Тоқаев Euronews тілшісіне «заңсыз митингілер наразылыққа шыққысы келмеген адамдарға кедергі келтіреді. Сондықтан наразылыққа шығып, өз ойын айтқысы келгендерге арналған заң қабылданады. Олар тиісті органдарға өтініш жазады және оларға жиналып, ойларын айтатын орын беріледі» деді.
«Oyan, Kazakhstan» қозғалысын құрушылардың бірі, осы айда билікке қарсы наразылық кезінде екі рет ұсталған белсенді Димаш Әлжановтың ойынша, бұл – биліктің «диалог жүргізіп жатырмыз» деген көзбояушылығы.
– Бұл – биліктің диалог жүріп жатыр деп, өздерінің жұмысын көрсетпек болған талпынысы. Нақты іс керек, [билік] репрессия әдістерінен, айыппұл салу мен қамаудан бас тартуы тиіс. Соңғы 30 жылдағы саясаттың салдарынан қазір билік пен қоғамның арасы қатты алшақтап кеткен. Қоғамның талабы көп. Жүйені өзгертіп, авторитарлы президенттік басқарудан парламенттік басқаруға өтуді қалайды. Сайлау механизмінің жұмыс істегенін талап етеді. Әкімдерді, маслихатты сайлағысы келеді. Халық тарапынан сұрақ көбейген шақта билік митинг тақырыбын талқылап, басқа мәселелерді көлегейлеуге тырысып жатыр, – дейді ол.
Былтыр Алматы әкімдігіне бейбіт митинг өткізуге 32 рет өтініш жазып, 32 рет рұқсат ала алмаған белсенді Әлнұр Ілияшев Тоқаевтың сөзінен жаңашылдық байқамаған.
– Тоқаевтың «заң қабылданады» деген сөзіне таң қалдым. Мұндай процедура [Қазақстанда] бұрыннан бар. Әр қалада митинг өткізуге арналған орын бар. Бүкіл Алматыға бір орын – «Сарыарқа» кинотеатрының арт жағы белгіленген. Қазіргі заңды өзгертіп қажеті жоқ. Осы заңмен-ақ бейбіт митингіге рұқсат беруге болады. Рұқсат беруге деген ниет керек. Жергілікті атқарушы органдар жоғарғы жақтың немесе президент әкімшілігінің бұйрығымен митингіге рұқсат бермейді, – дейді белсенді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы белсенді, бірнеше рет рұқсат етілмеген митинг кезінде ұсталған Еділ Мәкенді де Тоқаевтың сөзіне таң қалған.
– Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қай ел басқаратынын біле ме? Ол заң қабылдаймыз дейді. Бәлкім, президент барлық заңды білуі міндетті емес шығар. Бірақ ол мұндай заң бар екенін білмей ме? Жұртты ақымақ деп санай ма, әлде бұл еуропалық бақылаушылардың сынына жауабы ма? – дейді ол.
Жер митингісінде, билікке қарсы наразылық шараларында бірнеше рет ұсталып, жазаланған белсенді Сақып Жаңабаева Тоқаев сөзінің артында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр деп санайды.
– Тоқаев бұл сөзді өзі айтып тұрған жоқ. Назарбаевтың сөзімен сөйлейді. Айтқанына сенбеймін. Билік бұл сөзді оянған халықты тағы да алдау үшін айтып жатыр, – дейді белсенді.
1995 ЖЫЛҒЫ ЗАҢМЕН РҰҚСАТ АЛУ ҚИЫН
Қазақстан заңына сай, азаматтар митинг, шеру немесе наразылық шарасын ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берген митингіні ғана заңды деп есептейді.
Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда «мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны» жазылған.
1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру , пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Осы заңның 11-бабында «әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы» деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат берілмейді. Жергілікті әкімдіктер «митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын» айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиынӘкімшілік кодексте заңсыз митингілер, шерулер мен наразылық шараларға жаза қарастырылған. Соңғы кезде сот баннер ілу, баннер ұстап шығу шараларын да «заңсыз митингілердің» қатарына жатқызады. Алматы марафонында әділ сайлауды талап етіп баннер ілген Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков «митинг өткізу ережесін бұзды» деп он бес күнге қамалған. Тағы бірнеше белсендіге айыппұл салынған. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтанда белсенді Болатбек Біләлов Facebook парақшасында АЭС құрылысына қарсы бейбіт митингіге шақырып пост салғаны үшін 15 күнге қамалған.