Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті желтоқсанның 7-і күні комитет қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және елдің кейбір аймағында «мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан» деген күдікке ілінген қылмыстық топтардың жолын кесу операциясын жүргізгені туралы хабарлады. Арнайы қызмет күдіктілерді қолға түсіргенін мәлімдегенімен, нақты қанша адам ұсталғаны, олардың кім екені және қандай көлемде мұнай және мұнай өнімдері қолға түскені жайлы толымды ақпарат бермеді.
ҰҚК-нің ресми ақпаратында «мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны» туралы да айтылған. «Мұнай ұрлағандарға «қылмыстық» қорған болған радикалдық салафизмді жақтайтындардан құралған қылмыстық топтың бірнеше мүшесі тұтқындалды» делінген ҰҚК хабарламасында. Ұсталғандардың қанша адам екені айтылмайды.
"Арнайы операция" өтіп жатқан зауыт туралы фотогалерея:
Ақтөбедегі «арнайы операция» жайлы ақпарат жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні түс кезінде интернетте жарияланды. Хабарламада Ақтөбе қаласы шетіндегі 41-разъезде орналасқан Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты аумағын қарулы жасақ қоршауға алғаны айтылған. Азаттық тілшісі зауыт орналасқан жерге жеткенде қарулы жасақтың кәсіпорын территориясына ешкімді өткізбей және сыртқа шығармай күзетіп тұрғанын көрді.
Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты маңында жиналған мұнай тиеген КАМАЗ маркалы жүк көліктерінің бірінің жүргізушісі, өзін Айдос Ивановпын деп таныстарған адам Азаттық тілшісіне Байғанин ауданынан боранда екі тәулік жүріп бүгін зауытқа мұнай алып келгенін, таңертеңнен бері зауытқа кіре алмай тұрғанын айтты.
Азаттық тілшісіне ҰҚК облыстық департаменті мен қалалық ішкі істер басқармасындағылар бұл оқиға жайлы комментарий бермеді.
Сәрсенбі күні түс кезінде әлеуметтік желілерде тараған видеороликтерде Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты деп аталған кәсіпорынға келген бірнеше жүк көлігінен түскен арнайы киімі бар қарулы адамдардың кәсіпорын кеңсесіне жүгіріп кіріп, сыртта қалғаны кәсіпорын маңын қоршауға алғаны бейнеленген.
Арада біршама уақыт өткенде Қазақстан ақпарат және коммуникация министрлігі баспасөз хатшысы Армен Бектасов елдегі бірқатар ақпарат агенттіктеріне Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты аумағында ҰҚК «арнайы операция» жүріп жатқаны және қаланың әр бөлігінде адамдарды ұстап жатқаны туралы айтқан.
Бірнеше сағаттан соң ҰҚК мұнай ұрлығына қатысы бар деген күдікке іліккендердің ұсталғаны, олардың тұрғылықты жері мен бірқатар кәсіпорындарда тінту шаралары жүргізіліп жатқаны туралы хабарлады.
ҰҚК «арнайы операция» өткізген «Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты» компаниясының ресми сайтында кәсіпорынның 2011 жылдан жұмыс істейтіні жазылған. Азаттық тілшісі сайтта көрсетілген телефондарға қоңырау шалғанымен, тұтқаны ешкім көтермеді.