Иесінің басы дауға қалған Ақтөбедегі жатақхана екі бөліктен тұрады. Оның бірінің көлемі – 226, екіншісінікі – 256 шаршы метр. Екеуі де бір аулада, сегіз сотық учаскеде тұрғызылған. Пайдалануға 2014 жылы берілген бірінші жатақханада құрылыс иесі Ерлан Бершімбаевтың ата-анасы және алты отбасы тұрып жатыр. Яғни, құрылыс о бастан жеті отбасына арнап салынған. Ал жатақхананың сегіз шаңыраққа лайықталған екінші бөлігінде Ерлан Бершімбаевтың өзі отбасымен бірге тұрады. Екінші жатақханадағы қалған жеті пәтердің ішкі жұмыстары әлі аяқталмаған.
Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты тамыздың 22-сінде екі бөліктен тұратын 15 пәтерлік жатақхананы бұзу туралы қаулы шығарады. Сот қаулысында құрылыс иесі Ерлан Бершімбаевтың Жер кодексінің 65-бабының 1-тармағын, "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы" заңның 68-бабының 2-тармағын бұзғандығы жазылған. Яғни Ерлан Бершімбаев жергілікті атқарушы органдардың жерге тиісті құқық беру туралы шешімін алмай, сегіз сотық жерге "өз бетінше 15 пәтерлік жатақхана тұрғызып алған".
Сот Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 319-бабында көрсетілген құқық бұзушылық жасағаны үшін тамыздың 22-сінде Ерлан Бершімбаевқа 15 АЕК көлемінде айыппұл салып, саяжайдағы екі жатақхананы бұзу туралы қаулы шығарды.
"БҰЛАРДЫ ТАРАТУ КЕРЕК" ДЕДІ"
Үй иесі Ерлан Бершімбаев кезінде рұқсатсыз салынған құрылысты "легализация кезінде заңдастырып алғанын" айтады. Одан бөлек алты пәтерді жалға бергені үшін салық төлеп отыр. Осыны алға тартқан үй иесі мен оның әкесі Олжабай Бершімбаев сот қаулысының "діни астары бар" деп санайды.
- "Намаз оқитындар бір жерде тұрып жатыр" дейді. Бұларға шоғырланып тұруға болмайды екен. Мұны маған қалалық сәулет құрылысы бөліміндегілер айтты. Былтырғы маусымның 5-індегі жағдайды (Ақтөбедегі қарулы шабуылды меңзеп тұр – ред.) білесіз ғой, ұйымдасып сондай бірдеңе істеуі мүмкін деп қорқады. Маған "бұларды тарату керек" деп айтты. Айналайындар-ау, кісіден қарадай күдіктенуге бола ма? Бұл баламның табан ақы, маңдай тері емес пе?! - дейді Олжабай Бершімбаев.
Олжабай ақсақалдың үлкен ұлы Ерлан 2009 жылы Қызылорда облысының Арал ауданынан Ақтөбеге жұмыс іздеп келіп, екі жылдай базарда арба сүйреген. Кейін шұжық сата бастаған. Алды биыл екінші сыныпқа баратын үш баланың әкесі қазір "халал ет сатып жүргенін" айтады. Одан бөлек өзі салған жатақханадағы алты пәтерді жалға беріп, нәпақа тауып отыр.
Ерланның ауласындағы пәтерлердің бірін жалдап отырған Ерболдың да сырт кейпі дін ұстанатын жігіт екенін аңғартып тұр. Оны Ерболдың сөйлеу мәнерінен де аңғару қиын емес. Мамандығы машинист Ербол бұл жерге отбасымен бірге осыдан алты ай бұрын көшіп келген. Оның айтуынша, айына 20 мың теңге төлеп тұрып жатыр. Көршілерімен тату.
- Бұл пәтерден шығарып жіберсе, баратын жерім жоқ. Әкімдіктің алдына барып түнейтін шығармын, - дейді ол.
Бір учаскеде бір-біріне қарсы орналасқан барак типтес екі үйдің ауласы шағын ғана. Бұл аула бірнеше отбасының мекені екенін аңғару қиын емес. Өйткені әр үйдің кіре берісінде кір жаятын кермелер, балалардың велосипеді мен бесік арбалары тұрды. Хиджаб пен ниқаб киген әйелдер болмаса, ер адамдардың қарасы байқалмады. Үй иесінің әйелі Мөлдір Арыстанова ер адамдардың ерте кетіп, кеш келетіндерін айтады.
