазақстандағы теңдік үшін күрес

8 наурызда Алматыда көп адам қатысқан әйелдер маршы өтті. Қазақстанның әртүрлі өңірінде тұратын белсенділер әйел құқығы мен белсенділігі, азаматтық қоғамдағы теңдік пен әділдік туралы пікір білдіру үшін Алматыға арнайы келді. Азаттықтың түсірілім тобы әйелдер маршы мен оған дайындық барысына куә болып, Қазақстандағы феминистік белсенділік пен оның қоғамдағы маңызы туралы фильм дайындады.

Your browser doesn’t support HTML5

Qyzdar. Қазақстандағы теңдік үшін күрес