Бақаның аппақ, жап-жарық әлемнен көзі қарықты... Бақа болғанда, бұл - кәдімгі құрбақа еді. Құдыққа құлаған құланның құлағына шығып, тарбаң етіп секіргенде, әупіріммен ернеуге ілініп, және бір күшенгенде, жарбаң етіп, жарық дүниеге шыға келген тариxи бақа болатын. Тариxи дейтінім, кейіннен бұл - әйгілі мақалда аты қалған әйдік бақаға айналды. Әйтпесе, о баста, көп заман құдық түбін жайлап, одан басқа жер жәннаты бар деп ойламаған надандау шіркін-тін. Жарық дүниеге шыққанда, мас болды... Тостағандай көздері шарасынан шыға бағжиып, мына жаңа әлем, шетсіз-шексіз нұрлы кеңістікті тосырқап, есі шығып, қозғалмай көп отырды. Айнала өңсіздеу, сұрғылт қу тақыр болса да, Бақаға тіл жеткісіз сұлу кеңіс еді. Құдық түбіне шуағы түсіп көрмеген Күн қандай ғажап! Құдық түбінен оймақтай ғана боп көрінетін аспан қандай ғаламат!.. Жер қанша болса, ол да сонша жерге жетеді екен!.. Апырмай, сол аспанды тіреп тұрған туу алыстағы ана алапат, көркем тауларға мәңгі жете алмайды-ау бұл...
Алқымы бүлкілдеп, отырып-отырып, қайран қала тамсанып, "бақ-бақ" ете түсті. Әншейінде құдық ішін күңірентіп жіберетін зор даусы жаңғыратын жар таппай, әлдеқайда сіңіп жоғалды. Тым-тырыс. Тек әлден уақытта кұдық жақтан ауыр ыңыранған, әлде күрсінгендей әлсіз дыбыс шыққанда ғана, кешелі бері құдықта жатқан көршісі есіне түсті. Құдық бұған құтты қоныс болғанмен, құландай жануарға - тар қапас, тас зындан екенін ойлаған.
Айнала өңсіздеу, сұрғылт қу тақыр болса да, Бақаға тіл жеткісіз сұлу кеңіс еді. Құдық түбіне шуағы түсіп көрмеген Күн қандай ғажап! Құдық түбінен оймақтай ғана боп көрінетін аспан қандай ғаламат!..
Қайта айналып, құдыққа қарай ілбіді. Қызықтай-қызықтай, бақа-мөлшермен алғанда, біраз жер ұзап кеткен екен, сүйретіле жылжып, бірқауым уақыт жүрген Құрбақа, жайлап келіп, құдықтың ернеуіне асылып, төмен қарады. Жар-қабырғаға арқасын тірей, құйрығымен шоңқия құлаған құлан тар құдықта қысылып, сол тікесінен отырған күйі үйелеп қалған екен. Қимыл-қозғалыстан біржола тиылыпты. Жандәрменмен қуаты сарқылғанша арпалысып, құрыш тұяқтарымен ошақтай ғып ойып тастаған жарға иегін артып, қалғып отыр. Құдық жиегіндегі қыбыр-жыбырды сезіп, басын көтерді. Шексіз зарық, өкініш, қапа араласқан нұрсыз жанары бұған өлеусірей қарайды. Бақаның бойы түршікті. Қандай аянышты... Өзі - таудай үлкен. Шапса - желдей жүйрік. Еркіндікте тепкіні жер тітіреткен, тіктеп тиген тұяғы тасты үгіткен, азынаған ащы даусы бұлтты серпіп, айды ашқан деуші еді... Аң атаулыда аңыз болған, бір көруге арман болған Құлан... Ес білгелі құдық түбіндегі балшықтан шықпаған бұл көрем деген ғажап па еді...
- Ей, Құлан, қалайсың? - деді, Құланның сөйлесер xалі бар-жоғын біле алмай, ақырын, баппен ғана бақ-бақ етіп.
- Көріп тұрсың ғой... - деді Құлан әлсіз, үмітсіз, түңілген үнмен.
- Көріп тұрмын, - деді Бақа. - Қиын болды саған...
Соны айтып, тостақ көзі бақырайып, алқымы бүлкілдеп, біраз үнсіз отырды. Әлсіреген Құлан да үн қатпады.
- Айтшы, Құлан - деді Бақа, бір кезде. - Сауысқаннан сақ, аң біткеннен абай деуші еді сені... Қалай түстің бұл күйге?
Құлан, талған мойнын төмен салып, қажып отырып, мырс етті.
- Құдықтың түбінде жатып, қайдан білесің соның бәрін?!.