- Квартиранттарымыз "біздің кесіріміз тиетін болса, кетейік" деп жатыр. Бұларды "теріс ағымның адамдары" дейтін көрінеді. Қайдағы теріс ағым?! Жазықтары сақал қойып, балақтарын қысқартқаны шығар? Көршілерім тыныш. Былтыр Ақтөбеде бір ыңғайсыз жағдай болды ғой. Сол оқиға жұртқа сабақ болды. Квартиранттарымыз өздерімен өздері, бала-шаға үшін деп жүрген адамдар. Егер бәрі дінге тіреліп тұрған болса, бұлар үйді босатады, - дейді Мөлдір.
Азаттық тілшісінің: "Пәтерге тек дін ұстанатындарды аласыз ба?" деген сауалына үй иесі Ерлан Бершімбаев "жоқ, мен адам алаламаймын" деп жауап берді. Ерланның сөзінше, өзі араласатын ортада үйсіз-күйсіз жүргендер өте көп. Сондықтан пәтер жалдаушыны алыстан іздемеген.
- Құрылыстың басында тексерушілер көбейіп, іс сотқа кеткесін үйдің іргесіндегі қалалық мешіттің имамына бардым. "Сендер менің сыртымнан басқа ағымда жүрген адам деп біреуге ақпарат бердіңдер ме?" деп сұрадым. Имам "саған қоятын ешқандай кінәм жоқ, ешкімге ештеңе дегенім жоқ" деп шыр-пыр болды. Өз күнін өзі көріп, тыныш жүрген адаммын. Менен неге күдіктенетіндерін түсіне алмай отырмын, - дейді Ерлан Бершімбаев.
Азаттық тілшісі Ақтөбе қалалық сәулет құрылыс бөліміне хабарласып, "намаз оқитындар бір жерде тұрмау керек, тарату керек" деген мәлімдемеге қатысты комментарий сұраған болатын. Бөлім бастығы Таңат Шегебаев:
- Бұл іске қатысымыз жоқ, Бершімбаевтың үстінен сотқа шағымданған – біз емес, - деді.
Ерлан Бершімбаевтың үстінен әкімшілік сотқа Ақтөбе облыстық сәулет құрылыс бақылау басқармасы шағым түсірген. Басқарма басшысы Бердияр Пірімбетов "УВД-2 Тополек" бау-бақша ұжымында Ақтөбе қалалық сәулет құрылыс бөлімінің басшысы Таңат Шегебаевтан түскен арыз негізінде тексеру жүргізгендерін айтады.
Құрылыс нормаларын бұзғасын, заңды бұзғасын ғана сүріп тастамақпыз.
- Саяжай учаскесінде жатақхана тұрғызған деген соң тексердік. Документ жоқ, проект жоқ, экспертизадан өтпеген, технадзор жоқ, авторский надзор жоқ. Генподрядчик жоқ. Ол – бау-бақша ұжымы. Ол жерге заң бойынша жатақхана салуға болмайды! Ал діни ұстанымдарына келсек, біз құрылысшымыз ғой, бізге ешкімнің діни көзқарасының керегі жоқ. Құрылыс нормаларын бұзғасын, заңды бұзғасын ғана сүріп тастамақпыз, - дейді Бердияр Пірімбетов.
Сот қаулысымен бұзылмақшы жатақхана қожайыны Ерлан Бершімбаев пен жатақхананың өзге тұрғындарына қатысты қандай да бір күдікпен тексеру амалдары жүргізілгені, я жүріп жатқаны туралы ұлттық қауіпсіздік комитетінен мәлімет алу мүмкін болмады.
Азаттыққа жазбаша комментарий берген Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Н. Қонақбаева: "Аталған азамат Ерлан Бершімбаев бұрын сотталмаған. Қазіргі уақытта 2017 жылғы шілде-тамыз айларында ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 339-бабының 1-ші және 319-бабының 1-бөлімімен (жерді тиімді мақсатқа пайдаланбағаны және заңсыз құрылыс үшін) әкімшілік жауапкершілікке тартылған" деп қана жазды.
"Діндарлар" тұратын жатақхана дауы жайлы видео:
Your browser doesn’t support HTML5
АПЕЛЛЯЦИЯДАН ҮМІТТЕНУ
Үй иесінің күн суытқанша ауласындағы екінші жатақхананың құрылысын толық аяқтап, тағы жеті отбасын пәтерге алмақ жоспары болған екен. Бірақ ала жаздай дау-дамаймен жүргендіктен құрылысты уақытша тоқтатып қойыпты. Тамыздың 22-сі күнгі сот қаулысынан соң үйді бұзып тастауы мүмкін деген үрейі де үдей түскен. Бар үміті – апелляциялық алқаның шешімінде.
