Ниқабын шешкен мұсылман әйел білімге ұмтылады

Көрнекі сурет

Азаттық тілшісімен өз қалауы бойынша жолыққан, өзін дәстүрлі емес діни топ мүшесі деп санайтын ақтөбелік келіншек діни азшылықтың көпшілікке беймәлім өмірі туралы айтып берді.

Гүлфайруз Азаттыққа сұқбатты біресе автокөлік салонында, біресе кісі қарасы аз кафеде бермекші болып, шешімін сан мәрте өзгерткен болатын. Ақыр соңында ол тілшімен Ақтөбедегі шағын кафелердің бірінде жолықты. Сұқбат барысында есік жаққа қайта-қайта қарағыштап отырып басынан өткен жайттарды баяндай бастады.

НИҚАБТАН – ХИДЖАБҚА

Осыдан 5 жыл бұрын Атыраудың базарында ойыншық сатып тұрған Гүлфайруздың өмірі ақтөбелік Хамзаны кездестіргеннен соң күрт өзгеріп шыға келген. «Ақша жинап, оқуға түссем» деген арманын ұмытып, тұрмыс құрады да Ақтөбеге қоныс аударады. Алғашында қарсылық көрсеткенімен кейін күйеуінің өтініші бойынша ниқаб киіп, «такфиршілік бағытындағы» уағыздарына ден қоя бастайды. Телевизор қараудан, радио тыңдаудан да тиылады. Бірақ мұндай тақуалыққа қатысты күн сайын күмәні қалыңдай береді.

– Мен өзімнің де, күйеуімнің де діни білімінің шалалығын іштей мойындайтынмын. «Жиһад», «харам», «ширк» секілді мәселелерге қатысты іштей қарсылығым да болды. Бірақ, оны күйеуімнен өзге ешкімге айтқан емеспін. Ал оның құлақ асқысы келмеді. «Діни білім алғым келеді» деген қалауыма да қарсы шықты. Мен айтқанымнан қайтпадым. Ақыры ажырасып тындық, – деп мұңайды отыздардың үстіндегі қараторы келіншек.

Көрнекі сурет


Гүлфайруз Азаттық тілшісімен әңгімесінде 4 жыл бойы «ниқаб» кигенін айтады. Ниқаб – әйелдің бет-жүзін түгел жауып, екі көзін ғана көрсетіп тұратын киім. Ері «талақ» еткен (шариғат бойынша ажырасқан – ред.) соңғы бір жылда Гүлфайруз ниқабын шешіп, хиджаб киіп жүр. Әйтсе де ескі әдетінше көзін төмен түсіріп, жүзін қолымен көлегейлей береді.

– Бір-екі рет ниқабпен Ақтөбедегі «Нұрғасыр» мешітіне барғанымда кіргізбей, кері қайтарып жіберген еді. Содан бері ол жаққа аттап басқаным жоқ. Ниқаб киетін ухтилардың (кейбір мұсылмандық топтардың әйел мүшелері бір-бірін осылай арабша атайды, мағынасы – «әпке я сіңілі» – ред.) қай-қайсы да қазір мешіттерге кіре алмайды, – дейді Гүлфайруз.

Азаттық тілшісінің «Үйде де ниқаб киюші ме едіңіз?» деген сауалына Гүлфайруз «жоқ» деп жауап берді. Оның айтуынша, «ухтилардың» барлығы күйеуімен оңаша қалғанда боянып, сыланады, түрлі пеньюар киіп, шаштарына сәнді пішін жасайды. Бірақ Гүлфайруздың ұғымында, некелі жарынан өзге еркек дін жолын ұстанатын әйелдің мұндай жеке өмірдегі әдемілігін көрмеуі керек.

«АХИЛАР» МЕН «УӘЛИЛЕР»

Егер ер адамның өзге әйелге көңілі кетіп, көзі түссе, күнә арқаламас үшін оған үйленуге міндетті деп есептейді ол. Мұндай жағдайда діни топтың ер мүшелері некелі жарын талақ етіп кете беруі мүмкін. Гүлфайруз атын атағысы келмеген өзі танитын бір «ухтидың» осылайша 4 мәрте тұрмыс құрғанын айтты.

