"Жеңіс диктанты". Соғысушы мемлекетке фашизмге қарсы күресі туралы акция өткізу жараса ма?

Ресейдегі Юнармия балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшесі "Жеңіс диктантында". Мәскеу, 29 сәуір 2021 жыл.

Ресейлік мемлекеттік ұйым Қазақстанда Екінші Дүниежүзілік соғыс тақырыбында диктант жазуға негізделген тарихи акция өткізіп жатыр. Бұл бастамаға қарсы азаматтар акцияның саяси астары мен пропагандалық мәніне назар аударып, Украинаға басып кірген Ресейдің мұндай шара өткізуі орынсыз екенін айтады. Билік наразылардың пікірін ескеріп, акция өтпейді деп мәлімдеген. Бірақ әзірге "Жеңіс диктантына" қарсылар тек бір қалада ғана жеңіске жеткен.

Instagram желісіндегі топтардың біріне жарияланған Семейде "Жеңіс диктанты" өтеді деген хабарландыру жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды. "Бүкілресейлік тарихи акция" 3 қыркүйекте қалалық Орталық кітапханада өтеді деп көрсетілген.

Бірақ ұйымдастырушылардың жоспары жүзеге аспайтын сияқты.

ДИКТАНТҚА ТЫЙЫМ САЛУ: СЕМЕЙДЕГІ ПРЕЦЕДЕНТ

— Әлеуметтік желідегі қарсылықты ескеріп, бұл шараны өткізбейтін шығармыз, — деді Азаттық сұрағына телефон арқылы жауап берген Семейдегі "Жеңіс диктанты" акциясының үйлестірушісі.

Әлеуметтік желіде алғашқылардың бірі болып Facebook-тің белсенді қолданушысы, заңгер Руслан Түсіпбеков наразылық білдірді. Ол "Жеңіс диктантын" "бөтен мемлекеттің тәуелсіз Қазақстан территориясында агрессивті милитаристік саясатын насихаттауға талпынысы" деп бағалайтынын жазды.

— Бұл жай ғана мәдени, тіл туралы акция болса, түсінер едім. Мәдениет пен тілге құрметпен қараймын. Бірақ бұған саясат араласқанда... Акцияның әдеттегідей "біздің жеңіс", "аталарымыз соғысты", "тағы да қайталай аламыз" деген ұрандарға негізделетіні белгілі ғой. Бұл – орыс әлемі идеологиясының бір бөлігі. Жыл сайын 9 мамырда жеңіс күнін тойлаудың кері тұсын түсіндіруге тырысамын. Жеңіс культі өлім культіне айналатынын жазғанмын. Айтқаным айдай келді. Кейінгі 20 жылда олар жеңіс күнін тойлаумен және Путиннің билігін күшейтумен ғана айналысты. Қазір осының бәрі өлім культіне айналды, — дейді Түсіпбеков.

Ол Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс жүргізіп жатқан тұста Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жоба ұйымдастыру мазақпен тең деп есептейді. Мәскеу ақпанда көрші мемлекет территориясына әскерін кіргізіп, тәуелсіз Украинаны "денацификациялап", "демилитаризациядан" өткіземіз деп жариялаған. Миллиондаған украин азаматы үйін тастап қашуға мәжбүр болды, ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тауып, қалалар қирады.

Семей қаласы Жеңіс паркінде тұрған танк.

Түсіпбековтың жазбасынан кейін бірнеше сағаттан соң Абай облысының білім басқармасы Facebook парақшасында "Жеңіс диктантын" өткізу туралы өтініш түспегенін хабарлап, кейінірек осы тақырыптағы тағы бір жазбаның астына "3 қыркүйекте қалалық Орталық кітапханада "Жеңіс диктантын" өткізу жоспарланбаған. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми ақпарат көздерінен алынған хабарларға ғана сенуге шақырамыз" деп жазды.

— Олар өтірік айтып отырған сияқты. Өйткені жергілікті биліктің келісімінсіз мұндай шара ұйымдастырылмайды. [Акция үйлестірушісі] диктант өтетін орынды да белгілеп қойған. Барынша қатқыл реакция білдіру қажет. Қазір бейбіт елге қарсы соғыс жүргізіп, әйелдер, балалар мен қарттарды қырып жатқан мемлекеттің Қазақстанда әскери акция өткізуіне жол бермеу керек, — дейді Түсіпбеков.

БАСҚА ҚАЛАЛАРДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Ресейлік "Жеңіс диктанты" сайтында бұл акция Қазақстанның бірнеше қаласында өтеді деп көрсетілген. Бұл – классикалық диктант емес, тестілеу. Акция қатысушылары соғыс туралы 25 сұраққа жауап беруі керек. "Жеңіс диктантын" Ресеймен шекаралас аудандардың әкімшілік орталығы саналатын Павлодар, Петропавл қалаларында, Қарағанды, Қызылорда мен Алматыда өткізу жоспарланған.

Георгий лентасын таққан адамдар Алматыда өткен Жеңіс күні мерекесінде. 9 мамыр 2022 жыл. "Батырларға тағзым" акциясының ұйымдастырушылары осы шараның алдында сары-қара лентаны тақпай келуге шақырған еді. Бұл лента кей постсоветтік елдерде сепаратизм белгісі ретінде қаралады.

