Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына қалған, коммунистік дәуірде басшылық қызметте болған тұлғалардың ішінде Twitter парақшасын жүргізетін аз адамның бірі Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы бір жыл өтті. Президенттің Twitter парақшасына билікті сынайтын ондаған оқырман пікір қалдырады, бірақ Тоқаев оларға жауап бермейді. Қазақстандық журналистер президенттен сұхбат алу туралы өтініштері елеусіз қалатынын айтады.
ЖЕРГІЛІКТІ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК БАҚ-ПЕН СҰХБАТ
2019 жылы сәуірдің 2-сі күні Тоқаев президент қызметіндегі алғашқы сұхбатын қазақтілді «Егемен Қазақстан» және «Айқын» мемлекеттік газеттеріне берді. Сұхбаттың мазмұны газет бетіндегі иллюстрациядан-ақ анық көрінеді: суретте Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен билеуші «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметінде қалған Назарбаевтың қолын алып тұр. Сарапшылар мен бақылаушылардың сөзінше, елдегі биліктің біраз бөлігі Назарбаевтың қолында қалған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары елді 30 жылға жуық басқарған Қазақстанның бірінші президентін адам құқықтарының бұзу, саяси қарсыластарына қысым көрсету, сайлауды ашық өткізбеу және тәуелсіз ақпарат құралдарын қудалау әрекеттері үшін сынап келген.
2019 жылы маусымның 3-і күні кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында Тоқаев Ресейдің «Россия 24» федералдық арнасына 37-минуттық сұхбат берді. Ол сұхбатта Ресеймен әріптестіктің басымдыққа ие екенін, екі ел қарым-қатынасында өзіне дейінгі президент саясатын жалғастыратынын айтты.
Алты күннен кейін 2019 жылы маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Сайлауалды науқан мен сайлаудан кейін үш күннен соң жедел өткен президенттің ант беру рәсімі Қазақстандағы мыңдаған адам қатысқан наразылық акцияларымен есте қалды. Сайлаудан кейін тоғыз күн өткенде ішкі істер министрі наразылық кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады.
Маусымның 13-і күні Тоқаев Euronews және Wall Street Journal басылымдарына сұхбат беріп, бірінші рет экономикалық дамуға қол жеткізу үшін «саяси трансформацияға» басымдық беретінін айтты.
Желтоқсан айының басында Тоқаев Deutsche Welle басылымының журналисі Жанна Немцоваға 48-минуттық сұхбат берді. Президент сұхбатта Қазақстанның демократияға ұмтылысының өз ерекшеліктері барын айтады.
- Біз өз моделімізге ұмтыламыз. Демократияның дамуына ұмтыламыз. Кей журналистердің сөзіне қарамастан, Қазақстан Республикасында демократия бар, - деді президент.
Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли жыл соңында президент «2019 жылдың наурызынан бері отандық және шетелдік ақпарат құралдарына 16 сұхбат бергенін» мәлімдеді.
Қазақстан президентінің соңғы эксклюзивті сұхбаттарының бірі 2020 жылдың 29 ақпанында Informburo.kz ақпараттық сайтына шықты. Сұхбатта Тоқаев ақпараттық кеңістікте болып жатқан оқиғаларды үнемі жіті назарда ұстайтынын айтқан.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ «АЛДАМШЫ» АШЫҚТЫҒЫ
Баспасөз құқығын қорғаушы «Әділ Сөз» ұйымы 13 журналистің ұсталғанын, олардың бесеуі 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында оқиға орнынан хабар таратын жүргенде қолға түскенін хабарлады. Азаттық қазақстандық редакторлар мен журналистерден Тоқаевтың президенттігі тұсында жұмыс істеудің ерекшелігі туралы сұрады.
HOLA News бас редакторы Гүлнара Бажкенова президенттің ашықтығы «алдамшы», өйткені ол «тек өзі қалаған сұрақтарға жауап беріп, өзі қажет деп тапқан ақпаратты ғана береді» деп есептейді.
- Қоғам тәуелсіз ақпарат құралдары арқылы президентке өзін толғандырған сұрақтарды қоя алмайды, - дейді Бажкенова.
Бажкенова карантин кезінде жағдай бұрынғыдан да «қауіпті» бола бастағанын, «билікке қылмыстық кодекстің «Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату» туралы 274-бабы ұнап қалғанын» айтады.
