"ШЕРУГЕ ШЫҚПАЙТЫНЫМ ЖАЙЛЫ ҚОЛХАТ СҰРАДЫ"
Қыркүйектің басында Жаңаөзеннің орталық алаңында "Қазақстандағы Қытайдың 55 жобасына қарсы" акцияға қатысып, сөз сөйлеген Құлмұрат Сұлтанбаев өзін полиция қызметкерлері 17 қыркүйекте бөлімшеге апарып, бірнеше сұрақ қойғанын айтты.
- "21 қыркүйекте митингіге шықпаймын" деп қолхат бер деді. Мен бас тарттым. Себебі елдің бәрі шықса, мен де шығамын. "Ол – менің позициям" дедім. Менен Мұхтар Әблязов пен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым - ред.) туралы сұрады, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Жаңаөзендегі қарсылық акциясына қатысқандардың тағы бірі Алма Қарашаева өзін және наразылық шарасында сөз сөйлеген басқа адамдарды да полиция шақырып, "әңгіме" өткізгенін айтты.
Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты Жаңаөзен қалалық полиция департаментіне хабарласқанымен, ресми жауап ала алмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңаөзендіктер Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы шықты"ЖАҢАӨЗЕНГЕ ҚАЙТАРМАУДЫҢ АМАЛЫ"
Жаңаөзенде "Қытай жобаларына" қарсылық акциясы кезінде сөз сөйлеген "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнайшылары Нұрлыбек Нұрғалиев пен Мұратбай Жұмағалиевті қыркүйектің 12-і күні Алматыға тренинг-семинарға жіберген. Айтуларынша, әуелде бір аптада аяқталады деп хабарланған оқу мерзімі кейін тағы бірнеше күнге ұзартылған.
- Бізбен бірге "Өзенмұнайгаз" басшысының орынбасары Мәмбет Сапаев та [Алматыға] барды. Оқуымыз қыркүйектің 18-інде бітуі тиіс еді, бірақ қыркүйектің 23-іне дейін созып отыр. Бұл бізді не болса да Жаңаөзенге қайтармаудың амалы деп ойлаймыз, - дейді Нұрлыбек Нұрғалиев.
2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы (еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылар ереуілін полиция оқ атып таратқан) кезінде тамағына оқ тиіп жараланған мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиев пен Жаңаөзен оқиғасынан соң үш жыл шартты жаза және екі жыл сынақ мерзімін өтеп шыққан Мұратбай Жұмағалиев – осы уақытқа дейін қаланың әлеуметтік проблемаларын, жұмыссыздық пен Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккендер мәселесін көтеріп жүрген белсенділер.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының тағы бір қызметкері Шолпан Өтекеева кезекті еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, өзін Атырауға оқуға шақырып, "мазалап жатқанын" айтты.
Ал "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Әділ Сүйеубай мұнайшылардың оқу-семинары республикалық кәсіподақтар федерациясы бастамасымен өтіп жатқанын айтты. Ол "бұл семинарды саясатпен байланыстырудың қажеті жоқ" дейді.
- Біз негізі бұл оқуды кейінге қалдырғымыз келген. Бірақ кәсіподақтар бастамасымен 140 цех бастықтарына еңбек кодексі, еңбек қауіпсіздігі туралы оқу өткізіп жатырмыз. Семинардың саясатқа қатысы жоқ, - деді Сүйеубай.
2-3 қыркүйекте Жаңаөзенде бір топ тұрғын қала әкімдігінің маңына жиналып, Қазақстанда "Қытайдың 55 зауытын салуға" қарсылық білдірді. Олар биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Пекинге бармауды талап еткен (Тоқаев 11-12 қыркүйекте Қытайға ресми сапармен барып, бірнеше құжатқа қол қойып қайтты).
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай экспансиясына қарсы" акция бірнеше қалада жалғасты4 қыркүйекте Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Семейде ондаған адам Жаңаөзендегі наразылық шарасын қолдап, "Қытай экспансиясына қарсылық" акциясын өткізген. Ресми Нұр-Сұлтан елде "Қытайдың 55 зауыт салынады" деген ақпаратты "жалған" дейді, бірақ Пекинмен бірлескен 55 жоба барын, оның кейбірі іске асырылып жатқанын айтады. Үкімет осы 55 жобаның арқасында Қазақстанда 20 мың жұмыс орны ашылады деп мәлімдеген.
16-18 қыркүйекте Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбеде оннан астам белсенді "бейбіт митингіге қатысу заңын бұзды" деген айыппен әкімшілік соттың шешімі бойынша бірнеше тәулікке қамалды. Жазаланғандардың басым бөлігі – қыркүйектің басында елде "Қытай жобаларына қарсы" өткен акцияларға қатысқандар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай жобаларына қарсы шыққан бірнеше белсенді қамалдыҚыркүйектің басындағы наразылық шаралары кезінде полиция ешкімді ұстамаған. Ал жауапқа тартылғандарға құқық жағынан көмек көрсетіп жүрген "Qaharman" қозғалысы белсенділердің қуғындалуын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған тіркелмеген ұйым) 21 қыркүйекке жоспарлаған наразылық шарасымен байланыстырады.
ҚДТ қозғалысының жетекшісі, Қазақстан билігін сынаушы, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы жұртты 21 қыркүйекте митингіге шығуға шақырған.
Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының барлық шарасын "заңсыз" деп атайды. Ел заңына сай, азаматтар қандай да бір наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Биліктен рұқсат бермеген митингілердің бәрі "заңсыз" деп танылып, оның қатысушылары әкімшілік жауапқа тартылады. Батыс елдері мен құқық қорғаушылар Қазақстанның митинг туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп жиі сынайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Human Rights Watch Тоқаевты "қысымды доғаруға" шақырды