Шұбаршилік маман Ардақ Құбашева ауылдың экологиясы туралы Азаттыққа сұхбат бергені үшін аудан әкімінен қысым көріп жатқанын хабарлаған еді.
Бұл туралы Азаттық қарашаның 26-сы күні «Шұбаршилік маман «халық жауы» атанғанын айтады» деген мақала жариялады.
Ал қарашаның 28-і күні Шұбарши ауданы орналасқан Ақтөбе облысы Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев Азаттыққа жауап жолдады.
«ТИІСТІ ЖАҒДАЙ»
Шенеунік «азаматшаның (А.Құбашеваны айтады - ред) тікелей намысына тиетіндей сөз айтылған жоқ», «Шұбарши өңірі - экологиялық ахуалы ауыр, тұрмыс жайы төмен өңір» деп қортынды жасау да қате түсінік» деп жазған.
Шұбаршидегі мәдениет үйінің меңгерушісі Ардақ Құбашева:
– Азаттық 14 қарашада «Шұбарши тұрғындары «белгісіз аурудан» қорқып отыр» деген мақала жариялаған соң аудан әкімі Бауыржан Қаниев 150 шақырым жерден арнайы келіп, мені жиналысқа салды. Бауыржан Қаниев «Шұбаршиге Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің нұсқауы бойынша келіп отырғанын», әкімнен «Құбашеваны тый!» деген тапсырма алғанын» айтты, - деген болатын.
Ал аудан әкімінен келген жауапта Шұбаршиде жиналыс болғаны, бірақ жиналыс барысында «ондай сөздердің айтылмағаны» жазылған.
«Ақтөбе облысы әкімі атынан ешқандай нұсқау болған емес және жиналыста ондай сөздер айтылған жоқ. Жиналыс барысында хаттама жүргізіліп отырды. Азаматшаға мақалада көрсетілгендей қысым жасалып келеді деген толығымен дұрыс болмас, басшылық тарапынан азаматшаға тиісті жағдай да жасалып келгенін де атап көрсету керек» деп жазады әкім Бауыржан Қаниев.
Шененунік бюджеттік сала қызметкері Ардақ Құбашеваға жасалған «тиісті жағдайды»:
«2010 жылы отбасына Кеңқияқ ауылынан 2 бөлмелі коммуналдық пәтер берілді; екі немересі кезектен тыс балабақшаға қабылданды; аудан әкімдігі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на жұмысқа орналастыру жөнінде өтінішпен шығып, екінші қызы Тлесова ГауҺарды Жаңажол зауытына лаборант ретінде вахталық жұмысқа орналастырды; 2010 жылы А.Құбашеваның өтінішімен отбасына 150 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді; 2011 жылы інісінің баласы Құбашев Эльдар жергілікті әкімдік жолдамасымен «М-Техсервис» ЖШС-не жұмысқа орналасты» деп тізіп көрсеткен.
«ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖАРАМАСА, КӨШУГЕ ҚҰҚЫҒЫ БАР»
Ардақ Құбашева Азаттыққа «Аудан әкімі маған: «Жұмыстан шық! Ауылдың ауасы ұнамаса, көшіп кет!» деді. Мен өзім ғана емес, отбасымның да тағдырына алаңдай бастадым. Сондықтан жай-жапсарды баяндап, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке телеграмма жолдадым» деген еді.
Шенеуніктің жолдаған жауабында бұған қатысты: «Егерде осы аймақта тұруға денсаулығы жарамаса, кез-келген жерге көшіп барып тұруға құқысының бар екені айтылды» деп жазылған.
Азаттыққа қарашаның 14-і күні шыққан «Шұбарши тұрғындары «белгісіз аурудан» қорқып отыр» деген мақалада Ардақ Құбашева:
- Менің Тұрсынай деген танысымның үй-іші түгел ауырды. Тіпті есігінің алдындағы күшігі де аяқасты тыпырлап, қан аралас дәреттен соң өліп кеткен. Мұны біз іргедегі мұнай кеніші бөліп жатқан улы газ бен ішіп отырған суымыздың сапасыздығынан көреміз, - деген еді.
Осыған орай Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысындағы департаменті мен экология департаментінің деректеріне сүйеніп, «Шұбарши өңірі экологиялық ахуалы ауыр, тұрмыс жайы төмен өңір деп қорытынды жасау да қате түсінік деп есептеймін» деп жазады.
Әкімнің сөзіне қарағанда, «Шұбарши тұрғындары белгісіз бір індетке шалдығып, соңғы екі аптада жаппай ауырды деген ақпарат та шындыққа жанаспайды».
Шұбаршилік тұрғын Ұмсынай Құдиярованың «мұнай араласқан су ішіп отырмыз» деген шағымына қатысты Бауыржан Қаниев «жеке құдықты күтіп ұстау жағын да қараған жөн» деп кеңес береді және ауылдан «санитарлық-микробиологиялық көрсеткішке 24 су сынамасы алынғанын, нормаға сәйкес келмейтіні анықталмағанын», ауылдағы су құбырынан да «мұнай білінді деген жағдай кездеспегенін», «1170 атмосфералық ауа сынамаларының да зерттелгенін» жазады.
Әкім аудандағы мұнай өндіретін компанияларды («Таза Дала Ком» ЖШС, «СНПС-АКК» ЖШС) атай келіп, «мұнай алынған жерлердің майлы топырақтарының («Таза Дала Ком» ЖШС-інен шыққан топырақты 29 мың 452 тонна деп көрсетеді - ред) полигонға тасымалданып, залалсыздандырылғанын», т.б. экологиялық мониторинг шараларын айтқан.
«Жекелеген адамдардың пікірін негізге алғаннан гөрі, халықтың ішіндегі адамдармен, тікелей атқарушы органмен кездесіп, сондай-ақ, құзырлы органдардың дәйектемелерін негізге алып, халыққа объективті ақпарат берген жөн деп санаймыз» дейді хатының соңғы жағында Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев.
Ал Шұбарши ауылының экологиясы туралы Азаттыққа хабарлағаны үшін қысым көргенін айтқан Ардақ Құбашева:
- Затым әйел болса да әкімнің жауабынан қатты ұялып отырмын. Әттең! Сол сәтте оның сөздерін таспаға түсіріп алатындай менде мүмкіндік болған жоқ. Ал жанындағы нөкерлерінің бірде-біреуінің менің сөзімді сөйлемесі анық. 2011 жылғы қарашаның 23-і күні осындағы орталық мектептің 12 оқушысы мен бес мұғалімі, екі техникалық қызметкер белгісіз иістен уланып қалғанда да бұлар «астан уланған» деп жылы жауып қоя салған. Себебі, әкім (Бауыржан Қаниевті айтады - ред) әңгімесін «аузыңды жап» деп бастайды, - дейді.