Ақша дауына қалған экс-шенеунік сотта жеңілді

Ақтөбе қалалық сотының судьясы Айдана Мәмбетқазиева сот шешімін оқып тұр. 14 ақпан 2017 жыл.

Ақтөбе соты «балаларын ақшамен оқуға түсірмек болған» деген негізбен жұмыстан қуылған облыстық департаменттің экс-шенеунігі Алмат Ермағамбетовтің еңбек құқығын қорғауды сұраған арызын қанағаттандырмады.

ДАУЛЫ АҚША

Ақпанның 14-і күні Ақтөбе қалалық соты «балаларын оқуға түсіру үшін ақша берген» деген уәжбен былтыр желтоқсанда қызметінен алынған облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Алмат Ермағамбетовтің бұрынғы жұмыс орнының үстінен берген шағымын қарады. Сот отырысына арыз иесінің өзі қатысқан жоқ. Оның адвокаты Раушан Ізтілеуова Алмат Ермағамбетовтің ақысыз демалыста жүргенде дәлелденбеген «теріс қылығы» үшін жұмыстан «негізсіз алынғанын» айтып, соттан оны бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және «еріксіз жұмыссыз қалған күндеріне тиесілі еңбекақысын өндіртіп беруді» сұрады.

Ақтөбелік бұрынғы шенеуніктің еңбек құқығы бұзылғаны жайлы бұрынғы жұмыс берушісімен соттасуына былтыр күзде қазақстандық баспасөзде жарияланып, кейін қоғамда пікірталас туғызған оқиға себеп болған еді.

Алмат Ермағамбетовтің адвокаты Раушан Ізтілеуова сотта сөйлеп тұр. Ақтөбе, 14 ақпан 2017 жыл.

40 жастағы Алмат Ермағамбетовтің «үлкен қызын Назарбаев университетіне, ортаншы қызын – Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебіне орналастыруға көмектесуге уәде еткен адамға 2016 жылғы ақпанда 20 мың АҚШ долларын беріп, «алданып қалғаны» жайлы құқық органына жүгінгені жөнінде өткен жылы қарашада әуелі баспасөз құралдары хабарлаған. 2016 жылы қарашаның 24-і күні Ақтөбеде облыстық прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында Алмат Ермағамбетовтің оқиғасын сөз еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «заң бойынша пара алушымен бірге оны беруші де жауапқа тартылатынын» айтқан. «Бұл оқиғаны әдеп кеңесінде қарап, жаза қолдану керек, сонан кейін онымен тиісті органдар айналыссын» деп мәлімдеген облыс әкімі. Соның ертесінде Ақтөбе облыстық әдеп кеңесі Алмат Ермағамбетовті «мемлекеттік қызметші этикасын бұзғаны» үшін жұмыстан шығару туралы облыстық денсаулық сақтау департаментіне ұсыныс жолдаған. 2016 жылғы желтоқсанның 6-ы күні облыстық денсаулық сақтау департаменті Алмат Ермағамбетовті қызметтен босату туралы бұйрық шығарған. Ермағамбетов 2017 жылғы қаңтарда «жұмыстан заңсыз қуылғанымен» келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген.

Сейсенбі күні сот отырысында Алмат Ермағамбетовтің адвокаты Раушан Ізтілеуова қорғауындағы азаматты жұмыстан шығаруға себеп болған даулы ақшаны «пара емес, ақылы оқуға берілген қаржы» деп түсіндірді. Алмат Ермағамбетов және тағы төрт адамның берген арыздары негізінде «алаяқтық» айыбы тағылған Ботагөз Биекенова есімді адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Ақтөбеде биыл ақпанның 9-ы күні басталған сот процесі әлі жалғасып жатыр. Сотталушы тергеу органының оған «бес адамның сеніміне кіріп, жалпы сомасы 17 миллион теңгені иеленіп кеткені» туралы таққан айыбын мойындамайтынын мәлімдеген.

ӘКІМ ПӘРМЕНІ

Адвокат Раушан Ізтілеуованың сөзінше, «пара бергенін» ешкім дәлелдемеген Алмат Ермағамбетовті жұмыстан босатуға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жиында айтқан сыны негіз болған.

- Қызметкер мен жұмыс берушінің еңбек қатынасы еңбек заңымен реттелуі тиіс. Ал Ермағамбетовті жұмыстан босату туралы шешімді әдеп кеңесі облыс әкімі айтқан сын негізінде қабылдаған, - деді Раушан Ізтілеуова.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Ақтөбе облыстық департаменті бас маманы Сәнім Қуантаева «әдеп кеңесіне әкім ықпал ете алмайды» деп сендіреді.

- Әдеп кеңесі қызметтік тексеру қорытындысын, Алмат Ермағамбетовтің жауаптарын тыңдай келе ешкімнің ықпалынсыз шешім қабылдады. Ол өз тарапынан жіберілген қателікті мойындаған. Мемлекеттік қызметкер пара беру туралы айтпағанның өзінде сын сөздерге жол бермеуі керек, - дейді Сәнім Қуантаева.

Оның айтуынша, әдеп кеңесі Алмат Ермағамбетовті «қоғам сынына ұшырап, мемлекеттік қызмет абыройына нұқсан келтіргені» себепті қызметінен босатуды ұсынған.

Алмат Ермағамбетовтің облыстық денсаулық сақтау департаментіне қарсы шағымы бойынша сотқа қатысушылар судьяның шешімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 14 ақпан 2017 жыл.

Сот барысында адвокат Раушан Ізтілеуова 2016 жылғы қарашаның 25-інен бастап 2017 жылғы қаңтардың 4-іне дейін ақысыз демалыста жүрген Алмат Ермағамбетовті облыстық денсаулық сақтау департаменті сыртынан жұмыстан шығарып жібергенін айтты. «Еңбек заңы талабына қайшы шешім қалай қабылданды?» деген оның сауалына сотқа денсаулық сақтау департаменті өкілі ретінде қатысқан Самғат Ишниязов жауап бере алмады.

Тараптардың уәжін тыңдағаннан кейін Ақтөбе қалалық сотының судьясы Айдана Мәмбетқазиева облыстық денсаулық сақтау департаментіне қарсы Алмат Ермағамбетовтің берген шағымын қанағаттандырмай тастады.

«Сот шешіміне апелляциялық шағым бересіздер ме?» деген Азаттық тілшісінің сауалына адвокат Раушан Ізтілеуова әуелі шешім мәтіні қолына тиген соң ол туралы қорғауындағы адаммен кеңесетінін айтты.

Алмат Ермағамбетов 2014 жылдың қаңтар айынан 2016 жылғы желтоқсанға дейін Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.