Жаңаөзенде жұмбақ жағдайда белсенді жұмысшы қаза тапты

Жаңаөзен қаласының атауы жазылған белгі.

«МұнайФилдСервис» компаниясының Жаңаөзендегі өндіріс аймағында жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда компания бастығының орынбасары қамауға алынған. Ал маңғыстаулық мұнайшылар жаппай «Нұр-Отан» партиясының қатарынан шыға бастады.

Жаңаөзен қалалық полициясы тамыздың 8-і күні «МұнайФилдСервис» компаниясының жұмысшысы Жақсылық Турбаевтың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 96-шы бап яғни, адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Олар тергеу құпиялығын алға тартып, басқа ешқандай сұрақтарға жауап бермей отыр.

Жаңаөзен қаласында орналасқан «МұнайФилдСервис» компаниясының жұмысшысы 28 жастағы Жақсылық Турбаевтың өлімі туралы ақпарат осы апта басында ғана белгілі болды.

«ҰРЫП ӨЛТІРГЕН»

Компания жұмысшыларының айтуынша, оқиға тамыздың 3-і күні түстен кейін болған. Дәл осы күні бригада құрамындағы өзге жұмысшылар тапсырмаға кетіп, жұмыс орнында бұрғышы Жақсылық Турбаев жалғыз қалған екен.

- Бұрғышы Турбаев сол жерде қарауыл есебінде қалған. Машинисті басқа бригадаға цементажға жіберген. Ал цементажға машинист керек емес. Ол жақта он екі мен сағат үштің арасында болған машинист бригадасына қайтып барса, Жақсылықты жатқан жерінде табады, - дейді қаза тапқан азаматпен бірге жұмыс істейтін Тимур Мәмбетов.
Еламан Турбаевтың айтуынша, сот-медициналық сараптама баласын әлдекімдердің ұрып, қорлағанын дәлелдеген.

Жақсылық Турбаевтың әкесі Еламан Турбаевтың айтуынша, сот-медициналық сараптама баласын әлдекімдердің ұрып, қорлағанын дәлелдеген. Оның айтуынша, баласын әлдекімдер «әдейі жоспар құрып» қастандықпен өлтіруі мүмкін.

Жақындары, әріптестері Жақсылық Турбаевты тамыздың 6-сы күні Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар ереуілдеп жатқан орталық алаңнан соңғы сапарға шығарып салды.

«КОМПАНИЯ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ҰСЫНЫСЫМЕН КЕЛІСПЕГЕН»

Өткен аптада Жаңаөзенде болып қайтқан тіркелмеген «Алға» партиясының мүшесі Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» клубының жетекшісі Жанболат Мамай қаза тапқан азамат Жақсылық Турбаевтың туған-туыстарымен, әріптестерімен сөйлескен.

Олардың айтуынша, Жақсылық Турбаев дәл жұмысшылар кәсіподағына сайланар күні яғни, тамыздың 3-і күні өлтірілген. Олардың сөзіне қарағанда, Турбаевқа компания басшылығының мүддесін қорғауға келіспегендіктен қастандық жасалуы мүмкін.

- Сол кәсіподақ сайлауының алдында Киікбай Ешмановтың орынбасары [Ваис Ваисов] оны шақырып, «сен жұмысшылардың мүддесін емес, компанияның мүддесін, біздің мүддемізді қорғауың керек. Бізге қызмет етесің» деген. Ол оған келіспеген. Оның өзінің көзқарасы үшін, позициясы үшін, компания басшыларын емес, жұмысшылардың мүддесін қорғағаны үшін өлгені көрініп тұр, - дейді Жанболат Мамай.
Жұмысшылардың талабын қалайда орындатам деп жүрген жігіт еді. Арамыздағы ең белсендіміз сол болатын.

Қаза тапқан азаматтың әкесі Еламан Турбаевтың айтуынша, Жақсылық ұжымындағы жұмысшылардың шағым-өтініштерін аяқасты еткен кәсіподақтың жұмысын сынап, жұмысшылардың құқығын талап етіп келген. Ал компания басшылығы оны өздеріне тартып алмақ болған кезде қарсы болған.

- Ол кәсіподақ төрағасын өзгерту керек деп санаған жұмысшылардың бірі болды. Ал кәсіподақтың бұрынғы төрағасын мекеме басшылығы қорғаған. Осыған байланысты азды-көпті соғыс болған мекемесінде. Мекеме бастықтарын тыңдамайтын адам болған, - дейді Еламан Турбаев.
Жақсылық Турбаевтың бірбеткей, қайсар болғандығын оның әріптестері де растайды. Олардың айтуынша, Жақсылық Турбаев кәсіподаққа өзін емес, өзге азаматтың сайлануын қалаған.

- Күтпеген жерден қайтыс болды. Арамыздағы жұмысшылардың талабын қалайда орындатам деп жүрген жігіт еді. Арамыздағы ең белсендіміз сол болатын, - дейді Тимур Мәмбетов.

Тамыздың 8-і күні Жаңаөзен полициясында жүрген «Мұнайфилдсервис» компаниясының ұңғымаларға күрделі жөндеулер бойынша директоры Абдулатип Манаповқа хабарласқан кезде мынадай қысқа жауап ала алдық.

- Бұл бойынша ешқандай ақпарат бере алмаймын. Тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Әзірге, нәтижесі белгілі емес. Бұл таза криминал, - деді Абдулатип Манапов.

Қаза тапқан 28 жастағы Жақсылық Турбаевтың артында екі баласы қалған. Ол сонымен бірге екі қыздың қамқоршысы болған.

