Орал қаласының 38 жастағы тұрғыны Ерік Жұмабаев саяси реформалар талабымен қала орталығына шығып, бірнеше рет наразылық акциясын өткізген. Мүгедек арбасындағы белсенді "қайта-қайта" пикет өткізуге дайын екенін айтады. Азаттық тілшісі азаматтық белсендіден алаңға шығуға не түрткі болғанын сұрап, тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Ерік Жұмабаев Оралдағы Сырым Датұлы мен Мәншүк Мәметова алаңдарында оншақты рет жалғыз адам пикетін ұйымдастырған. Мүгедек арбасымен жүретін Ерік алаңға саяси реформалар мен биліктің ауысуын талап етіп, Аяз атадан "екеуін" солтүстікке, мүмкіндік болса, Колымаға алып кетуді" сұрап, әртүрлі мәселе көтеріп шыққан.
Еріктің азаматтық белсенділікпен айналысуына ауыр жарақат салдарынан жүруден қалған соң "жүйемен" бетпе-бет кездескенде көрген қиындықтар себеп болған.
- 2015 жылы жарақат алған кезде көп заңсыздық пен әділетсіздікке куә болдым. Бәрін көзіммен көруге тура келді. Мысалы, медицина саласындағы бассыздықты: науқастар мен мұқтаж адамдарға қалай қарайтынына куә болдым. Оған қоса, 2016 жылы өткен жер митингілері де маған қатты әсер етті. Әсіресе, дәрігерлермен сөйлесіп, алған жарақатымнан кейін емдеу, оңалту және денсаулығымды қалпына келтіруге мемлекет тарапынан еш қолдау көрсетілмейтінін түсіну де зор ықпал етті, - дейді Ерік.
Жарақат алғанға дейін шағын кәсіппен айналысқан Ерік төрт қабырғада қамалып, үйде қол қусырып қарап отыруды құп көрмеген. Саясатқа ден қойып, белсенді іс-әрекетпен айналыса бастаған.
ТАР БӨЛМЕДЕГІ ТІРШІЛІК
Ерік Жұмабаевпен оның пәтеріндегі шағын бөлмеде сөйлестік. Біз әңгімелесіп отырғанда Еріктің көмекшісі Орынбай Оқасов асүйде шай дайындап жүрді. Орынбай тәуліктің 24 сағатын Эриктің жанында өткізеді. Өйткені мүгедек арбасындағы белсенді біреудің көмегінсіз артық қозғала алмайды.
- Кей іс-қимылды біреудің көмегінсіз, өзім жасаймын. Бірақ пәтер ішінде қозғалу қиынға түседі. Қандай тар екенін көріп тұрсыз ғой. Бірінші қабатта тұрғаныма қарамастан, үйден мүлде шыға алмаймын. Подъезде пандус жоқ, сондықтан әр жолы Орынбай арбада отырған күйімде баспалдақтан алып түсіп, жоғары көтеріп шығарады, - дейді асүйге апаратын тар дәлізде арбасымен зорға қозғалған Ерік.
Шағын асүйге ыдыс-аяқ пен азық-түлікке арналған бірнеше қорап, ас үстелі, газ плитасы, екі орындық пен кір жуатын машина ғана сыйып тұр. Тоңазытқыш киім ауыстыратын, жұмыс істейтін және жатын орын саналатын қонақ бөлмесінде тұр. "Осылай тұрып жатырмыз, бірақ өзімізге жарайды" дейді пәтердің тарлығын сөз еткен Орынбай Оқасов.
Орынбай бұрын мұнай кенішінде жұмыс істеп, жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалатын жағдай мен жалақының әртүрлі болуына байланысты наразылық білдіргені үшін қызметінен босап қалған. Өткен жылдың соңында Ерік оны көмекшісі есебінде тіркеткен. Қазір Орынбайдың жұмысы ресми түрде "мүгедек адамға қарайтын тұлға" деп аталады.
- Кейде, өте сирек, мүмкіндік болғанда, құрылыста істеймін. Қаңтар айында Ерікке қарайтын жеке көмекші ретінде алғашқы жалақымды алдым, - дейді Оқасов.
- Ай сайын барып, есеп толтыру керек. Өткен жылы мүгедек адамға қарайтын көмекшілер күніне үш сағат жұмыс істеп, айына 18 мың теңге алатын. Бұрын көмекші мүмкіндігі шектеулі адамның жанында тәулігіне үш сағат қана отыратын. Өткен жылдан бастап бұл уақыт ұзарып, қазір жұмыс күні сегіз сағатқа созылды. Осы еңбегі үшін көмекшілерге 50-60 мың теңге жалақы төлейді, - деп түсіндіреді Ерік.
Жұмабаевтың мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы да осы шамада, басқа қосымша табыс көзі жоқ.
Ерік бөлмесіне қарай өткенде, Орынбай асүйде ыдыс жуып қалды.
Екі ер адам бір бөлмелі пәтерде тұрады. Үй іші қарапайым жабдықталған. Жатын бөлмесіндегі кітап сөресінен Дейл Карнегидің кітаптары, көркем әдебиет пен Конституция кітапшасы көзге түседі.
