Түркіменстандағы әйелдердің көлік айдауына тыйым салған жазылмаған "заң"

Сәуірдің 1-і - Күлкі күні мемлекеттік ақпарат агенттігінде жарық көрген әйел жүргізуші туралы иллюстрация.

Түркіменстанда заң жүзінде әйелдердің көлік айдауына тыйым салынбағанымен іс жүзінде әйел жүргізушілердің көлік айдауына кедергі көп. Сәуірдің 1-і - Күлкі күні мемлекеттік ақпарат агенттігінде жарық көрген әйел жүргізуші туралы карикатура жүргізуші куәлігінен айрылып, полиция құқайына кезігіп жүрген әйелдерге ұнамады.

ҰНАМСЫЗ КАРИКАТУРА

Сәуірдің 1-і - Күлкі күні Түркіменстанда мемлекеттік ақпарат агенттігі әйел жүргізуші туралы карикатура жариялады. Мемлекеттік "Алтын дәуір" ақпарат агенттігінде мақаламен қатар басылып шыққан иллюстрация авторы - Атажан Аширов.

Карикатурада “жол жоқ” деген сияқты жол белгілеріне ұқсас түрлі зергерлік бұйым таққан көлік жүргізіп отырған әйел бейнеленген.

Азаттықтың Ашхабадтағы тілшісі, аты-жөнін атамаған әйел Ашировтың “әйелдердің жүргізушілік өнерін келемеждегісі келгені” анық дейді.

“Бұл [карикатура] - биліктің әйелдерді жүргізу құқығынан айыру талпынысымен үндес. Карикатурадағы әйел "кіруге болмайды" деген белгісі бар сырға таққан, осылайша әйелдерге "жол жоқ" дегенді көрсеткісі келген” дейді ол.

Азаттық тілшісі “Түркіменстандағы әйелдер мұны биліктің қыз-келіншектерді жүргізу құқығынан айыруға талпынып, жүргізу куәліктерін еш негізсіз тартып алып жатқанының көрінісі ретінде түсінді” дейді.

Көлік айдап бара жатқан әйел. Көрнекі сурет.

ІС ЖҮЗІНДЕ ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙРЫЛҒАН

Түркіменстанда әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салатын немесе кедергі келтіретін заң немесе жарлық жоқ.

Бірақ Түркіменстанда көлігі бар әйелдер көлік айдау құқығынан айрылып, бұл тұрғыда жылдар бойы теперіш көріп келе жатқанына шағымданады. Тіпті кішігірім әрекеттің өзі президент кеңсесінің рұқсатынсыз жүзеге асырылмайтын бұл елде мұндай бастамалардың артында президент Гурбангулы Бердімахұмедов тұрғаны жиі айтылады.

2016 жылы наурыз айында Азаттық елде еш негізсіз әйелдерге жүргізу сынағы белгіленгенін, жүргізуші куәлігін алу процедурасының күрделенгенін жазды. 2018 жылдың басында Азаттық жүргізуші куәлігі бар әйелдердің құжаттарын жаңарта алмай отырғанын жазды.

2019 жылы ақпан айында түркімен полициясы Ашхабадтағы көлік кептелісі бар жерлерде рейд жүргізіп, әйел жүргізушілердің көліктерін тінтіген. Тексеріске ұшыраған әйелдер Азаттыққа кейінірек полицияның жүргізуші куәлігін тартып алу үшін кез келген сылтау іздеп, көліктерін алып кеткенін хабарлаған.

Ақпан айының соңында куәгерлер Ашхабадта полицияның шамамен 20 әйелдің көлігін тоқтатып, әйелдердің жол жиегінде тексерілуге кезекке тұрғанын көрген.

"Дәрі қобдишасы толық емес", "бұзылған жағдайда жолға қоятын ескерту белгісі жоқ" немесе "қосымша дөңгелегі жоқ" деген сылтаумен полицияның бір күн ішінде 120 әйелдің көлігін алып кеткені туралы дерек айтылады.

Мысалы, "дәрі қобдишасында анальгиннің қажетті түрі жоқ" деген себеппен бір әйелдің көлігін полиция алып кеткен. Жүргізуші куәлігінің еш негізсіз тартып алынғанына қатты назаланған тағы бір әйел полиция қызметкерінің ізіне түсіп, видеоға түсірген.

Оның айтуынша, полиция қызметкері видеоға түсірмей тұрған кезде “әйелдер қаладағы негізгі жолдарда жүрмеуі тиіс” деген жоғары жақтан бұйрық келгенін айтқан.

2019 жылы наурыз айының ортасында мемлекеттік ұйымда істейтін әйелдерден жүргізуші куәлігі тартып алынбайтыны айтылған. Бірақ өткен аптада Түркіменстанның ішкі істер министрлігінде істейтін әйел қызметкер Азаттыққа барлық әйелдерге "егер қызметтеріңде қалғыларың келсе, көлік жүргізбейсіңдер" деп айтылғанын хабарлады.

Аты-жөнін айтпаған қызметкер ішкі істер министрлігіндегі барлық әйелден жүргізуші куәлігі тартып алынып, жеке деректеріне тігілгенін айтты.

“Бүгін көлік айдап жүрген әйелді өте сирек көресіз. Бұрын көлік айдаған, бірақ құжаттарынан айрылғысы келмей, жақында көліктен бас тартқан үш әйелді білем” деп ол өзінің де көлік айдамай жүргенін айтқан.

“Олар бұл тыйымның қашан жойылатынын күтіп жүр және жақында болатын шығар деп үміттенеді” деді ол.

(Азат Еуропа/Азаттық тілшісі Рон Синовицтің Түркімен қызметімен бірігіп жазған мақаласы)