- Үйді сүретін болса, ішіне кіріп алып отырамын. Менімен бірге ысырып тастасын! Ешқандай құқығымыз болмаса, азамат ретінде санамаған болса, осы жерде бәрімізді әке-шешемізбен қоса ысырып тастасын. Біздің қолымыздан басқа ештеңе келмейді. Аллаға тапсырдым! Кім кімге қиянат жасаса, азабын осы дүниеде тартады. Оған күмәнім жоқ. Біз қиянат жасамаймыз, қиянат жасасақ, ол өзімізге келіп тиетінін білеміз, сол үшін ешкімге қиянат қылмаймыз. Ал егер маған қиянат жасап жатса, мен де ол адамның сол нәрсені тартатынына күмәнім жоқ, - деді Ерлан Бершімбаев.
Ақтөбе қалалық әкімшілік сотының қаулысымен келіспейтін Ерлан Бершімбаев тамыздың 31-інде апелляциялық шағым түсірді. Тап сол күні жатақхана қожайыны бастаған жиырма шақты адам Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетайдың қабылдауына кірмек болған еді. Төраға үш адамнан артық қабылдай алмайтынын айтқандықтан Ерлан Бершімбаев, оның адвокаты Ағысбек Төлегенов облыстық сот төрағасының қабылдауында болды. Кездесуге Азаттық тілшісін де қатыстырған төрағаның айтуынша, сот азаматтарды мемлекеттік мекеме қызметкерлері дайындаған құжаттардың негізінде ғана әкімшілік жауапкершілікке тартады. Ал сот қаулысымен келіспейтін кез-келген азамат апелляциялық шағым түсіруге құқылы. Бас-аяғы бес минутқа созылған қабылдаудан соң адвокат Төлегенов Азаттық тілшісіне сұхбат берді.
- Менің қорғауымдағы Бершімбаевтың Ата заңымызбен (конституция – ред.) бекітілген негізгі құқығы бұзылып тұр. Жекеменшік үйінде тұру, үйлі болу, отбасылы болуы әр адамның еркі емес пе? Бұл азамат саяжайдағы учаскені екі миллион теңгеге сатып алып, жекеменшігіндегі жеріне үй салған. Енді сол үйін заңсыз деп бұзып тастамақшы. Бұл азаматтың құқығы түбегейлі түрде, жүз пайыз бұзылып тұр. Адамның өз еркі ғой, қалай салады, қайда салады, не тұрғызады. Легализация кезінде бұл үйдің құжаттарын мемлекет қабылдаған. Өздері қабылдап алып, енді сол үйді бұзбақшы. Сонда неге қабылдайды? Қабылдаса, неге айыппұл салады? Бұл қандай мемлекет?! Бершімбаев бұған дейін де бір рет 11 мың теңге айыпппұл төлеген екен. Тамыздың 22-сі күнгі сот қаулысына сай тағы да айыппұл салынды. Одан бөлек үйін құлатып тастамақшы. Бір заңбұзушылық үшін үш мәрте жазалағанды қайдан көрдіңіздер?! Біз Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Хамиев шығарған қаулымен мүлдем келіспейміз, - дейді адвокат.
Азаттық тілшісі Ақтөбе облыстық сотынан "бір заңбұзушылық бойынша бірнеше жазалау тағайындау қаншалықты заңға сәйкес?" деп сұраған болатын. Соттың баспасөз қызметінде де, 22 тамыз күні шыққан сот қаулысында да Ерлан Бершімбаевтың осыған дейін 11 мың теңге айыппұл төлегені туралы мәлімет жоқ болып шықты.
- Ерлан Бершімбаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 319-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Яғни, оған сот қаулысымен34 мың теңге айыппұл салынып, үйі сүрілетін болды. Бұл екі жаза емес, бір жаза. Бұл туралы 319-баптың санкциясында көрсетілген, - деді соттың баспасөз хатшысы Илиада Досова.
Қазір жеті отбасы мекен етіп отырған жатақхана "УВД-2 Тополек" деп аталатын саяжай ұжымында. Бірақ оның "саяжай ұжымы" деген аты ғана. Қалаға ең жақын саяжай әлдеқашан тұрғын үй массивіне айналып кеткен.