Деректерге сүйенсек, «Мұнайфилдсервис» ЖШС-і - «Өзенмұнайгазбен» еншілес компания. Ол негізінен, ұңғымаларға жөндеу жұмыстарын жасаумен шұғылданады. Компанияда шамамен 500-ден астам жұмысшы бар. Бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасқан.

«НҰР-ОТАННАН» ЖАППАЙ ШЫҒУ

Ал маңғыстаулық мұнайшылар «Нұр Отан» партиясы қатарынан жаппай шыға бастады. Мұнайшылар тамыздың 8-і күні «Нұр-Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу-хат жолдап, өздерінің партия қатарынан шығатындықтарын мәлімдеген.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Еңбек жағдайымызды түзеп, жалақымызды өсіруді сұрап, әділдікті талап етіп, ереуілде тұрғанымызға үш ай болғанын Сіздің білмеуіңіз мүмкін емес.Үстіміздегі жылы мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлауда бізді Сізге дауыс беруге мәжбүрледі. Неге біз Сіздің сайлау алды бағдарламаңыздағыдай өмір сүрмейміз?
Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

Парламенттің тек бір партиядан, яғни «Нұр-Отаннан» ғана жасақталғанын бәріміз жақсы білеміз. Олай болса, депутаттар неге біздің жағдайымызға, яғни партияластарының мұң – мұқтажына құлақ аспады? Бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, сонау алыстағы Еуропа парламентінің депутаты Пол Мерфи келіп, талаптарымызды қолдады. Ал елдің қақ жүрегінде отырған «нұротандық» депутаттар Маңғыстау жеріне аяғын аттап баспады. Тура сол сияқты үкімет мүшелері, облыс, аудан әкімдері, басқа да шен – шекпенділердің барлығы дерлік – «Нұр-Отан» партиясының қатарында. Олар да біздің талап – тілегімізді орындамақ түгілі, сөзімізге құлақ аспады да.

Біз осыған дейін «Нұр Отан» партиясының басшысы ретінде Сізді де, мұнай – газ саласын ғана емес, ел экономикасының 60 пайызын өз қолында ұстап отырған Сіздің күйеу балаңыз Тимур Құлыбаевты да Маңғыстауға шақырдық. Сіздер келіп, өңірде әділдік орнатады деген қиялда өмір сүрдік. Бірақ, жағдай мүлде олай емес екен. Біздің Сізден де, Сіз басқаратын «Нұр Отаннан» да көңіліміз қалды. Бұл партияға бұрын да өз қалауымызбен кірген жоқ едік, бізді билік партиясы болған соң мәжбүрлеп қосты қатарына. Енді Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, біз «Нұр Отаннан» шығу туралы шешім қабылдадық» деп жазылған үндеу-хатта.

«САНЫМЫЗ КЕРЕКТІ, ЖАНЫМЫЗ КЕРЕКСІЗ»

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының 3-ші мұнай газ өндіру басқармасының машинисі Роза Төретаева халықтың бұл әрекетке ашынғандықтан барып отырғанын айтады.

- Аштық жариялағандарды қуып таратты, елдің беріп отырған құдайы садақасын талқандады, «Жөндеу» бөлімшесінің жігіттері өртеніп өлді, тағы бір жігітті жұмыс орнында белгісіз біреулер өлтіріп кетті. Осының бәрі халықтың ашу-ызасын тудырып, «кезінде санымыз керек болып еді, енді жанымызды керексіз қылған партиядан не қайыр» деп шығып жатыр,-деп түсіндіреді Роза Төретаева.
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.

Оның айтуынша қазірдің өзінде «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясы қатарынан шығып жатқан мұнайшылардың саны екі мыңнан астам адам.

-Жұмыстан босағандардың саны да бес жүзден асып кетті. Қол қою жалғасып жатыр. «Нұр-Отаннан» шыққандар енді бала-шағасын мектепке жіберуден бас тартамыз деп отыр. Олардың арасында балаларын жоғары оқу орнына жібермейміз дегендер бар , - деп хабарлайды Роза Төретаева.

Ал «Қаражанбас» кеніші мұнайшылары өздерінің «Халық майданы» бірлескен қозғалыс құрамына жазылып жатқанын мәлімдеді.

- Біздер «Халық майданына» кіріп жатырмыз. Біздің қатарымызда онсыз да «Нұр-Отанға» мүшелер саны аз екен. Барлары шығып жатыр,-дейді «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшысының бірі Азаттық тілшісіне.
Өткен аптада Маңғыстау облыстық телеарнасында сөз сөйлеген «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ басшысы Асқар Балжанов мұнайшыларды жұмыс орындарына оралауға үгіттеуге тырысты.
Ереуіл болған уақыт ішінде «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру компаниясы» 519 мың тонна мұнай өнімін жоғалтқан.

«Қасиетті Рамазан айында әлі жұмыстан шығарылмағандарды өз жұмыс орындарына оралуға, өз еңбек ұжымдарына, өз жолдастарына қайтып баруға тағы да қайталап шақырамын! Біз сіздерді күтіп отырмыз!» деген «Қазмұнайгаз» БӨ директоры Асқар Балжанов өздерінің тек заң шеңберінде ғана жұмыс істейтіндерін ескертті.

- Жұмыс берушіге Қазақстан республикасы еңбек кодексіне сәйкес
жұмысқа шықпай жүрген жұмыскерлерді жұмыстан босатып, жаңадан мамандар қабылдауынан өзге жол қалмайды. Қазіргі таңда, «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы мен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының кадр бөлімдерінде 3 мыңнан астам жұмысқа кіруге талаптанған жергілікті мұнайшылардың арыздары жатыр, - деді Балжанов.

Оның айтуынша ереуіл болған уақыт ішінде «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру компаниясы» 519 мың тонна мұнай өнімін жоғалтқан.