Елді мекеннен 20 шақырым жердегі тау баурайына барып құлшылық қылған православ шіркеуінің қызметкері Владимир Воронцовқа "Діни қызмет пен діни бірлестіктер" туралы заңды бұзды, заң тыйым салған мекенде діни рәсім жасады деген айып тағылған.
Шілденің 24-інде Меркедегі шіркеу священнигі Владимир Воронцов православие үйірмесіне мүше бес ата-ана мен 30 баланы ертіп, аудан орталығынан 20 шақырым жерге 12 күндік демалыс сапарына аттанады. Жасы 7 мен 17 арасындағы барлық бала православ отбасыларынан шыққан. Саяхатшылар Сұрат шатқалындағы аңшылық аумағының иелерінен рұқсат алып, лагерь тігеді. Үлкен әскери палатканы құлшылық қылатын жылжымалы шіркеу етіп жасақтайды. Демалыстың оныншы күні Воронцовты біреулер іздеп келеді. Священниктің Азаттыққа айтуынша, бес көлікке мінген жергілікті әкімдіктің, полиция мен ҰҚК-нің өкілдері лагерьге жетіп келеді.
- Билік өкілдері белгісіз шағым айтушының арызы бойынша тамыздың 2-сінде тексеруге шыққан. Олар хаттамада жазылғандай - "әкімшілік құқық бұзушылық" болғанын анықтады. Түскі ас кезінде жетіп келіп ары-бері жүріп алды, палаткаларды тексерді. Кәмелетке толмағандардың ісі бойынша бөлім өкілдері-ау деймін, жүріс-тұрыстары дөрекілеу. Балалармен сөйлесіп, қитұрқы сұрақтар қоя бастады. Кішкентай балалар қорқып қалды, психологиялық соққы жеді. Құқыққорғау органдары мен әкімдік өздері айтқандай заң бұзылғанын анықтаса, мұндай заңбұзушылықты болдырмауы тиіс еді ғой? Маған балаларды тарату туралы жазбаша ескерту берсе, үйіме кетер едім. Егер заңбұзушылық десе, онда балаларды тауда екі күн қалай қондырып қояды? - деп сұрайды ол.
Священниктің сөзінше, билік өкілдері қандай да бір "заңбұзушылықтың" алдын алмаса, өздері де заң бұзуға қатысқан болып шығады.
Владимир Воронцов:
- Бұны жергілікті билік органдарының президент саясатына қарсы арандату әрекеті деп санаймын. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірнеше мәрте Қазақстан қос қанатты бүркіт, біреуі ислам болса, екіншісі - православие деген. Бір қанатын жұлым тастасақ, бұл мертіккен құс қайтіп ұшады? - деп таусыла сөйлейді.
Священник ешбір заңда табиғат аясы мен тауда құлшылық қылмау туралы нұсқау жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, "Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы" заңда діни рәсім мен құлшылық мемлекеттік органдарда, әскери орындарда, мектептер мен балалар ұйымдарында жасалмауы керек деген бір-ақ пункт бар.
- Олар мені осы заңның 7-бөлімінің 2-тармағын бұзды деп айыптайды. (бұл бөлімде құлшылық діни орынға жақын тұратын адамдардың мүддесіне қайшы келмеуі туралы жазылған - ред.) Кімнің мүддесін бұзыппыз? Жабайы аң-құстың ба? Балаларды тауға апарып сейілдету үшін де әкімнен рұқсат сұрауым керек пе? Абсурд қой? 1937 жыл емес қой қазір? - дейді Владимир Воронцов.
Священниктің сөзінше, оның үстінен әкімшілік іс әлеуметтік желідегі азаматтық белсенділігіне байланысты қозғалып отыр. Соңғы үш жыл ішінде Воронцов Меркедегі жүзжылдық қарағаштарды шабуға қарсы шыққан, прокуратураға шағымданып жүріп әкімдікке шіркеу маңындағы ағашты шапқызбай қойған.
Азаттық тамыздың 11-інен бастап Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаевадан комментарий алуға тырысты. Бірақ хатшысы Боранбаева ханымның орнында жоқ екенін айтумен болды. Ақыры жұмыстан табылған кезде ол БАҚ-қа комментарий беруге уақыты жоқ екенін айтты.
Мерке аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ринат Жантаев "бұл мәселеден бейхабар екенін, жігіттердің сотта айналысып жатқанын" ғана айтып, телефон тұтқасын қоя салды. Жамбыл облыстық дін істері басқармасымен хабарласу мүмкін болмады, ешкім телефон тұтқасын көтермеді.
Владимир Воронцовтың соты тамыздың 18-інде жалғасады.