Бес баланың өлімі, Сатыбалдының офшоры және Сириядан келген екеудің хикаясы

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

Екі күнде екі өрт, екеуінде де бес бала

Бес қызы бар тағы бір отбасының "времянкасы" өртенді, кенжесі көз жұмды. Оқиға туралы не белгілі?

Қызылорда қаласында уақытша баспана өртеніп, үйде болған анасы мен төрт қызы аман қалды, бесікте жатқан алты айлық сәби көз жұмды. Балалардың әкесі вахтада жұмыста болған. Туыстары мен көршілері отбасының тұрмысы төмен екенін, көмек сұрап әкімдікке талай барғанын, баспананы жалдап тұратынын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Бес бала тұратын үй өртеніп, сәби қайтыс болды

Жаңатастағы пәтерде шыққан өрттен мерт болған бес баланы Үшаралға жерледі

19 ақпан күні сағат 15:00 шамасында олар тұрып жатқан бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртенген кезде үйде Әйгерім (2015 жылы туған), Әбілмансұр (2016 ж.), Нұрислам (2017 ж.), Айару (2019 ж.) және Айсана (2020 ж.) есімді бес бала болған. Облыстық төтенше жағдай қызметі өкілінің хабарлауынша, балалардың әкесі жұмыста, ал анасы есікті сыртынан құлыптап, азық-түлік алуға кеткен кезде өрт шыққан. Өкінішке қарай, апат салдарынан үйде болған бес баланың бәрі қазаға ұшырады. Оқиғаның мән-жайын білгіңіз келсе, мақалаға өтіңіз.

Қайрат Сатыбалды Люксембургтегі оффшорлық компания арқылы "Қазақтелекомға" үлескер

Мемлекеттік "Қазақтелеком" компаниясының бұған дейін құпия болып келген акционерлерінің бірі белгілі болды. Люксембургте тіркелген оффшорлық компанияның жалғыз иесі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісімен аттас, туған күні де бірдей Қайрат Сатыбалдыұлы есімді азамат көрсетілген.

Your browser doesn’t support HTML5

Қайрат Сатыбалды Люксембургтегі оффшорлық компания арқылы "Қазақтелекомға" үлескер

"Күйеуімізге ілесіп кете бердік". Сириядан оралған екі әйелдің хикаясы

Сабинелла мен Айдана Сириядан Қазақстанға екі жыл бұрын оралған. Олар елге Таяу Шығыстағы соғыс аймағындағы Қазақстан азаматтарын шығаруға арналған “Жусан” арнайы операциясы аясында келді. Екеуі де соғыс ошағына балаларымен бірге күйеулері әкеткенін айтады. Күйеулері “Ислам мемлекеті” террорлық тобының құрамына кіріп, Сирияда қаза болған. Ал екі әйел балаларын құтқару үшін қақтығыс ошағында қалған. Сириядан оралған екі әйелдің хикаясы.

Жанболат Ағаділдің қазасына байланысты сот басталды. Істе 6 айыпталушы, 6 жәбірленуші бар

Нұр-Сұлтан соты Жанболат Ағәділдің өліміне қатысты істі қарай бастады. Марқұм белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат былтыр төбелес кезінде пышақталып, мерт болған еді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жанболат Ағаділдің қазасына байланысты сот басталды. Істе 6 айыпталушы, 6 жәбірленуші бар

Сот Боқаевқа қаладан рұқсатсыз шығуға, алаңда мәселе талқылауға тыйым салды

18 ақпанда Атырау қаласының №2 соты белсенді Макс Боқаевқа үш жылға әкімшілік қадағалау орнату бойынша төрт шектеу қойды. 2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталып, 4 ақпанда қамаудан шыққан Боқаевты қадағалауды Атырау қаласы полиция департаменті ұсынған.

Боқаев сотта жазаны өтеп шыққанын, бұл шектеулердің негізсіз екенін айтты. Белсенді Азаттыққа адвокаты Жанар Сүндетқалиевамен ақылдасып, аппеляциялық шағым түсіретінін, алдағы уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқығы комитетіне де шағымданатынын жеткізді.

- Мен қашып кетейін деп жүрген жоқпын. Қашатын болсам, баяғыда-ақ қашар едім. Түнде шығып, банк тонайын деп те жатқан жоқпын. Ары қарай белсенділігімді жалғастырамын. Қажет деп тапсам, митингіге шығамын, пікірімді айтамын. Бір жағынан Қылмыстық-атқару жүйесі, екінші жағынан полиция шектеу қояды. Мұның бәрі не үшін керек? Босқа уақыт өткізу ғана. Жолдас жігіттердің көлігімен бір жерлерге барғанда ізімізден бірнеше көлік бақылап жүреді. Оның сыртында адамды түрінен танитын "Сергек" камералары бар. Олардың мені қадағалаудан басқа жұмысы жоқ сияқты. Егер құқық бұзсам, Қылмыстық, Әкімшілік кодекс бар. Осы заңдармен жұмыс істеуге болатын еді, - дейді Боқаев.

Мақалаға өтіңіз.

Қызметкері парамен ұсталған басшының отставкаға арыз жазып, орнында қалуы "көзбояу" ма?

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің орынбасары Бақтияр Мәкен отставкаға кетуге өтініш жазды. Оның мұндай шешім қабылдауына қарамағындағы қызметкері – мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықовтың пара алған деген айыппен сотталғаны себеп болған. Бірақ қала әкімі Алтай Көлгінов орынбасары Мәкеннің өтінішін қабылдамай, оған қатаң сөгіс жариялаумен шектелді. Азаттық сөйлескен әкім орынбасары заңға сай отставкаға кету туралы арыз жазып, заңға сай қызметінде қалғанын айтады. Ал сарапшылар мұны "көзбояу" деп бағалайды.

Мәкеннің өзі заңға сай арыз жазғанын және заңға сай қызметінде қалғанын айтады. Азаттық тілшісі мен әкім орынбасары Мәкеннің арасындағы диалог былай өрбіді:

– Қазір қоғамда "Мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес туралы өзгерген заң әлі шикі, басшылық кететін болса бірден кетуі керек еді" деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

– Бұл сұрақты маған қоймай-ақ қойыңыз. Анау депутат, мемлекеттік орган, [жемқорлыққа қарсы] агенттікке қойыңыз.

– Жалпы бұл пікір сіздің жағдайыңыздан кейін шығып жатыр ғой.

– Маған қатысты болғанда мыңдаған адамға қатысты ғой. Заң өзгертуіне менің қандай қатысым бар? Заңда қайшылықтар болса өзгерту керек. Қаншама ескертпелер бар сол жерде. Біреу былай, біреу олай айтады. Сондықтан оны заң шеңберінде жан-жақты қарау керек. Адамдардың әрқайсысының ойы басқаша болады.

– Өз пікіріңіз қандай?

Диалогтың жалғасын мақаладан таба аласыз.