НАРАЗЫЛЫҚ: ЖЕКЕ ХИКАЯ
- Бірінші рет пикетке 2019 жылы тамыздың 12-сі күні сөз бостандығы мен биліктің толық ауысуын талап етіп шықтым. Пикет Сырым Датұлы алаңында, облыстық мәслихат ғимаратының алдында өтті. Ақпарат құралдарының өкілдері келіп, бәрін түсіріп алды. Әкімдіктің оншақты қызметкері маған әңгімелесу үшін ішке кіруді ұсынды. Ішке кіргесін олар менімен алаңға өзім үшін бір нәрсе сұрап шыққандай сөйлесе бастады. Қандай мұқтаждығым барын, нендей көмек керегін сұрады. Олар алаңға өзім үшін емес, бүкіл ел үшін өзгерістер талап етіп шыққанымды түсінген жоқ, - дейді Ерік.
Тамыздағы пикетке дейін маусымның 9-ы, Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен, бірақ билікте кең құзыретін сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен алғашқы кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Ерік Жұмабаев Алматыда наразылыққа шықпақ болған. Батыс бақылаушылары сайлау күні көп заңбұзушылық тіркеліп, үкіметке қарсы наразылық қатысушылары жаппай ұсталғанын хабарлады. Сол күні Ерік Алматыға қонаққа барған туыстарының үйінен шыға берген жерде ұсталған.
- Бір мүгедек адамды ұстауға, полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін қосқанда, үш көлік келді. Олар өздерін таныстырып, бірге жүруді сұрады. Себебін түсіндіруін және шақырту қағазын көрсетуін талап еттім. Бірақ маған ешқандай қағаз берген жоқ. Бірге жүруден бас тартқанымда, бірнеше адам көтеріп, мені көлікке салды. Сол кезде бәрібір бөлімшеге алып кететінін түсініп, арнаулы көлік жіберуді сұрадым. Бір жерімді шығарып немесе зақымдап алсам, ол үшін кейін кім жауап береді? Бірақ ешкім сөзімді тыңдамады, мені жеңіл көлікпен Масаншы көшесіндегі полиция бөлімшесіне жеткізді. Сөмкемнен жеке заттарымды шығара бастады. Оның ішінде маған қажет жаялықтар мен гигиеналық заттар болған. Полиция қызметкерінің бірі заттарымды ақтарған кезде мені мазақтап, "Жаялықты не үшін алдың? Митингіде жаялық лақтырмақ болған шығарсың" деді. Кейін тергеу басталды. Алматыға не үшін келгенімді, не істеп жүргенімді, қайда тоқтағанымды сұрады. Таңғы сағат 11-ден кешкі 9-ға дейін 10 сағаттай ұстады. Арбада бір қалыпта отыра бергендіктен денем ұйып, әлі күнге емделіп жүрмін. Олардың мені осылайша ұстауы денсаулығыма зиян келтірді, - дейді Ерік Жұмабаев.
Ерік пен Орынбай кезекті пикетке жинала бастады. Орынбай телефонын қарап, бүгін алаңға басқа белсенділер де келетінін айтты. Ерік жейдесін, оның сыртынан жемпірін өзі киді. Шалбары мен аяқ киімін киюге Орынбай көмектесті. Шамалы уақыттан соң Ерік сырт киіммен отырды. Орынбай подъезге шығарылған арбаны баспалдақпен мұқият, бірақ тез түсіріп, бірнеше минут ішінде пәтерге барып, киініп келді.
Біз Еріктің пәтерінен төрт квартал жерде орналасқан Мәншүк Маметова алаңына қарай беттедік.
- Қалада мүгедектерге қолайлы жағдай жасалмаған. Қазір түскі сағат екі болғанына қарамастан, жүргінші жолына таңертең жауған қарды әлі күремеген. Бұл жерде арба былай тұрсын, аяқпен жүрудің өзі қиын. Мына жерде жол жоқ, бәрі шұрқ-тесік, жүру мүмкін емес. Ал алаңға жетудің өз машақаты бар, онда бірде-бір пандус жоқ, - дейді қаладағы жағдай мен пандустар туралы пікір білдірген Ерік.
Белсенді мұндай көрініс Қазақстанның барлық қаласында байқалатынын айтады. Ерік қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру маңызды екенін, өйткені арбада отыратын мүгедектерден бөлек, қалада зағип жандар да барын еске салады.
ПИКЕТ, ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ, АЛЫСТАН БАҚЫЛАЙТЫН ПОЛИЦИЯ
Оралдағы Мәншүк Мәметова алаңы бейбіт жиын өткізуге рұқсат етілген орындардың қатарына кіреді. Бірақ акция өткізуге жергілікті әкімдіктен рұқсат алу керек. Ерік Жұмабаев өз пикеттерін ескертусіз және биліктің рұқсатынсыз өткізеді.
Алаңға жеткен соң Ерік пикетке дайындала бастады. Орынбай оған сөмкесінен плакат алып, жаюға көмектесті. Еріктің басынан киілетін ерекше плакаты қолды бос ұстауға мүмкіндік береді.