— "Жеңіс диктанты" Қазақстанның бірнеше қаласында өтеді: Жамбыл және Ақтөбе облысы, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Степногорск, Семей, Өскемен. Семейде болмайтын шығар, өйткені халық қарсы болып жатыр. Жоба үйлестірушісі газетке "Акция қатысушылары Ұлы Отан соғысы туралы білімін тексере алады. Мұның Ресейге еш қатысы жоқ, Ұлы Отан соғысына қатысқан бұрынғы Совет одағы елдерінің – Қазақстан, Украина мен Молдованың тарихы баяндалады" деген хабарландыру берді, — дейді Нұр-Сұлтандағы Орыс үйінің қызметкері Ольга Скальчук. Ол әлеуметтік желідегі парақшасына "Жеңіс диктантының" хабарландыруын жариялаған. Скальчук биыл екі мыңға жуық қазақстандық акцияға қатысуға ниет білдіріп отырғанын айтады.

Скальчук Орыс үйінің мәдени ағарту жобаларын басқарады. Орыс үйі — шетелде тұратын ТМД және шетелде тұратын отандастар ісі жөніндегі федералды агенттік бюджетінен қаржыландырылатын Россотрудничествоның бейресми атауы. Сарапшылар бұл агенттікті Ресейдің постсоветтік кеңістікте орыс тілі мен ресейлік білімді насихаттайтын "жұмсақ күші" деп қарастырады.

ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР КІМДЕР?

Россотрудничество Кремльдің саясатын ашық насихаттаумен айналысады. Былтыр Мәскеу Қазақстанда орыстілділер дискриминацияға ұшырап жатыр деген мәселе көтергенде Россотрудничество басшысы Евгений Примаков этникалық, ұлттық және русофобиялық негізде шабуылдайтын "қазақ ұлтшылдары" туралы пікір айтқан. Қаңтарда Примаков ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне Асқар Омаров тағайындалғанда агенттік "русофоб албастымен" әріптес болмайтынын жазды. Россотрудничество басшысы Омаровтың "аталарымыз тірі қайтпаған бөтен соғыстың түсініксіз жеңісі" туралы мәлімдемелеріне наразы болған. Қазақстан үкіметі Примаковтың сөзіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Орыс үйі Украинадағы жағдайға қатысты Мәскеудің позициясын қолдайды. Кремль Киевтің заңды билігін батыстың қолдауына арқа сүйеген "неоцистер тобыры" деп атайды. Орыс үйінің Мәскеудегі кеңсесі 28 тамызда Instagram парақшасына "халықаралық антифашистік форум" өтеді деген хабарландыру жариялаған. Онда фашизм құрбандарын еске алу күніне арналған форум "Өткенді ұмытпаймыз – болашақты ойлаймыз" ұранымен өтетіні, прогрессивті әлем "алтын миллиард" елдерінің агрессивті имперализміне тап болып отырғаны, бұл мемлекеттердің билігі әлемнің қалған бөлігін "биологиялық қоқыс" деп атайтыны, нацистердің басқаларды жек көретіні жазылған.

Хабарландыру мәтінінде "Украина фашистік саясаттың басты алаңына айналды. Бандера мен Шухевичтің ұрпақтары АҚШ пен НАТО-ның айтқанына еріп, алау ұстап шерулетуден мемлекеттік төңкеріске, Донбастағы соғысқа, антиРесей құру үшін орыстарға қатысты дүниенің бәрін түп-тамырымен жоюға кірісті" делінген.

Ұйымдастырушылар (оладың қатарында Россотрудничество ғана емес, "Единая Россия" партиясы да бар) "Жеңіс диктантын" көпшілікті "Ұлы Отан соғысының" тарихын біліп, жастардың тарихи сауаты мен патриоттық тәрбиесін арттыруға бағытталған, саясатқа қатысы жоқ акция деп атайды. Акция жеңімпаздарына Ресейдегі жоғары оқу орындарына жеңілдіктер беріледі.

"ДХР", "ЛХР", АБХАЗИЯ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

"Жеңіс диктанты" 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Былтыр сайтқа жарияланған тестілеуде советтік әскери фильмдер, СССР қалалары мен Еуропа астаналарын Гитлер әскерінен азат ету, Қызыл әскердің шабуылдау операциялары туралы сұрақтар бар. Фашистердің Мәскеуге шабуылына тойтарыс беру туралы сұрақта қаланы қорғап қалған Панфиловшылар дивизиясы туралы ештеңе айтылмаған.

Диктант Ресейдің 85 өңірі мен әлемнің бірнеше елінде өтеді. Акция сайтындағы картада курсорды Еуропа елдері, АҚШ пен Канадаға апарса, "Бұл елдер туралы ақпарат нақтыланып жатыр, кейінірек байқап көріңіз" деген жазу шығады. Сайт дерегінше, Азияның бірнеше мемлекетінде 3 қыркүйекте бір-екі онлайн платформа ашылады. Мысалы, Қытайда — екі, халқы көп Үндістанда — бір платформа іске қосылады.

