Астана декларациясы әупіріммен қабылданды

Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) ЕҚЫҰ саммитінің президиумында. Астана, 2 желтоқсан, 2010 жыл.

Сағат тілі түнгі 1-ге қарай жылжығанда барып, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті аяқталды. Түн ортасы ауғанда барып Астана декларациясының қабылданғаны мәлім болды. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің делегациялары саммиттің екінші күні түс әлетінен-ақ декларация мәтінін талқылап, талдауды жабық есік жағдайында жалғастырған еді.


ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінің екінші күнгі жұмысында қорытынды құжатты қабылдау үшін түстен кейіннен басталған жабық есік жағдайындағы талқылау тым ұзаққа созылды.

Саммит жұмысы бұған дейін тікелей эфирден көрсетілгенімен, екінші күні түстен кейін бұл тікелей трансляция тоқтап, саммит жұмысын бақылап отырған шетелдік және қазақстандық журналистер «Шабыт» баспасөз орталығында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбав қорытынды баспасөз мәслихатын өткізіп, Астана декларациясы жайында мәлімдейді деп, сағат сайын сарғайып күтумен болды. Олар сол күткеннен мол күтіп, бұл күту түнге 12-ге дейін жалғасты.

Уақыт түн жарымына жақындағанда қорытынды мәжіліс жұмысы тікелей эфирге қайта шығарылып, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер делегацияларының күні бойғы пікірталасының бір мәмлеге келгені белгілі болды.

Саммиттің қорытынды мәжілісін ашқан Қазақстан президенті Астана декларациясы қабылданды деп мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев Астана декларациясы ЕҚЫҰ-ның өміріндегі жаңа кезеңге бастау болып отыр деп бағалады.

Саммитті ұйымдастырушылардың пайымынша, ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясы ұйым жұмысының демократияны нығайтып, халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған негізгі шарттарын тағы бір мәрте бекіте түсті делінеді.

"ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінің декларациясы Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құруға бастау болады деп сенемін", - деп атап көрсетті Назарбаев өз сөзінде.

Қазақстан президенті Н. Назарбаев саммит жұмысына қатысқандардың баршасына алғыс білдіріп, келген қонақтардың қайтар жолдарына амандық тілеумен Астана саммитінің аяқталғанын хабарлады.

Мұнан соң Қазақстан президенті түнгі сағат бірден кейін баспасөз орталығында күтіп отырған журналистерге арнап, баспасөз мәслихатын өткізді.

"Рейтер" агенттігінің журналисі мен Ауғанстан,Түркия жаңалықтар агенттіктерінің тілшілерінің және жергілікті телеарна мен газеттер журналистерінің ғана сұрақтарына жауап берген Қазақстан президенті уақытының тығыз екендігін айтып, сөз соңында баспасөз өкілдеріне де алғыс білдірді.