Журналистерге көрінбей дауыс берген Тоқаев, тілшілер сұрағынан қашқан Назарбаев

Дауыс беріп болған соң бюллетень салатын жәшіктің қасында суретке түсіп жатқан сайлаушы. Атырау, 19 наурыз, 2023 жыл.

Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаған 19 наурыз күні елде сайлаушы тізіміндегі азаматтардың 54,19 пайызы дауыс беруге қатысқан. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Байқаушылар сайлау тәртібін бұзу, соның ішінде дауыс беру жәшігіне топтап бюллетень тастау сияқты фактілер тіркелгенін хабарлады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада дауыс берді. Екеуі де журналистерді елемеді.

ОСК дерегі бойынша, ел ішінде дауыс беруге құқылы 12 миллионнан астам адамның 6,5 миллионы (54,19%) бюллетень алған. Ең төменгі көрсеткіш – 25,8 пайыз. Ал Астанада сайлаушылардың 42,9 пайызы дауыс берген.

Дауыс беру көрсеткіші бойынша Қызылорда (67,21%), Қостанай (65,10), Шығыс Қазақстан (64,15), Солтүстік Қазақстан (65,25), Жамбыл (65,21) облыстары алда.

Парламенттің төменгі палатасы – мәжілістегі 98 депутатқа қоса, бұл сайлауда Қазақстандағы жергілікті мәслихаттарға 3415 депутат сайланады.

Жексенбі күні елдегі 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7-де ашылған. Дауыс беру кешкі сағат 8-де аяқталды. Тағы 77 сайлау учаскесі шетелде, 62 мемлекетте ашылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Екінші президент тұсында парламентті екінші рет сайлау

Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні заң талабын бұзу фактілерін тіркеп алғанын хабарлап жатыр: учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылардың жүріп-тұруын шектеген, оларға видео түсіруге тыйым салған, кейбір сайлау учакесінде байқаушыларды дауыс беретін орын көрінбейтін жерге отырғызып қойған.

"Еркіндік қанаты" қоры екі байқаушысы Астанадағы сайлау учаскелерінен "негізсіз қуылғанын" хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысындағы дауыс беру барысын бақылаған белсенді Роман Честных "карусель" деп аталатын айла қолданылғанын көргенін айтады. "Бір адамның бірнеше сайлау учаскесіне барып, дауыс бергенін тіркеп алдық. Өскемендегі сайлауды заңсыз деп таныған жөн, онда "карусель" ұйымдастырғандар бір адамды түрлі учаскеге апарып, бірнеше рет дауыс бергізуде мүлде шектен асып кетті" деді Честных.

"Карусель" тәсілін қолданушылар Алматыда да байқалды деп хабарлады "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы.

Бұған қоса, сайлау учаскесінде сайлау бюллетенін дауыс беру жәшігіне топтап тастау фактілері тіркелгені туралы хабарлар әртүрлі аймақтан түсіп жатыр.

Бас прокуратура жексенбі күні сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап сайлау заңы талаптары бұзылғаны туралы 25 арыз түскенін хабарлады. Оларды тексеру прокурорларға тапсырылған.

Азаттық тілшілері Қазақстанның бірнеше қаласында сайлау учаскесінде дауыс беріп болған соң сол жерде тұрып селфи жасаған немесе қолына сайлау бюллетенін ұстап тұрғанын суретке түсіріп алуды өтінген сайлаушыларды жолықтырды. Олардың кейбірі мұндай суретті жұмыс істейтін орны сұратып жатқанын, өздеріне басшылық сайлауға қатысып, дауыс беруді міндеттегенін жасырмай айтты. Қазақстан заңдарында дауыс беру әр азаматтың міндеті емес, құқы екені жазылған.

Дауыс берген сәтін фотоға түсіріп алуды өтінген сайлаушының тілегін орындап жатқан адам. Орал, 19 наурыз, 2023 жыл.

Алматыдан мәжіліс сайлауына өз-өздерін ұсынған бірнеше кандидат сайлау әділ өтпеді деп тануды сұрап, әкімшілік сотқа арызданды. Сотқа қайырылғандардың қатарында белсенділер - Мұхтар Тайжан мен Санжар Боқаев бар.

"Біз, бірнеше тәуелсіз кандидат, қазір сағат 21.50-де Алматының әкімшілік сотына барып мынау сайлау әділетсіз деп тануды талап етіп, арыз тапсырдық. Қолымыздан келетін әзірше – осы. Ертең баспасөз маслихат өткіземіз" деп жазды Мұхтар Тайжан Facebook парақшасында.

ҚАЗІРГІ ЖӘНЕ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТТЕР ҚАЛАЙ ДАУЫС БЕРДІ?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі күні таңертең Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесі ашылғаннан кейін іле-шала дауыс берген. Оның алдындағы журналистерге президент таңертеңгі сағат сегізден кейін дауыс береді деп хабарлаған. Бірақ айтылған уақыттан кешікпей барған Азаттық тілшісіне президент әкімшілігінің өкілі ол жерге Тоқаев ертерек келіп дауыс беріп кеткенін айтты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Тоқаевтың "жұмыс жоспарында өзгеріс" болғандықтан, ол ертерек дауыс берді деп түсіндірді.

Кейінірек Ақорданың баспасөз қызметінің Telegram-дағы арнасында Тоқаевтың сайлау учаскесінде отырған суреті мен ұзақтығы бір минут видео жарияланды. Онда Тоқаев сайлау учаскесінде дауыс беру бюллетенін алғаннан кейін жасөспірім баламен сөйлесіп, екеуі бірге суретке түскені, одан соң президент сайлау учаскесінде қалай дауыс бергені бейнеленген.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұсұлтан Назарбаев жексенбі күні Астанадағы №393 сайлау учаскесінде дауыс берді. Журналистер оған сұрақ қойып, жауап естігісі келген, бірақ Назарбаев олардың өтінішін елеусіз қалдырып, күзетшілерімен бірге сайлау учаскесінен шығып кетті.

Your browser doesn’t support HTML5

Дауыс беруге келген Назарбаев журналистер сауалына жауап бермей, тілек айтты

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен үкіметтің тағы бірнеше мүшесі жексенбі күні таңертең Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді. Заңға сәйкес, сайлаудан кейін үкімет отставкаға кетуге тиіс. "Жаңа премьер-министр кім болатынын президент пен мәжіліс шешеді" деді журналистердің сұрағына берген жауабында Смайылов.

Биыл қаңтарда Тоқаев парламент мәжілісін таратып, елде 19 наурызда мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар құрамын кезектен тыс сайлау туралы жарлық шығарған. Тоқаев мұндай шешімін былтыр 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында қайтадан президент болып сайланғаннан кейін тура екі айдан соң жария етті.

Оның алдында, былтыр маусымда өткен бүкілхалықтық референдум қорытындысы бойынша, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше мәртебесі Қазақстан Конституциясынан алып тасталды.