– Бір жақсысы – ері талақ еткен әйел діннен кетпейді. Оның бала-шағасы да, өзі де «ахилардың» (діни топтың ер мүшелері – ред.) қамқорлығында болады, – дейді Гүлфайруз.

Гүлфайруз ақтөбелік күйеуінен ажырасқалы бері оған «уәли» тағайындалғанын айтады. Гүлфайруздың сөзінше, «уәли» дегеніміз – өз бетінше шешім қабылдауға хақы жоқ мұсылман әйел затының қамқоршысы.

Хиджаб тағып отырған колледж студенттері. Шымкент, 4 мамыр 2010 жыл.


– Қыз-келіншектердің әкесі, не туған ағасы болған күннің өзінде олар дін жолын ұстанбаса, уәли бола алмайды. Мысалы, менің өз уәлиіммен ет жақын туыстығым жоқ, – дейді Гүлфайруз.

Оның айтуынша, күйеуі талақ еткен соң Гүлфайрузға тағайындалған уәли – балалы-шағалы адам. Оның түсіндіруінше, дін жолында жүрген қыз-келіншектердің болашақ жарларын «уәлилері» таңдайды. Олар үшін маңызды басқа да шешімдерді «уәлилері» қабылдайды.

Гүлфайруз ақтөбелік такфиршілердің өзі мүше діни қауымдастығында қанша адам барынан бейхабар. Білетіні – қауымдастық мүшелері ай сайын кісі басына 3 мың теңгеден садақа жинайды. Ақтөбедегі жеке компаниялардың біріндегі жұмысы үшін 30 мың теңге жалақы алатын Гүлфайруз садақа беруден ешқашан бас тартып көрмеген. Өйткені өзі «ухти» деп атайтындардың арасында не жұмысы, не асыраушысы жоқ әйелдердің көптігін жақсы біледі. Ай сайын 3 мың теңгеден жиналатын қаржы дін жолын ұстанатын мұқтаж шаңырақтарға тиесілі. Оның білуінше, өткен Құрбан айт мерекесі кезінде 800 мың теңге жиналған. Оны «ахилар» Ақтөбе қаласы мен басқа үш аудандағы мұқтаж мұсылмандарға бөліп берген.

Дін туралы танымы күйеуінің, не уәлиінің шала-пұла сауатынан әрі аспайтын қыз-келіншектердің көзін ашқым келеді.


– Біздің «тәкеңдер» ғана емес, «мәкеңдер» мен «сәкеңдер» де (орысша «такенские, сакенские и макенские» деді – ред.) солай етеді. Яғни мұқтаж шаңырақтар үшін қаржы жинайды, – деді Гүлфайруз.

Азаттық тілшісінің «Тәкең, Мәкең, Сәкең деген кімдер?» деген сауалына ол «такфиршілер, мадхалишылар мен салафилер» деп жауап берді. Бұл үш топты да Қазақстан билігі мен «ресми исламды» насихаттаушы ҚМДБ «дәстүрлі емес» деп сипаттайды. Гүлфайруз өзі ұстанатын діни бағыт мүшелерін «агрессивтік, кертартпа және жиһадты қолдаушы» деп сипаттайтындарға үзілді-кесілді қарсы. Ол өзі танитын діни топ мүшелерінің әртүрлі екенін, ішінде өзі құсаған терең діни білім алғысы келетіндердің де бар екенін айтады.

– Арманым – Мысырдағы «Әл-Азхар» университетінен білім алу. Дін туралы танымы күйеуінің, не уәлиінің шала-пұла сауатынан әрі аспайтын қыз-келіншектердің көзін ашқым келеді. Аллаһ қаласа, ол арманыма да жетермін, – деді Гүлфайруз әңгімесінің соңында.

Азаттық тілшісімен қоштасарда жан-жағын асықпай барлап алды да, жылдам басып әп-сәтте көзден ғайып болды.