Жандарбек пен Сараның айтысы

Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Ақпанның 12-сі күні Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен мен жасөспірімдер театрында «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс өтті. Бұл айтыста төртінші жұп болып сөз қағыстырғандар – Жандарбек Бұлғақов пен Сара Тоқтамысова.

Қос ақынның жыр сайысы жеңге мен қайын арасындағы әзіл-қалжыңға құрылды. Сөз тізгінін бірден қолына алған Жандарбек Бұлғақов айтыстың араға екі жыл салып барып қайта оралғанын айта келе, Қысқы Азия ойындарын да ұмыт қалдырмады.

– Ерлеріміз орындап ел арманын,
Спорттан айшықталды төр алғаның.
Жарты әлемге жар салып Қазақстан,
Азиада өткізіп, дем алмадың.
«Біткен іске – сыншы көп» демеңіздер,
Дұрыс қой ақиқатқа жол алғаным.
Крутойдың әндері шарықтады,
Қақ төрінде еңселі елорданың.
Өйтіп-бүйтіп алдық-ау бірінші орын,
Білмейміз, қай сайыста не болғанын,
– деп жырлады Жандарбек.

Ал Сара Тоқтамысова айтыс ауанын Жандарбектің жеке басына аударып жіберді.

– Бес жыл бұрын Жандарбек,
Шынымен рас кім едің.
Мен – жиырмадағы бойдақ қыз,
Сен – мектептегі ұл едің.
Айтақын әкең қасыңда,
Көк тақияң басыңда.
Аузы-басың ашылып,
Аңқиып, қарап жүр едің.
Бір түрлі еді ғой реңің.
Шатағың жоқ ешкімде,
Тап-таза еді жүрегің..., – деп жырға қосты.

Он бір адамнан құралған қазылар алқасы екі ақынға да бірыңғай он ұпайдан берді.

Жандарбек пен Сараның айтысы

Your browser doesn’t support HTML5

Жандарбек пен Сараның айтысы