- Сауысқанның өзі айтқан, - деді Бақа. - Бұл құдықтың басына кімдер келмеді дейсің... Біреулер жақындап, үңіліп қарады, енді біреулері шошып, қарғып өтті... Ұшып өтті... Іші пысып, ернеуге отырып ап, әңгіме, өсек айтып кеткендер қаншама!.. Елсіз-күнсіз айдалада, суы тартылып қаңсып қалса да, мекен-жайымның құдық аты бар ғой, әйтеуір - соншалық елеусіз болдым деп айта алмаймын... Енді, міне - сен... Су іздеп келіп, абайсыз аяғың тайып кетті ме?.. Әлде жаңылыс қарғып, бір оқыс болды ма?..Қанша ойласам да, ақылыма сыймады мына мүшкіл xалің... Айтшы...
- Мен құлаған кезде, сен ештеңе естіп, ештеңе байқамадың ба, шынымен?.. - деді Құлан, басын көтеріп, өмір сөніп бара жатқан солғын жанарымен бұған енді таңырқай қарап.
- Жо-оқ... - деді Бақа. Сосын сәл ойланып ойланып барып: - Мен құдық түбіндегі бір құрғақ қуыста қалың ұйқыда едім. Әйтеуір, еміс-еміс жер дүпілгендей, құлағыма арқыраған ащы дауыстар талып жеткендей болды. Ояна алмай, тыпырлап жатқанда, кенет солқ етіп жер сілкінді. Зірк етіп құлаған ауыр салмақпен бірге топырақ, балшық көміп кеткен қуысымнан жандалбасалап шықсам,.. сен отырсың!.. Шоқтығыңнан, мойныңнан, тілерсегіңнен аққан қанға топырақ малшынып, ми батпаққа айналыпты...
- Иә... Одан менің тыпырлағанымды қызықтадың...
- Жоға. Мен, тіпті, қуысымнан берірек шығуға да қорықтым. Басыңмен жар соғып, алдыңғы аяқтарыңмен қабырғаны тарпып, аласұрып жатқаныңда мені таптап, езіп тастауың да мүмкін еді...
- Иә, білем... Содан, мен шаршап, тынышталғанда, жыбырлап, ақырын жотама өрледің, одан жарбиып, мұздай боп құлақ-шекеме кеп отырдың... Қарғып, кең дүниеге шықтың...
"Кең дүние" деген сөзді естігенде, Бақа бір сәтке Құланның мүшкіл жайын ұмытып, шаттана бақылдап кетті:
- Ой, Құлан, айтпа!.. Дүние қандай кең, дүние қандай жарық еді... Аспан қандай! Тау қандай!.. Күн қандай!.. Маған үй болатын қуыс-жар, тас, бұта... жем болатын ұсақ жәндік қандай көп! Паx, шіркін, кәусар ауа...
Таңдай қаға тақылдап-бақылдаған парықсыз шаттық әуені дәл осы тұста аяғына жетпей, кілт үзілген - Құланның көзінен ағып тұрған тарам-тарам жасты көріп, Бақа тілін жұтып қойғандай, үнсіз қалды. Көзінің жасын көрсеткісі келмеді ме, әлде, әл-қуаты бітті ме, Құлан тағы да мойнын сұлқ тастады.
Түк көрмеген көрбала Бақа, бәрін ұмытып, мына бақытсызды табалағандай, бүгін ашқан жаңалығын қуана жырлап кеткеніне ыңғайсызданып, бір сәт аңтарылып, отырып қалды.
- Құла-ан... ей, қалайсың?..
- Саған сол... құдығың жақсы еді ғой... - деді Құлан, қимылсыз отырған қалпы, бір түрлі көмескі дауыспен.
- Неге?.. - деді, Бақа таңырқап.
Құлан басын сәл көтеріп, енді бұған емес, қарсы алдындағы құдықтың қабырғасына қарап отырып, сөйледі. Бақаның ұққаны - жаңа ғана өзі тұтас дидарын алғаш көріп, көзі қарыққан жарық дүние соншалық кең де емес сияқты... Бұл бер жағын ғана көріпті. Ар жағы - Бақа әлі білмейтін, тіршілік үшін жан беріп, жан алысқан толассыз қиян-кескі... Арнап қазған аранға түсіп өлсе, арманы не, айдаладағы құдыққа құлап қор болғанына қапалы екен Құлан.
Даусы өлеусірей шыққан Құланның әңгімесін үзіп алудан қорқып, ара-арасында тамсанып, басын шайқап қойғаны болмаса, Бақа, қыбыр етпей, үнсіз тыңдады.
