"Соғысқа дейінгі латын әліпбиі оңай оқылатын" - Оралдағы кітап көрмесі
"Латын" көрмесі Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында өтіп жатыр. Мұражай қорында көп экспонат сақталғанмен олардың арасында соғысқа дейін латын тілінде жарық көрген кітаптар жоқтың қасы. Көрмеге қойылған кітаптар Астананың Ұлттық кітапханасынан әкелінген. Басым бөлігі - балалар әдебиеті, ғылыми-танымдық басылымдар мен оқулықтар.
"Ортақ түркі әліпбиі" немесе "Жаңәліп" 1929 жылы енгізіліп, ресми түрде 1940 жылға дейін қолданылды. Бұдан кейін оны кириллица жазуы алмастырды.
Көрмені ұйымдастырушылардың бірі Айболат Құрымбаевтың айтуынша, Оралда ескі латын әліпбиінде жарық көрген кітап мүлде қалмаған. Жұбан Молдағалиев атындағы қалалық кітапханада ғана 17 кітап сақталып қалған. Ал архивтен соғысқа дейінгі газеттерді ғана көре аласыз.
"Көрмеге келушілер жаңа латынға қарағанда ескі латын әліпбиінде жазылғандарды оқу оңайырақ екенін айтады. Мен лингвист те, филолог та емеспін, бірақ менің ойымша, осындай әдебиетті оқу жеңілірек сияқты" дейді Айболат Құрымбаев Азаттық тілшісіне.
Орта мектептің 5-6 сынып оқушыларына арналған арифметика оқулығының мұқабасы
Көрмеге қойылған ескі кітаптарды қолмен ұстап, парақтауға болады. "Тек мұқият болу керек" деп ескертеді мұражай қызметкерлері. Суретте көрмеге келушілердің бірі сондай ескі кітаптардың бірін қарап жатыр.
"Әдебиет және өнер" журналының 1940 жылғы сандары
"Қызықты көрме, себебі бұл тіліміздің тарихы ғой. Бірақ меніңше, алғашқы латын әліпби нұсқасы аяғына дейін дұрыстап құрастырылмаған сияқты. Өзіңіз қараңызшы, мына кітап мұқабасында неге "Mark Tben" деп жазылған? Сонда оны "Тбен" деп оқу керек пе?" дейді көрмеге келушілердің бірі Әлия.
"Латын" көрмесіндегі балалар әдебиеті
1938 жылы жарық көрген мектеп оқулығы