Қазанның 19-ы күні Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Орталық Азиядағы тұңғыш атом электр станциясы жобасының басталғанын атап өтті.
Өзбекстанға ресми сапармен барып, жобаның ашылуында сөйлеген Владимир Путин "жаңа атом электр станциясы тұтас аймақты таза әрі арзан электр энергиясымен қамтамасыз етеді" деп мәлімдеді.
- Қуаты 2,4 мегаваттық АЭС-тің екі энергоблогы қымбат емес әрі таза электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ол тек Өзбекстан ғана емес, Орталық Азияның өзге де елдеріне жеткізіледі. Осылайша, Өзбекстан ғана емес, тұтас аймақтағы энергетикалық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді, - деді Владимир Путин.
Соңғы ақпарат бойынша, АЭС Өзбекстанның Науаи облысындағы Тудакул су қоймасында салынады деп жоспарланған. Станцияны ресейлік “Росатом” корпорациясы салады. Жоба құны 11 миллиард АҚШ доллары деп хабарланған. АЭС 2028 жылы салынып бітеді. Станция ресейлік жобамен салынады. Дәл осындай жоба бойынша "Росатом" Беларусьтің Островец қаласында да АЭС салып жатыр.
Қазанның 16-сы күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Тудакул су қоймасында алғашқы АЭС салу туралы Ресеймен келісімді бекіткен. Өзбекстан билігі атом электр станциясының арқасында 4 миллиард текше метр табиғи газ үнемдеуге болады деп үміттенеді.
ТУДАКУЛ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРАСЫ
АЭС салынатын Тудакул су қоймасы Түркістан облысы Шардара ауданынан 500-600 шақырым жерде орналасқан. Атом электр станциясы сияқты қоршаған ортаға әсері бар ірі жобаларды жүзеге асырған кезде әлем елдері көбіне БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы бастамасымен қабылданған Шекаралас тұрғыда қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы конвенциясын басшылыққа алады.
Конвенцияға сәйкес, АЭС салуды жоспарлап отырған ел көрші мемлекеттерге жоба жайлы мүмкіндігінше ертерек ескертіп, хабар беруі тиіс. Бұдан соң хабар алған ел жобаның қоршаған ортаға әсерін зерттеп, оған өз ұсыныстарын жеткізеді. Осылайша, тараптар жобаның мүмкіндігінше қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді.
Ал нақты жағдайда Өзбекстан бұл конвенцияны қабылдамағандықтан өзбек тарапынан қазақ жағына АЭС жайлы хабарлама түспеген. Бұл жайлы Қазақстанның Энергетика министрлігінің Азаттыққа жолдаған ресми жауабында жазылған.
Конвенцияға сәйкес, АЭС салуды жоспарлап отырған ел көрші мемлекеттерге жоба жайлы мүмкіндігінше ертерек ескертіп, хабар беруі тиіс.
“Конвенциямен белгіленген міндеттемелер аталған Конвенцияға қосылған және оған қатысушы мемлекеттерде туындайды. Алайда, Өзбекстан Республикасы Конвенцияның қатысушысы болып табылмайды, сол себепті трансшекаралық елдерді АЭС салуды жоспарлау туралы хабардар етуі бойынша міндеттемелері жоқ. Осыған байланысты, Өзбекстан Республикасынан АЭС салу туралы хабарлама осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының мекенжайына келіп түскен жоқ” делінген министрлік жауабында.
"АПАТ БОЛСА, 500 ШАҚЫРЫМ ТҮК ЕМЕС"
Дегенмен кейбір экологтар конвенцияға қол қоймаса да, екі ел мамандарының АЭС жобасын бірігіп талқылауы тиіс деп есептейді. Себебі, мәселе тұрғындардың өмірі мен экология, қауіпсіздік мәселелері жөнінде болып отыр.
- Апат болса, 500 шақырым дегеніңіз түк емес. Өзге нысандар үшін 500 шақырым алыс болар. Ал нақты жағдайда кез келген мемлекет талқылауға қатысуы тиіс, - дейді "Экофорум" қоғамдық ұйымының жетекшісі Вадим Ни.