Картада Грузияның сепаратистік өңірлері Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Приднеостровье, ДХР мен ЛХР да жеке "мемлекет" ретінде белгіленген.

Сайттың бас бетінде Ресей президенті Владимир Путиннің: "Тарихыңды біліп, Отаныңның патриоттық, рухани әрі мәдени мұрасына құрметпен қарау өткеннен дұрыс сабақ алуға көмектеседі" деген сөзі берілген. Путин билікке келгені Ресейде жеңіс күнін ерекше салтанатпен атап өту дәстүрге айналған. Өкілетті тұлғалар бұл күнді соғыста қаза тапқан миллиондаған адамды еске алу үшін ғана емес, жаңа әскери техникасын, әлемде "теңдесі жоқ" қару-жарағы мен зымырандарын көрсету үшін пайдаланады.

12 жыл бұрын Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Путин тікелей байланыс кезінде "1945 жылы Ресей басқа советтік мемлекеттердің қатысуынсыз-ақ жеңіске жетер еді" деген пікір айтқан.

"Енді Украинамен қатынасымызға келсек. Бірліксіз жеңіс те болмас еді деген пікіріңізбен келіспеймін. Бәрібір жеңер едік, өйткені біз — жеңімпаздар мемлекетіміз. Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ соғыста Ресей Федерациясының индустриалды ресурстарының арқасында жеңіп шықтық. Бұл — тарихи факт, бәрі құжаттарды жазулы тұр" деген Путин.

Владимир Путин 2022 жылғы 9 мамырда өткен Жеңіс парадында.

2022 жылы 9 мамырда Путин Мәскеудегі Қызыл алаңда тұрып, "Ресей Украинаға басып кіру арқылы өзіне қарсы дайындалған шабуылдың алдын-алды, ең дұрыс шешім осы болды" деп ақталды.

— Ресей режимі СССР-дің Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісін соғыс пен жеккөрініш пропагандасына пайдаланады, — дейді қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Ол Қазақстанда "Жеңіс диктантын" өткізу бастамасына алаңдаушылықпен қарайды.

— Ресей әлі өткеннің елесінен арыла алмай, соғыс культі, жеңіске құрмет идеологиясымен өмір сүріп жатыр. Бұл – Совет одағының мұрасы. Өркениетті әлем елдеріне, Украинаның кейінгі таңдауына қарасақ, олардың бұл күнді болашақта қайталауға болмайтын тарихи сабақ, есте ұстайтын қайғылы дата деп қабылдайтынын көреміз. Қазақстанда мемлекеттік деңгейде жеңіс күніне көзқарас өзгерген жоқ. Бұл кезеңге баға бергіміз келсе, архивті ашып, өткенді қайта қарауымыз керек, — дейді саясаттанушы.

Әлжановтың пікірінше, Қазақстанда Ресей пропагандасын тұтынатын адам көп. Ресейлік арналар әр үйде қосулы, қоғамдық сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің үштен бірі Ресейдің Украинаға шабуылын "нацистерге қарсы арнаулы операция" деп түсінеді. Сарапшы шешім қабылдаушы тұлғалар да Ресейді жақтап, Мәскеуге адалдығын сақтап отыр деп қынжылады. Ол 2015 жылы қазақстандық оқулықтарда аннексияланған Қырым Ресейге ерікті түрде қосылған субъект деп көрсетілгенін (Қазақстан ресми түрде Украинаның тұтастығын қолдайды, бұл оқулықтар қайта басылған) еске салды. Саясаттанушы Ресейдің көрші мемлекеттерді ақпараттық орбитасына тартатын "жұмсақ күші" туралы былай дейді:

— Диктант өткізіп, білім беруге қатысты әртүрлі бағдарламаларды жүзеге асыруға саясатты араластырмай-ақ қоюға болады. Бірақ мұндай жобалардың үнемі саяси астары болады. Әртүрлі идеологиялық образдар қолданылып, белгілі бір ой таратылады. Осының бәрі байқаулар, Қазақстан азаматтарын бағдарламаларға шақыру, телешоу сияқты формада жүреді. Көрші мемлекет азаматтары осылай Ресейдің ақпараттық орбитасына қосылады. Ресейдің бұған қажетті инфрақұрылымы жетіп-артылады, — дейді Әлжанов.

"Жеңіс диктанты" сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 3 қыркүйекте тестке арналған сегіз платформа ашылады. 29 тамызда Kazakhstan Today ақпараттың агенттігі Алматыдағы Орыс үйінің Қазақстан қалаларындағы отыздан астам платформада өтетін диктантқа қатысуға шақырғанын жазды. Бұл шет мемлекеттердегі ең үлкен көрсеткіш. Мысалы, Өзбекстанда бұл акция —алты, Түркіменстанда — бір, Қырғызстан мен Тәжікстанда — үш-үштен, тіпті Ресеймен одақтас Беларустің өзінде алты платформада өтеді деп жоспарланып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин жеңсе, мұнымен тоқтамайды". Ресей соғысы мен пропагандасын зерттеушімен сұхбат