Ақтөбенің әкімшілік соты тұрғындарды қарсылық митингіне шақырған жергілікті белсенді Тарбия Алмышеваға "митингілер ұйымдастыру мен өткізу туралы заң талабын бұзғаны" үшін ескерту берген.
"Демократиялық партия" ұйымдастыру жөніндегі аймақтық комитеттің жетекшісі Тарбия Алмышева WhatsApp мессенджері арқылы облыс тұрғындарын 6 маусымда сағат 11:00-ге Ақтөбедегі Өнер орталығы жанындағы алаңға жиналуға шақырғанын растайды. Ол Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровты бейбіт жиын өткізетіні туралы екі рет хат жолдап ескерткенін айтады.
"20 мамырдағы бірінші өтінішіме қала әкімдігінен "карантинге байланысты митингіге рұқсат бере алмаймыз" деген жауап алдым. 29 мамырдағы екінші өтінішіме ешқандай жауап болмады. "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заңда билік үш күн ішінде жауап бермесе келісім деп қабылданатыны жазылғандықтан жұртты митингіге шақырғаным рас", - дейді Алмышева.
Белсендінің сөзінше, наразылық шарасына биліктен халықтың екінші деңгейлі банктерге несие борышын кешіруді, жерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға сатпауды және жалға бермеуді талап етіп шықпақшы болған. Бірақ 6 мамыр күні таңертеңгі сағат 9:00 шамасында полиция белсендіні бес жақтасымен бірге көшеден әкетіп, сағат 16:00 дейін полиция бөлімінде ұстап, Алмышеваға хаттама толтырған соң бәрін қоя берген.
Ақтөбе әкімшілік соты Тарбия Алмышеваның ісін 7 маусымда қарап, қаулы шығарған. Белсенді сот қаулысына қарсы шағым бермейтінін айтты.
Қоғамда сынға қалған "Бейбіт жиын туралы" биыл қабылданған жаңа заң күшіне енген 6 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке наразылық акциясын өткізбек болған азаматтарды полиция жаппай ұстап әкеткен еді. Сол күні Азаттық тілшісі Ақтөбедегі Өнер орталығы маңынан кемінде он адамды полиция күштеп әкеткенін көрді.
Оқи отырыңыз: Билік оппозиция митингісіне шыққандарды алаңға өткізбей, жүзден аса адамды әкетті
Бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топтың басшылары – Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, журналист Жанболат Мамай халықты билікке қарсы митингіге шақырған еді. 6 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан мен тағы бірнеше қалада оппозициялық күштердің соңғы үш айдан бергі алғашқы көлемді наразылық акциясына жиналғандар биліктен несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды және жалға бермеуді талап етті.
Азаттық тілшілері 6 маусымда алты қалада жүзден астам адамды полицияның көшеден күштеп әкеткенін көрді. Бақылаушылар сол күні кемінде 311 адам ұсталған деген дерек келтіреді.
Қазақстан ішкі істер министрлігі 6 маусымдағы наразылық кезінде 53 адам ұсталғанын, олардың сегізі әкімшілік жауапқа тартылып, жетеуіне айыппұл салынғанын, бір адамға ескерту беріліп, "билік өкіліне күш қолданған" екі адамға сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. "Қалған азаматтар профилактикалық әңгімеден соң босатылды" дейді ІІМ.
Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі кезінде қабылданған "Бейбіт жиын туралы" жаңа заңның халықаралық стандарттарға қайшы келетін тұстары барын айтады.