- Бұл жерге жалған ақпараттың еш қатысы жоқ. Ешқандай БАҚ жалған ақпарат таратуға әдейі бармайды. Төтенше жағдай — тәуелсіз журналистерді жөнге салуға жақсы мүмкіндік, - дейді ол.
Мамырдың басында халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (RSF) баспасөз құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін елдегі коронавирус инфекциясының таралуы туралы хабар таратып жүрген журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырды.
«Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Асыл Сағымбековтың пікірі мүлде бөлек.
- Президентіміз шынымен өте ашық адам және үнемі батыл жауап береді… Twitter және өзге әлеуметтік желілерде маңызды сұрақтарға жауап беріп, әр азаматпен, оның ішінде журналистермен диалогқа ашық екенін білдіреді, - дейді Сағымбеков.
Ол «қандай да бір цензура барын ешқашан байқамағанын», өйткені «адамдар сөз бостандығын әртүрлі түсінетінін» айтады.
- Бұл әр бұрышта ойыңа келгенді айқайлау дегенді білдірмейді. Қоғамда қалыптасқан ережелер бар. Сөз бостандығын белгілі бір идеология аясында бағалауға болады, - дейді ол.
ЖЕРГІЛІКТІ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК БАҚ-ТЫҢ МҮМКІНДІГІ ТЕҢ ЕМЕС
Vlast.kz интернет-журналының бас директоры Вячеслав Абрамов жергілікті және шетелдік ақпарат құралдарына берілген мүмкіндіктер арасында айырмашылық барын айтады.
- Кейбір шетелдік ақпарат құралы президентке өткір сұрақтар қоюға мүмкіндік алды. Бірақ президент қазақстандық ақпарат құралдарына әлі күнге ашық сұхбат берген жоқ. Осыған дейін болған сұхбаттар ресми сипатта болды, - дейді Vlast.kz Тоқаевтан сайлауға дейін сұхбат алуға тырысқанын, бірақ президенттің баспасөз қызметі «оның уақыты жоқ» деген жауап қайырғанын айтқан Абрамов.
«Содан бері бір жыл өтті, ал біз әлі президенттен сұхбат алған жоқпыз», - дейді ол.
Абрамов «елде ішкі цензура артып келе жатқанын, журналистер қауіпті ескеріп, белгілі бір тақырыптарды айналып өтуге тырысатынын айтады.
- Мемлекеттік органдардан ақпарат алу әлі де қиын. Қазақстан сияқты мемлекет үшін елде бар тәуелсіз ақпарат құралдарының саны өте аз, - дейді ол.
EurasiaNet, The Economist, Guardian сияқты шетелдік басылымдарға Қазақстан мен Орталық Азия туралы жазатын британдық журналист Джоанна Лиллис Қазақстанда сөз бостандығына қатысты «мәселе көбін» айтады.
- Провокатор деп атауға болатын белгісіз адамдардың Азаттық журналистеріне агрессивті формада шабуыл жасап, наразылық акциялары мен баспасөз конферециясынан хабар таратуға кедергі келтіруге тырысқанын өз көзіммен көрдім, - дейді ол.
Лиллис Тоқаев қазақстандық және халықаралық ақпарат құралдарына аз сұхбат береді деп есептейді.
- Ол ақпарат құралдарына мүлде ашық емес дей алмаймын. Назарбаевтың тұсындағыдай Тоқаевтан да сұхбат алу ұзаққа созылатын бюрократиялық процесс шығар… Бірақ кез келген басқа президент сияқты ол өз әкімшілігі дұрыс деп тапқан басылымдарға ғана емес, барлық ақпарат құралына ашық болуы керек, - дейді Лиллис.
«Елдегі көп ақпарат құралы белгілі бір тақырыпты көтеруге қорқады, өйткені биліктің реакциясынан сескенеді. Мұндай қорқыныш бар кезде біз сөз бостандығы туралы айта алмаймыз», - дейді ол.
«ПРЕЗИДЕНТ БОЛҒАЛЫ БІРДЕ-БІР БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫН ӨТКІЗГЕН ЖОҚ»
«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұкпан Ахмедияров «Тоқаев өзіне адал ақпарат құралдарына ғана сұхбат береді», сондықтан тәуелсіз журналистерде президенттен сұхбат алуға мүмкіндік жоқ деп есептейді.
