Айтыста «Нұрсұлтан, сенен не пайда?» деген сауал қойылды

Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі аралығында "Қонаевтай ер қайда" деген атпен айтыс өтті. Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған сөз сайысына он сегіз ақын қатысты. Айтыскерлер Жаңаөзен оқиғасын да сөз етті.

Айтыс басталмас бұрын ақындар ортаға шақырылған еді. Айтыскерлер арасында Ринат Зайытов пен Айбек Қалиевтің жоқ екенін аңғарған көрермендер қос ақынды сұрап айғайлады.

«РИНАТТЫҢ ЖАЗАСЫ»

Айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман Айбек Қалиевтің айтысқа шақырылғанын, алайда жиырма күн бұрын әкесі дүние салып, келе алмағанын хабарлады.

Ал Ринат Зайытов туралы:

- Тай күнінде танып, анау Семейден өзім алып келгенмін. Қазір ол жұлдыз ауруымен ауырып жүр. Ринат Зайытов қатыспайды. Қатыспайтын себебі, Астанада тәуелсіздікке арналған айтысқа он күн қалғанда Жәмиға Дәулетқызы телефон арқылы хабарласып: «Айтысқа келемін, бірақ жұмыстағы адаммын, дайындығым жоқ. Сондықтан өзім білетін ақынмен айтыстырыңызшы», - деп өтініш айтты. «Кіммен айтысасың?», - деп едім, «Ринат Зайытовпен», - деді. Мұны Ринатқа айтып едім, Жәмиғамен айтысудан салған жерден бас тартты. «Неге айтыспайсың?», - десем: «Қытайға барғанда Жәмиғамен он бес күн бойы айтысып, жеңе алмағам. Енді қалай шығам?», - деді. Кейін Ринат: «Интернетте қазақтарға тіл тигізіп жүрген Аалы Тұтқышев деген қырғыздың ақыны бар екен. Аалыны шақырыңыз, мен сонымен айтысайын», - деді. Аалыны алдырдық. Ертеңіне Ринатқа «Қытайдан келген Нағиманмен айтысасың» дедім. Оған да көнбейді. «Неге Нағиманмен шықпайсың?» - десем: «Өйткені ол келісіп айтыспайды екен. Маған алдын-ала мәтінін көрсетпейді. Келіспей айтысуға менің ыңғайым жоқ», - дейді. Сөйтіп өзінің жаттап айтысатын ақын екенін көрсетіп қана қоймай, баспасөзді шулатып, өтірік айтып сұхбат беріп жүргенін өздеріңіз білесіздер. Сондықтан мен оны осы айтыстан жаза ретінде шеттетіп отырмын, - деді.

Жүрсін Ерманның Ринат Зайытов туралы сөзі:

Your browser doesn’t support HTML5

Ермановтың Ринатқа қатысты сөзі


Азаттық тілшісі айтыстан шеттетілген Ринат Зайытовтың пікірін сұрау үшін өзіне хабарласқан еді. Бірақ ол "Бұл туралы пікірімді айтуға уақытым жоқ" деді.

«ҚОНАЕВТЫҢ ӨЗІ САЛДЫРҒАН РЕСПУБЛИКА САРАЙЫН БЕРМЕДІ"

Бұл жолғы айтыстың өзгешелігі - көрермен арасынан екі адам шығып, айтыскерлердің аты жазылған конверттерді алып, кімнің кімнің айтысатынын анықтап отырды.

Сахнаға бірінші жұп болып көтерілген қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен астаналық Айнұр Тұрсынбаеваның айтысы басталған сәтте жиналған жұрт шулап, ақындардың айтысуына мұрша бермеді.

Себебі спорт жарыстарына арналған сарайдың акустикасы дұрыс болмағандықтан ақындардың дауысы жаңғырып, дұрыс естілмеді. Елден кешірім сұраған жүргізуші Жүрсін Ерман:

- Қонаев өз қолымен салдырған Республика сарайын бізге бермей қойды. Сондықтан халық көбірек сыйсын деп осы сарайды алған едік, - деді.