Орынбай "Плакаттарды (Еріктің) басшылығымен дайындаймын" деп күлді. Бұл жолы плакатта "Маған ҚДТ бағдарламасы ұнайды" деп жазылған. ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы") қозғалысы 2018 жылы сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған. Бірақ 11 жылдан бері шетелде тұрып жатқан Қазақстан билігін сынаушы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бұл шешіммен келіспейді. Ерік Еуропарламенттің өткен жылғы наурыздағы резолюциясында "бейбіт оппозициялық бірлестік" деп аталған ҚДТ қозғалысының бағдарламасын қолдайтынын, YouTube желісіндегі ҚДТ каналына жарияланған видеоларды көретінін, бірақ ұйымға мүше емесін айтады.
Орынбай Еріктің арбасын ескерткіш алдына шығарып, плакатты осы маңнан өткен халықтың көбі көретіндей етіп қойды.
- Реакция әртүрлі болады. Кейбіреулер тоқтап, қолдау көрсетіп, өз оқиғаларын бөлісіп, әділетсіздікке шағынады. Біреулер ойланады. Көбі тоқтап, мені суретке түсіріп алады, - дейді жанынан өтетін жүргіншілер туралы әңгімелеген Ерік.
Ескерткіш алдындағы халық көп жүретін орында тұрғанымызда жанымыздан көп адам өтті. Еріктің жанына тоқтаған бір әйел одан акцияның себебін сұрады. Ол көрші мемлекетке көшіп кеткенін, бірақ азаматтығын ауыстырмағанын айтты. "Елдегі жағдайды бақылап, жаңалықтарды қарап отырамын. Біз жақта мұндағыдан жақсы дей алмаймын" деген бейтаныс әйел Ерікке сәттілік тілеп, жөніне кетті.
- Мұндай адамдар көп. Олар қолдап, "Дұрыс істеп жүрсің!" деп айтады. Мен оларға үнсіз қалуға болмайтынын, өз ұстанымыңды ашық әрі батыл білдіру керегін түсіндіруге тырысамын, - дейді ол.
Ерікті қолдау үшін алаңға жергілікті белсенділер мен блогерлер келеді. Олар Facebook әлеуметтік желісінде онлайн-трансляция жүргізіп, кейін әлеуметтік желіге салу үшін оқиға орнынан видеолар түсіреді. Жергілікті белсенділер мұндай шараларды халыққа жеткізіп, көбірек ақпарат тарату керек деп санайды.
Көп ұзамай алаңға Орал әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері келді. Оларды жақсы танып үлгерген Ерік кезекті шаралардың біріне таңғалмайды. Қазақстан Конституциясы бейбіт жиын өткізу еркіндігіне кепілдік береді, бірақ "мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау мақсатында" бұл құқық заңмен шектелуі мүмкін. Заң бойынша азаматтар митинг өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алуы керек. Жергілікті билік көбіне белсенділердің наразылық акцияларын өткізу туралы өтініштерін қанағаттандырмайды.
Ерік Жұмабаевқа жақындаған адам өзін Азамат деп таныстырды. Оның жанындағы кісі бәрін видеоға түсіріп жүрді.
- Сізге рұқсат етілмеген митинг үшін жауапкершілік барын ескертемін. Акцияны қазір тоқтатасыз ба? – деп әкімдік қызметкері әдеттегі сөзін айтты.
- Жалғыз адам пикетін өткізу тәртібі заңда жазылмаған. Оларға тыйым салынбаған және пикет өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ, - дейді Ерік.
- Акцияны тоқтатасыз ба? - деді әкімдік қызметкері Азамат бұл жолы даусын өзгертіп.
Жұмабаевтың "жоқ" деген жауабынан кейін ішкі саясат бөлімінің қызметкері кетіп қалды.
- Әне полиция қызметкерлері де келді. Акцияға шықсақ, олар да үнемі осында жүреді: бізді айналсоқтап, бақылап жүргенімен, бірде-бір рет ұстауға тырысқан емес, - дейді Ерік.
Жалғыз адам пикеті 30 минутқа жалғасты. Кейде Ерік сөйлесуге ниет білдірушілер көп болса, бұдан да ұзақ тұрады. Орынбай Ерікке плакатын шешіп, сөмкеге салуға көмектеседі. Осыдан кейін олар үйге қайтады.
- Қайта-қайта шығамын. Қанша қажет болса, сонша рет шығамын, - дейді Азаттық тілшісімен қоштасқан Ерік Жұмабаев.
Азаттық редакциясы жергілікті биліктен Ерік Жұмабаевтың алаңда өткізіп жүрген пикеттері туралы пікір сұрады. Жауап бір аптадан кейін бір-ақ келді.
Орал қаласы ішкі саясат бөлімінің бастығы Ербол Көшеков қол қойған жауапта "Әкімдік Ерік Жұмабаевтың алаңда өткізіп жүрген акциялары туралы біледі. Оны әңгімелесуге шақырғанбыз. Оның көтеріп жүрген мәселелері жұмыс тәртібі бойынша қаралды. Қала мен облыс басшылығының бұл акциядан хабары бар" деп жазылған.