Қазақстандық тарихшы профессор Мәмбет Қойгелді елде 1916 жылы болған көтеріліс тарихы тар ауқымда қарастырылып келгенін айтады. Оның пікірінше, Ресей патшасы Екінші Николайдың Орталық Азия мен Сібірдегі «бұратана халықтардан» 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алу жайлы «Реквизициялау туралы» жарлығына қарсы шыққан көтерілісті бір ел ауқымында бағалау жөн емес.
– Методологиялық-теориялық тұрғыдан қарағанда тар арнада қарау қате болып шықты. Кең арнада, тіпті Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік контексте, тарихи үрдістер ішінде қарау қажет. Себебі бұл мезгілде Орталық Азияда ояну үрдісі жүріп жатты, – деді Мәмбет Қойгелді Астанада өткен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда.
«ДІНГЕ ҚЫСЫМ МЕН ТЫЛҒА ШАҚЫРУ»
Қазақстандық тарихшының пікірімен қырғызстандық тарихшы Толобек Абдырахманов та келіседі. Ғалым оған қоса Орталық Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс себептерін түгендегенде діни фактор да көп айтылмай келеді деп біледі.
– Жергілікті халықтың көтеріліс жасауына жанама түрткі ретінде діни жағдай әсер еткен. Мәселен, сол кездері тек Қырғызстанда 200-дей ауылда шіркеулер жұмыс істеп тұрды. Шіркеу салуға ешқандай шектеу болмады. Ал мешіт салу үшін отаршыл генерал-губернатордың арнайы рұқсаты керекболған, – дейді қырғыз ғалымы.
Толобек Абдырахманов патшалық Ресей билігінің дінге қысымы Қырғызстанда 1916 жылғы жарлыққа қарсы көтерілісті қоздырған себептің бірі деген пікір айтады.
– Осындай шетін жағдайда патшаның тылға адам алу жарлығы жетті. Ол дәлораза кезі еді. Молдалар «оразаны ешкімнің бұзуға хақы жоқ» деп жастарды қарсылыққа алып шықты, – дейді тарихшы.
Татар ғалымы, Қазандағы Маржани атындағы тарих институтының жаңа тарих кафедра меңгерушісі Ильдус Загидуллин Орталық Азияның кей елдерінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде дін мәселесі де маңызды болғанын айтады.
– Осман империясы Ресей, Англия, Франция мұсылмандарына өз мемлекеттері мен билігіне қарсы жиһадқа шығуға пәтуа шығарды. Ресей билігі дереу әскери бөлімдерде діни көңіл-күйді қадағалауды қолға алып, молдаларды идеологиялық қызметкер ретінде пайданаланды. Себебі армияда мұсылман офицер өте аз еді, – дейді ол.
Ильдус Загидуллин Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Орталық Азиядағы халықтарды тыл еңбегіне шақырып жатқан кезде татарлар мен башқұрттар патша боданы ретінде соғыста жүргенін айтады.
– Бастапқыда майдан даласында молдалар жетпегендіктен қаза болған мұсылмандарды христиандық діни жоралғы бойынша жерлеген. Бұл жауынгерлердің көңіл-күйіне теріс әсер етті, – дейді ол.
Ал қазақстандық ғалымдар елдегі 1916 жылғы көтеріліске діннің қандай қатысы болғаны анықталмағанын айтады.
– 1916 жылғы көтерілістегі дін мәселесі Қазақстанда әлі зерттелмеген, – дейді түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
1916 ЖЫЛҒА ӘРТҮРЛІ ПЕЙІЛ
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда бұл оқиғаға Орталық Азия елдерінде әртүрлі деңгейде мән берілетіні де сөз болды.
Қырғызстандық тарихшы Тынчтыкбек Чороевтың (Чоротегин) айтуынша, қырғыз қоғамында 1916 жылғы көтеріліс пен үркіншілікке қызығушылық жоғарғы.
– Қырғызстанда мемлекет ақша бөлмесе де, сценарий бекітпесе де, ықтиярлы азаматтар өз күштерімен көркем фильм түсіріп жатыр, – дейді ол.
Қырғызстан биыл тамызда 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығын елпрезидентінің бұйрығымен атап өтпек.
Қазақстандық жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт бұл елде Қырғызстанмен салыстырғанда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көркем өнерде бейнеленуі мардымсыз екенін айтып қынжылады.
– 1916 жылғы көтерілістің бірі Қарқара көтеріліс туралы Совет Одағы кезінде Мұхтар Әуезов «Қилы заман», тәуелсіздік кезінде Бексұлтан Нұржекеұлы «Әй, дүние-ай» романын жазды. Бірақ Қарқара көтерілісінде қазақ пен қырғызға бірдей басшылық жасаған Жәмеңке Мәмбетұлының әдеби келбетін әлі күнге дейін жасай алмай жүрміз, – дейді ол.
1916 жылы 25 маусымда Бүкілресей императоры Екінші Николайдың Астрахань губерниясы мен Сібірдегі және Орта Азиядағы «бұратана» жұрттарды майдандағы армияның қорғаныс құралдарын салуға мобилизациялау жайлы жарлығы шықты. Бұл жарлық бойынша 19-43 жас аралығындағы 400 мың адамды қара жұмысқа тартпақ болды.
Бұл жарлықтан кейін Қазақстанда және Орталық Азияда ірілі-ұсақты көтерілістер болды. Патша үкіметі мұндай көтерілістерді басу үшін жазалаушы отрядтар жіберіп, мыңдаған көтерілісшіні түрмеге қамап не өлім жазасына кесіп, жүз мыңдаған адамды көрші елдерге бостырды. Қазақ даласындағы бұл көтеріліс 1917 жылы Екінші Николай император тақтан құлағанға дейін жалғасты.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: 1916 жылғы оқиғаға қатысты Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатында сақталған суреттер (үстінен бассаңыз, толық форматта көре аласыз).