- Тоқаев президент болғалы барлық ақпарат құралының қатысуымен, журналистерге кез келген сұрағын ашық қоюға мүмкіндік беретін бір де бір баспасөз конференциясын өткізген жоқ. Біздің редакция президенттің баспасөз қызметіне әртүрлі мәселе бойынша хабарласып көрді, бірақ біздің сұрақтарымыз елеусіз қалды, - дейді Ахмедияров.
Оның пікірінше, елде цензура бары айдан анық.
«Осы жағдайларға қарап, Тоқаев ақпарат құралдарына ашық емес деген қорытынды жасауға болады. Осының бәрі елде сөз бостандығы барын көрсете ме? Әрине, жоқ», - дейді «Уральская неделя» газетінің бас редакторы.
«Шекарасыз тілшілер» ұйымының «Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде»Қазақстан 2020 жылы 180 мемлекеттің ішінен бір сатыға көтеріліп, 157-орынға жайғасқан.
Қордайдағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы жанжалдан кейін Тоқаевтан эксклюзивті сұхбат алған Informburo.kz сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев (https://rus.azattyq.org/a/30585238.html) саясаткерлер сұхбатты өзіне керек кезде ғана беретінін айтады.
- Біздің басылымға берілген сұхбат та - осының бір дәлелі. Сұхбатта президент қоғамға жеткізгісі келетін бірнеше месседж болды. Ол өз ойын жеткізу алаңы ретінде сайтымызды пайдаланды. Сондықтан президент пен ақпарат құралының қалауы сәйкес келсе, мұндай сұхбаттар жиі шығатын болады, - дейді ол.
Дорофеевтың айтуынша, «елімізде нейтралитет сақтау өте қиын», сондықтан кейбір тәуелсіз ақпарат құралы «өте субъективті» болғаны үшін сөз бостандығы принципіне сәйкес келмеуі мүмкін.
- Олар не бір жақты, не екіншісін қолдайды. Бұл – біз куә болып отырған ақпарат құралдарына көрсетілген қысымның нәтижесі. Бірақ мен мұны цензура деп атамас едім, - дейді Дорофеев.
«ТЕЛЕФОН ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ЦЕНЗУРАСЫ»
Атыраудағы «Ақ Жайық» өңірлік газетінің бас редакторы Азамат Майтанов билік журналистерді заңға сәйкес жауапқа тартуы мүмкін деп алаңдайды.
- Қазақстандағы соңғы бап (жала жабу – Ред.) әлі де декриминализацияланған жоқ. Осы бап журналистерге қауіп төндіріп тұр. Өткен жылдың соңында белгілі бір дүниелерге күмән келтірген материал жариялағанымыз үшін редакциямызға қарсы жала жабу бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға тырысты. Наразылық кезінде билікке ұнамайтын сайттарды бұғаттау да бар. Мұның артында халықтың объективті ақпаратқа қол жеткізгенін қаламайтын билік тұр деп ойлаймын, - дейді ол.
Factcheck.kz жобасының бас редакторы Павел Банников елде ценура барын, сондықтан Қазақстандағы сөз бостандығының жайы «нашар» екенін айтады.
- Цензура советтік кезеңдегіден өзгеше сипатқа ие. Қазіргісін телефон құқығының цензурасы деп атауға болады. Мәселен, бір сайтта ақпарат шыққанын, ал бірнеше сағаттан кейін оны өшіріп тастағанын көреміз. Редакция бұл әрекетке өз еркімен бармайды. Осылай жасауға біреудің қоңырауы әсер еткенін білеміз.
Банниковтың сөзінше, елде әлі де «биліктің дегеніне жүрмейтін», журналистика – төртінші билік екенін дәлелдеп келе жатқан тәуелсіз редакциялар бар. «Міне, осылар елдегі ақпарат құралдарының сапасын сақтап отыр. Қазақстанда осындай редакциялар саны артады деп үміттенемін», - дейді Банников.
Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы күні жыл сайын мамырдың 3-і күні аталып өтіледі. Биыл ақпарат құралы қызметкерлерінің қауіпсіздігі, саяси және коммерциялық ықпалға түспеген тәуелсіз және кәсіби журналистика және медиадағы гендерлік теңдік тақырыптары таңдалған.
Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы күніне орай 1993 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан халықаралық конференция биыл коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді.