Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан президенттері 12 тамызда Қазақстанның Ақтау қаласында кездесіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы көптен күткен конвенцияға қол қойды.
Лидерлер қол қойып тарқады. Арада жиырма жыл өткенде бес елдің ұстанымы жуықтағандай сияқты көрінді. Алайда келісімге келуге кедергі жасаған кейбір мәселенің әлі де шешімін таппағаны белгілі болды.
Көп мәселе бойынша бес ел президентінің пікірі бір жерден шықты. Алайда Иран президенті Хасан Роухани теңіздің делимитациялануы Иран үшін әлі де мәселе болып отырғанын, Каспийді бөлісу үшін қосымша келіссөздер қажет болатынын айтты. Иран басшысы әр елдің территориялық суы саналатын 22 километр жағалауды айтып отыр ма, әлде әр елдің шекарасы түйісетін ортадағы сызықты айтып отыр ма, ол жағы белгісіз.
Президент Роухани Каспий теңізі табиғатын қорғауды қамтамасыз ету үшін жағалаудағы елдердің жауапкершілігін күшейту бойынша да қосымша келіссөздер қажет болады деді.
Ашылу салтанаты кезінде Роухани конвенцияның “Каспийде шетелдің әскери күштері болмайды” деген тұсын ерекше құптайтынын айтты. Сөз соңында Иран басшысы Каспий арқылы шетелдік әскери күштердің жүк кемелерін жүргізуге де тыйым болуы керек дегенді қосты. Роухани нақты бір елдің атын атамағанымен, оның Әзербайжаннан Қазақстанның Ақтау және Құрық порттарына әскери жүк жеткізу жөніндегі АҚШ-тың осы екі елмен арадағы келісімін меңзегені түсінікті болды.
Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов шешілмеген түйткілдердің көптігін тұспалдады ма, ашылу салтанатындағы сөзінде Түркіменстанда Каспийге байланысты тағы бір саммит өткізу керек деді.
Әр басшы өз сөзінде Каспий келісімінің өз елі үшін ең маңызды тұсын баса атап өтті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Каспийде сауда қарым-қатынасының артатынына, теңіз арқылы тауар тасымалынының ұлғаятынына тоқталды. Назарбаев та, Әлиев те “Азия мен Еуропа арасындағы жаңа сауда көпірі” деген тіркесті қолданып отырды.
Президент Роухани Каспий мемлекеттері арасындағы сауда көлемінің тым мардымсыз екенін де айтты. Ол Азия мен Еуропа арасындағы саудадан гөрі Каспий теңізінің шығыс және батыс жағынан - Иранға, одан әрі Парсы шығанағына теміржол тарту жайына көбірек тоқталды. Әлиев пен Бердімұхаммедов те өз елдері арқылы Иранға өтетін теміржол туралы айтты.
Ашылу салтанатындағы сөзінің соңында Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты конфликтіні де сөз етті. Оның айтуынша, бұл мәселенің шешілмеуі Кавказ жері арқылы өтетін сауданы дамытуға кедергі келтіріп отыр.
ВИДЕО: Каспий теңіз бе, көл ме? 20 жылдық мәміле. (Орыс тілінде).
Your browser doesn’t support HTML5
Ресей президенті Владимир Путин саммиттің басы мен соңында сөйлеген сөзінде Каспийдің Ауғанстан мен Таяу Шығысқа жақындығын ескере отырып, келісімнің террормен күрес бөлігіне ерекше маңыз беретінін айтты.
Саммиттің соңында бес президент Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойғанымен, бұл басқосуды сәтті өтті бағалау қиындау. Әсіресе, Иран көзқарасындағы шешілмеген мәселелердің әлі де көп екені айқын болды.
Болашақта тағы бір саммит өткізу керектігі жөнінде сөз болғанын ескерсек, басты мәселелерді әлі де талқылай түсу керек.
(Бұл блогта айтылған пікірлер Азат Еуропа/ Азаттық радиосының пікірін білдірмейді.)