Ахмедьяровтың азаматтық ісі қайта жалғасты

Лұқпан Ахмедьяров "Уральская неделя" газетінің тілшісі. Астана, 12 маусым 2012 жыл.

Журналистің үстінен «қаралады» деп арыз түсірген жергілікті шенеунік шағымда көрсеткен моральдық өтемақы көлемін 10 миллион теңгеге көтерді.

Бүгін Орал қалалық сотында Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілекқабыл Имашевтің журналист Лұқпан Ахмедьяров пен «Уральская неделя» басылымының құрылтайшысы үстінен түсірген арызы бойынша сот отырысы қайта жалғасты.

«МАҚАЛАНЫҢ ШЫНДЫҚҚА СӘЙКЕСТІГІН АНЫҚТАУ»

Бұл азаматтық іс Лұқпан Ахмедьяровқа сәуірдің 19-ы күні қастандық жасалуына байланысты уақытша тоқтап қалған еді. Журналист ауыр жарақатынан жазыла бастаған шілде айының ортасында қайта жалғасты. Ақпарат бойынша, бірнеше айға созылған үзілістен кейін істі жаңа судья Баймағамбетова жүргізе бастаған.

Тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяровты жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып келді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.


Жауапкер жақтың айуынша (журналистер жағы – ред.), бейсенбі күні олар дау тудырған мақаладағы бірнеше сөйлемге сот-психологиялық сараптама жүргізу туралы сотқа өтініш түсірген.

– Бұрынғы судья жаңа сараптама тағайындау туралы өтінішімізді қанағаттандырмаған еді. Жаңа судьяның келгенін пайдаланып, қайтадан сотқа өтініш түсірдік. Нақтырақ айтсақ, сот-филологиялық сараптама емес, сот-психологиялық сараптама жүргізу туралы. Яғни мақаладағы сөз орамдары мен мысалдардың шындыққа сәйкестігі ғана емес, сонымен бірге моральдық шығын келу мүмкіндіктері мен оның деңгейі анықталады, - дейді Лұқпан Ахмедьяров Азаттық тілшісіне.

Жауапкер жақтың айтуынша, шағым беруші тарап пен прокурор бұған дейін де сараптама жүргізілгенін айтып, сот-психологиялық сараптама жасатуға қарсы болған. Бұл өтінішке қатысты шешімді судья шілденің 20-сы шығаруы тиіс.

Шілденің 19-ы сотқа жауапкер жақтан журналист Лұқпан Ахмедьяров пен «Журналисткая инициатива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің («Уральская неделя» басылымының құрылтайшысы) өкілі, құқық қорғаушы Павел Кочетков, ал екінші тараптан шағым беруші шенеунік Тілекқабыл Имашев қатысқан.

БЕС МИЛЛИОННЫҢ ОН МИЛЛИОНҒА АЙНАЛУЫ

Шағым беруші Тілекқабыл Имашев моральдық өтемақы көлемін бұрынғы бес миллионнан қазір 10 миллион теңгеге көтерді. Бейсенбі күні Азаттық тілшісі шенеуніктен мұның себебін сұраған кезде:

Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілекқабыл Имашев сотта тұр. Орал, 19 шілде 2012 жыл.


– Егер біреу сіздің ар-намысыңызға нұқсан келтіріп, шындыққа сәйкес емес дүниені айтса, cізді қараласа, сотқа берер ме едіңіз? Мен тіпті намысымды қорғау үшін 50 миллион теңге де талап ете аламын. Әңгіме 10 миллионда тұрған жоқ. Маған қанша берсе, онша берсін. 1 теңге немесе 10 тиын болсын - маған бәрібір. Олар менің бүкіл өмірлік еңбегімді жоққа шығарды. Суретімді карта ортасына салып басады. Бұл дұрыс па? – деді Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Имашев.

ҚАЙШЫЛЫҚТЫ ҚОРЫТЫНДЫ

Сәуір айында жауапкер жақтың өтінішімен даулы мақаладағы сөйлемдерге сот-филологиялық сараптама тағайындалып, жақында ғана оның қорытындысы белгілі болды.

Қорытынды бойынша, Лұқпан Ахмедьяровтың 2012 жылы ақпан айында шыққан «Брат, сват, блат» мақаласынан «ар-намысқа нұқсан келтіретін сөздер» табылмаған. Есесіне «Имашевтің іскерлік беделіне кір келтіреді» деген қорытынды жасалған.

Бұл туралы Тілекқабыл Имашевтен сұрағанымызда ол «Өздері жасатқызып, енді өздері онымен келіспей отыр. Тәуелсіз газет. Не болса соны жазады. Көшедегі, базардағы әңгімелерді жазады...» деп қорытындыға еш қатысы жоғын білдірді.

Ал жауапкер жақ Астанадағы сараптама орталығы шығарған қорытындымен келіспей отыр.

«Журналисткая инициатива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі, құқық қорғаушы Павел Кочетковтың айтуынша, «Біріншіден, сараптама кезінде сарапшы тек қалаған сұрақтарына жауап беріп, қалғандарын жауапсыз қалдырған». Оның айтуынша, «Бұл заңға қайшы, және мұндай оқиға бірінші рет кездесіп тұр».
Сараптама мақалада Имашевтің ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтер болмағанын көрсетті. Алайда Имашевтің туыстарының аты аталуы оның іскерлік беделіне кір келтіруі мүмкін. Ар-намыс және іскерлік бедел ұғымдарын ажыратып қарауға бола ма? Мақалада ешқандай да өсек-аяң, ғайбат сөздер жоқ.
Павел Кочетков.

– Екіншіден, сараптама мақалада Имашевтің ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтер болмағанын көрсетті. Алайда Имашевтің туыстарының аты аталуы оның іскерлік беделіне кір келтіруі мүмкін. Ар-намыс және іскерлік бедел ұғымдарын ажыратып қарауға бола ма? Мақалада ешқандай да өсек-аяң, ғайбат сөздер жоқ. Конституция бойынша кез келген азаматтың пікір айтуға құқығы бар. Ал бұл - журналистің жұмысы, – дейді Павел Кочетков.

Жергілікті шенеунік пен баспасөз өкілдері арасында пайда болған дауға 2012 жылы «Уральская неделя» басылымында жарық көрген журналист Лұқпан Ахмедьяровтың «Брат, сват, блат» атты мақаласы түрткі болған.

«Жергілікті билік өкілдерінің туыстық қарым-қатынастары» туралы мақалада Тілекқабыл Имашевке қатысты үш сөйлем бар. Онда туыстық байланыстың арқасында «бұрынғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазіргі облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашевтің карьерасының қалай өскені», оның «активінде» бұрынғы премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтің де бар» екені айтылған.