«ЖАҢАӨЗЕНГЕ БАРҒЫМ КЕЛДІ»

Негізгі тақырып Қонаев болғанымен, айтыскерлердің еркін тақырыпта айтысып, Жаңаөзен оқиғасын да сөзге қосты.

Жаңаөзен жайлы айтылған сөзге жұрт қол шапалақтап, ризашылық білдіріп отырды. Айтыстың алғашқы күні Жаңаөзен оқиғасы туралы айтқан оралдық Бауыржан Халиолла болды.

Бауыржан Халиолла Жаңаөзен жайлы айта келіп:

– Елбасы «Жаңаөзенге барғым келді»,
Дегенше елден хабар алмайды ма.
Алаңда жеті ай бойы тұрған елге,
Назарын әлдеқашан салмайды ма.
Барсам деп елден рұқсат сұрағанша,
Жағдайға өз көзімен қанбайды ма.
Тарсылдатып автоматпен атпаса егер,
Жаңаөзенге сонда мүлдем бармайды ма? - деді.

Бауыржан Халиолланың Жаңаөзен туралы айтқан сөзінен үзінді:

Your browser doesn’t support HTML5

"Қонаевтай ер қайда?" тақырыбында өткен айтыс


Алғашқы күні көрермендер «Қазылар алқасы «Нұрсұлтан, сенен не пайда?» деп жырлаған оралдық ақын Бауыржанның бағасын төмендетіп берді» деп наразы болып, қол шапалақтап отырып алған соң қазылар шешімдерін өзгертті. Бауыржан Халиолла көрермен қолдауымен үшінші орынға көтерілді.

Your browser doesn’t support HTML5

Бауыржан мен Балғынбектің айтысы


«МЫРЗАТАЙ ЖОҚ ҚАЗЫЛАР ҚҰРАМЫНДА»

Бұл айтыста көкшетаулық Әлібек Серғалиев президентке «наз» айтты.

- Елбасы, сізге айтар назымыз бар,
Елімнің шайқалмасын шаңырағы.
Қасыңыздағы уәзірлерді білеміз ғой,
Тірі жүрген адамға табынады.
Ол рас, Астананы сап едіңіз,
Біреулер шектен шығып қағынады.
Астананы Нұрсұлтан қылайық деп,
Ақырын өзіңізге жағынады.
Қонаев қырық қала сап кетті ғой,
Қадіріне жеткен жоқ халық әлі.
Павлодарға атын қойыңыз Қонаевтың,
Қазақты көтерген жоқ Павел әлі.
Петропавлдың атың қойыңыз Димаш деп,
Петрдің ренжи қоймас әруағы.
Басқалары көкейіне түйіп алсын,
Қазақстан - қазақтың шаңырағы, - деді.

Бұл жолғы айтыстың бас қазысы актер Асанәлі Әшімов еді. Осыған меңзеген Төреғали Төрәлі:

– Осы айтысқа келерде шын қуандым,
Қазылардың тізімін сұрадым да.
Өткенде Астанада айтыс өтіп,
Ақындар ұшырады «тірі» ауруға.
Бегарыс, бүгінгі айтыс әділ өтеді,
Мырзатай жоқ қазылар құрамында, - деді.

Айтысқа тігіліген бас жүлде - «Mitsubishi Pajero» көлігін Аманжол Әлтаев алды, «Toyota Corolla» екінші орын алған Жандарбек Бұлғақовқа берілді. Айнұр Тұрсынбаеваға «Chevrolet» бұйырды. Ал төртінші орын иеленген Бауыржан Халиоллаға демеушілер атынан «Жигули» жеңіл көлігі табыс етілді.

Азаттық радиосы бұл айтыстың толық нұсқасын күн сайын ұсынып отырмақ.

Айтысты Азаттық радиосы эфирінен де, әр сейсенбі сайын сағат 19.30-20.00 аралығында тыңдай аласыздар.

Your browser doesn’t support HTML5

Бауыржан мен Балғынбектің айтысы