Экологтың пікірінше, қоршаған ортаны қорғау бойынша жеке министрлік жоқ болғандықтан мұндай міндетті Қазақстан тарабынан сыртқы істер министрлігі атқара алады. Аталған министрліктің Өзбекстан жағынан жоба жайлы ақпарат сұрауына ешқандай кедергі жоқ. Заңгер тіпті арнайы жұмыс тобын құрса да қисынды деп ойлайды.
- Қазір ақпарат шығып жатқандықтан бәрібір бұл мәселені азаматтар талқылай береді. Бұған қоса, экологиялық ақпарат болмағандықтан мифтер де пайда болуы мүмкін. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде талқылап, халыққа ақпарат беру керек. "Міне, мынадай технология қолданылады. Мынадай қадамдар атқарылады. Мынадай тәуекелдерге барып тұрмыз" деген сияқты. Мемлекет осыны қолға алуы тиіс. Әйтпесе бәрібір бұл мәселе қозғала береді, - дейді Вадим Ни.
"АРГО" азаматтық қоғам даму қауымдастығының аймақтық бағдарлама директоры Қайша Атаханованың пікірінше, бұл мәселеде Қазақстан тарабы Өзбекстанға "бұйрық раймен", қысым жасай алмайды. "Бірақ екі мемлекет басшылығы мәселенің маңыздылығын түсініп, қажетті шараларды жасауы тиіс" деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстан-Өзбекстан шекарасында минадан тазалау жұмысы басталдыЭкологтың айтуынша, қазақстандықтардың шекараның ар жағында қауіпті нысандар бар екен деп алаңдауы заңды. "Апат болса кім жауап береді? Біздің жаққа қауіпті нәрселер өтсе, Өзбекстан тарабы бізге өтемақы төлей ме?" деген сияқты сұрақтардың жауаптары болуы керек дейді ол.
- Көрші ел екенімізді түсінуіміз керек. Солтүстік Қазақстанда Ресеймен шекаралас аумақта осыған ұқсас мәселе бар. Онда өте көп қауіпті нысандар бар. Олар бізге жақын орналасқан. Шекарада 100 шақырым жерде. Бірақ бұл мәселелер жүрдім-бардым шешіліп жатыр. Қазір қоршаған ортаны қорғау министрлігі жоқ. Экологиялық бақылау және реттеу комитеті міндетті түрде айналысуы керек, - дейді Қайша Атаханова.
Экологтың пікірінше, "+3" деп аталатын атом реакторларын соңғы үлгідегі жаңа технология деп атауға келмейді.
- Үшінші буынға жататын атом реакторларының барлығы қауіпті. Бұл сол баяғы реакторлар ғой. Онда авариялар да болған. Бұл туралы ақпарат баспасөзде де, ашық ақпарат көздерінде де бар, - дейді Атаханова.
Ал Қазақстандық электр энергетика қауымдастығының төрағасы Шаймерден Уразалинов "АЭС-ті салып жатқан Өзбекстан", сондықтан "елдің не істесе, өз құқығы" екенін айтады.
- Бұл - Өзбекстанның өз құқығы. Тек баспен істеу керек. Қазіргі технологиямен. Үнемі қауіптене беруге болмайды, - дейді Уразалинов.
Жоспарланған АЭС туралы Өзбекстан тарабына хабарласуға тырысқанымызбен жауап ала алмадық.
Қазақстан БҰҰ-ның Шекаралас тұрғыда қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы конвенциясын (ОВОС) 2000 жылы қабылдаған. Ресми дерек бойынша, бұл конвенция шарттарын Қазақстан мен Қырғызстан тарабы Жерүй және Андаш трансшекаралық жобаларына қатысты қолданған.
Жерүй және Андаш алтын кеніштері Қырғызстанның Талас облысында орналасқан. Кеніштер қазақ шекарасына 40 шақырым жерде.
Жерүй кенішіне қатысты комментарийін Қазақстан билігі Қырғызстан тарабына - 2011 жылы, ал Андаш кенішіне қатысты комментарийін - 2006 жылы жолдаған.
Орталық Азия елдерінде АЭС тек Қазақстанда болған. 1973–1999 жылдары Ақтауда жылдам нейтрондар реакторы жұмыс істеген. Оның қуаты 350 мегаватт болған. Қазір Қазақстанда АЭС жоқ, бірақ Астана мен Мәскеу кем дегенде екі атом станциясын салу туралы келіссөз жүргізіп келеді.