"Денелі бала еді, шыбықтай болып қалған". Түркістан облысында әскерде қаза болған сарбазды жерледі

ҰҚК шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде қаза болған сарбаздың жаназасына жиналған жұрт. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылы 9 қараша 2024 жыл.

9 қарашада Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында екі күн бұрын әскерде қаза болған сарбазды жерледі. Туыстары "сарбаз өзіне екі рет оқ атып, қаза болды" деген ресми органдардың тұжырымына күмән келтірді.

Жаназа рәсіміне 200 шақты адам жиналды. Марқұмның шешесі табытты әкетіп бара жатқанда қайта-қайта талып қалды.

18 жастағы Мұхамедияр Тастанның әскерге кеткеніне шамамен 8 ай болған. Ол Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы ҰҚК шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде әскери борышын өтеген.

ҰҚК шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде қаза болған сарбаз. Жеке архивтен алынған.

Туыстарының сөзінше, мұндай бөлімге жіберілуі үшін сарбаздардың денсаулығы мұқият тексеріледі. Тастан Мұхамедияр әскерге кетпей тұрып үш рет арнайы медициналық тексерістен өтіп, "денсаулығы жақсы" деген анықтама алған.

Бойы ұзын, салмағы 90 келі болған жас жігіт туыстарының сөзінше, әскерге барғаннан кейін бірнеше айда қатты арыған. Туыстарынан жиі ақша беруді сұраған.

"90 келілік бала қабырғалары көрініп, шыбықтай болып қалған. Тамағының астынан екі рет оқ атылған деп айтты бізге. Оқ сол басынан шыққан сияқты. Басы, тамағының асты тігілген. Сосын көзі ағып кеткен. Баланы тани алмайсың" дейді марқұмның туыстарының бірі Азаттыққа.

Олар "сарбаз өзіне екі рет оқ атып, қаза болды" деген ресми органдардың тұжырымына күмән келтірді.

"Баланы осындай жағдайға жеткізгендерді тауып беруді сұраймыз" деді марқұмның әжесі Баян Тоғызбаева.

Жаназаға әскери қызметкерлер де келіп, қаза болған сарбаздың туыстарына көңіл айтты.

Әскерилер марқұмның туыстарына көңіл айтып тұр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылы 9 қараша 2024 жыл.

Бұған дейін ҰҚК шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысындағы департаментінде 7 қарашада бір сарбаз көз жұмғаны белгілі болған еді. "Алдын ала ақпарат бойынша, өлімге суицид себеп болғаны" хабарланған.

Полиция органдары Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша ("Өзін қол жұмсауға мәжбүрлеу") сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Сарбаз 5 желтоқсанда 19 жасқа толған болар еді.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.

Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Қатардағы жауынгерлердің қазасына әлімжеттік те себеп екені жиі айтылады. Ал ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған.

Қыркүйекте әскерде өлім-жітімнің жиілегені жайлы сұраққа жауап берген қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев "әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, қарулы күштер саласында кейінгі үш жылда әлімжеттікпен байланысты қылмыстар саны 28 пайызға азайған: 2021 жылы 32 жағдай тіркелсе, 2023 жылы 23 болған. Биыл 13 факт тіркелген.

Биыл әскердегі сарбаз өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі "бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру" деп атап, "елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды" деп мәлімдеген.