- Сен түсінетін шығарсың... Сол баяғы, үйір басы - сақа айғыр мен жас сәуріктің қырқыс, тайталасы ғой... Ешбір айғыр үйірін қолдан бермейді... Бергенің не, сенің жетіліп, қуатқа толып, айғырлығың білінген замат, түре қуып, қарсы келсең, шайнап, тапап тастайды!.. Қан-жосаң шығып, оның аяғы, ит-құсқа тірідей жем болғың келмесе, үйірден безіп, қу далаға қашып қана құтыласың... Жаңа сен көрген ғаламат кеңіс, ғажайып аспан астында ондай қашқындар топ-топ болып өріп жүр... Өңшең айғыр!.. Бірігіп жайылғаннан басқа қызықтары да жоқ. Рас, араларында қайратына сеніп, әр жерден үйір іздеп, бағын сынап жүрген саяқтар да бар. Мен сияқты...
Бұл кезде Бақаның бүртік басқан бұжыр-бұжыр денесі шақырайған күнге қызып, бойы босап, біртүрлі маужырай бастаған. Қапырық тартқан ыстық ауа да тынысқа онша жайлы емес сияқты. Бір сәт құдық түбінің саялы салқынын аңсағандай болғанмен, кең дүниеге шығып, көзі жаңа ашылған Бақаның қараңғы қапас, сызды мекеніне енді қайтып оралғысы жоқ.
Құлан сәл тыныс алып, басын әлсіз ғана шұлғып қойып, әңгімесін жалғады.
Көсем айғырша омырау соғысып, тұяқ салысып, мойындасып шайқасатын болар деп ойлағам. Басын төмен сала, арындаған бойы, кенет жалт беріп, қапталдан келіп қақты. Қатардағы құландардың әдепкі қырқысындағы тәсілмен тірсектен алып, айналдырып-айналдырып, топ еткізді де, қылтамды шайнап жіберді...
- Кеше өзім сияқты қаңғыған бір сәурікке жолықтым. Ол осы маңда жүрген бір үйірге алып келді. Үйір басы - әлі белін бермегенмен, ұрығы жасып, тұқымы аза бастаған қартаң айғыр көрінеді. Екеуміз кезектесе шайқассақ, шыдас бермейді деді... Үйірін байқастап, сырттан шолып, аулақта жайылып жүрген әлгі айғыр бізді көргеннен-ақ, жердің шаңын бұрқырата тарпып, құлағын жымырып, басын төмен сала, мойнын созып, тұра ұмтылды. Мені азғырып, осында ертіп әкелген сәурігім, азынай шапқан алапат құйын арқырап-бұрқырап төніп келгенде, дәті шыдамай, бір шетке қарай жалт берген. Қан толған көздері шатынап, арандай ашылған аузынан жұмар-жұмар ақ көбік лақтырған керіскедей кексе айғырды тіке шапшып, қарсы алдым... Көсем айғырша омырау соғысып, тұяқ салысып, мойындасып шайқасатын болар деп ойлағам. Басын төмен сала, арындаған бойы, кенет жалт беріп, қапталдан келіп қақты. Қатардағы құландардың әдепкі қырқысындағы тәсілмен тірсектен алып, айналдырып-айналдырып, топ еткізді де, қылтамды шайнап жіберді...
Бақа түршігіп, көзін жұмды. Құлан да ауыр тыныстап, біраз бөгелген.
- ... Одан мойынға салды азуды... Тұмсық қыршылды, шоқтық қарпылды... Көзді ашып-жұмғанша ойран-топырымды шығара, аяусыз езгілеп, тапаған соң, қан-жоса болып тепкіленген мені тастай беріп, бұл кезде үйірдің бір шетін бөліп әкетпек болып, аласұрып жүрген жаңағы арамза сәурікке қарай салды. Оны үйірден айдап шығып, айдалаға тырқырата қуып бара жатқанда, шайналған буыным ұстамай, кирелеңдеп, орнымнан әзер көтерілдім. Аулақ кетпек болып, жандалбасамен, шоқалаңдап бір басып, екі басып, шетке шыға бергенімді білем... Тоқтап, есімді бір жиғанда, өнебойым дір-дір етіп, қалтырап, осы құдықтың жанында тұр екенмін...
- Сосын?.. - деді Бақа, шыдамсызданып, Құланның үзіп-үзіп отырып айтқан әңгімесі осы арада ұзағырақ тоқырап қалған соң. - Құдыққа қалай құладың?..
Енді не істеу керектігі жайында дай-дай болып даурыққандарынан ұққаным - айғырларының мені бұлайша жұлып-жеп, қызыл ала қан ғып таптағанына айыздары қанбай қалған екен... "Өлтіру керек!" десті... Мен көрген құлан қауымында жоқ әдет...
- Осылай тұрғанымда... үйірдегі жас, жасамыс құландардың бәрі жиылып кеп, мені қаумалай қоршады. Көбінің түсі - зәрлі... Әдетте, жеңілген айғырда ешбір құланның шаруасы болмаушы еді - мыналардың бір ойлағаны бар сияқты... Жасырақтары жақынырақ келіп, сайқымазақтана осқырып-пысқырып, қағып-түртіп, келемеждей бастады. Үлкендерінің біразы жай қызықтап келген тәрізді, бірақ әлденеге кіжінгендер мен көзі қанталаған ызалылар көп. Енді не істеу керектігі жайында дай-дай болып даурыққандарынан ұққаным - айғырларының мені бұлайша жұлып-жеп, қызыл ала қан ғып таптағанына айыздары қанбай қалған екен... "Өлтіру керек!" десті... Мен көрген құлан қауымында жоқ әдет... Сірә, әлгі қашқын сәуріктің айтқаны шын - мыналар, расымен, азған тұқымнан өрбіген азғын үйір болды!.. Соны-ақ ойлап үлгердім, үйірден жырыла шыққан қаны бұзық бес-алтауы есіріктене құтырып, шыңғыра кісінеп келіп, дәрменсіз есеңгіреп тұрған мені тобымен соғып өтті... Омырау-кеудемнен топырлай тиген тұяқтардан артқа қарай шоңқия құладым...
Ұзақ сөйлеп, қатты шаршаған жаралы Құлан әудем уақым тағы үнсіз қалды.
- Сөйтіп, саған көрші болдым, - деді сосын, сөзінің аяғын біртүрлі күңгірлей созып. Кеңкілдеп күлген сияқты естілді Бақаға. - Саған раxмет... Мені тастап кетпедің... Қасыңда арыз-арманыңды айтып өлер тірі жанның болғаны қандай жақсы-ы... Сен...
Құлан сөзін аяқтамады. Аяқтай алмады ма, әлде әрі қарай сөйлегісі келмеді ме... Ары күтіп, бері күтіп:
- Құла-ан...- деді бір кезде, алқымы жиі-жиі бүлкілдеп, көзіне ып-ыстық жас үйірілген Бақа, қарлыға қырқылдап. - Құла-ан... Саған не көмек жасай алам?.. Айтшы...
Құлан дыбыс бермеді. Етсіз, арық, таудай басы омырауына құлаған қалпы, біржола қимылсыз қалыпты. Бақа бәрін түсінді.
- Құла-а-н... - деді тек, тостақ көзі шарасыз бақырайып.
*****
Сөйтіп, сол арада, Құланның демі үзіліп, кете барды. Бірақ оның аянышты өліміне Бақа ұзақ қайғырып отыра алмады. Ту сыртынан ысылдаған зәрлі дыбысты естіп, төніп келген қатерді бар түйсігімен сезіне, қарбаңдай бұрылған. Таяқ тастам жерде айыр тілі сумаңдап, басын қақшита көтеріп, оқтаудай шұбар жылан жатыр екен. Бақаның тұла бойы, туасыдағы бір түйсікпен, шошына дүрлігіп, табанына тіреніп, бауырын жерден көтеріп алды. Сирақтарын барынша жаза көтерілгенде, еңсесі әжептәуір биіктеп, жыланның қақшиған басына деңгейлескен. Бүршіктене бөрткен бұжыр-бұжыр денесі тырсия кебініп, қатты күшеніп, көмейінен қиқылдаған бір түсініксіз дыбыс шығара, айбат шекті... Бұл арада екі мүмкіндік бар еді: Бақа - не ақырына дейін арбасады, не құдығына секіріп құтылады. Жылан - не ісініп-кебініп, көз алдында зорайып шыға келген Бақаның бопсасына шыдамай, жөніне кетеді, не...
Осының қайсысы болғанын мен білмеймін, бірақ Құланның әңгімесін айналаға Бақаның өзі айтып таратқаны анық. Жұрт оны "құланның құлағында ойнапты" деп, қисық тәпсірледі... Мейлі. Ел не демейді... Әйтеуір, тар құдықтан құтылып, кең дүниеге шыққан Бақамыз - дін аман. Төменде жыланы мен кірпісі тіміскіп, төбесінде құзғыны мен құмайы аңдыған құла дүзде ең бастысы да - осы.
Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.