Ақтөбеде тұтқындардың 100-ге тарта туысы түрмеге әскер кіргізуге қарсы шықты

Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесінің өткізу пункті. Ақтөбе, 19 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде маусымның 1-іне қараған түні «УКА 168/2 жалпы режимдегі түрмесіне әскер кіргізеді» деген хабар тарап, ондағы тұтқындардың жүзге тарта туыс-туғаны мекеме алдында түнеп шықты. Басшылары «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» осыдан 2 ай бұрын сотталып кеткен, жергілікті жұрт «Алтыншы» деп атайтын абақтының қақпасын күзеткендер қатары түс ауа ғана сейілді.
«Абақты аумағына әскер кіргізіледі екен» деген хабар сотталушылардың жақындарына кеше түн ортасы ауа жеткен.

«ЖАСЫЛДАР» МЕН «ҚАРАЛАРДЫҢ» ТҮРМЕСІ

Жиналғандар әскердің түрмеге неліктен кіргізілетіні туралы түрлі болжамдар айтып жатты. «Уақапшылардың кесірі» дейді атын атамауымызды сұраған бір тұрғын. Оның айтуынша, «Алтыншыда» дін жолын ұстанушы сотталғандар мен дінді ұстанбайтындардың арасында таусылмас кикілжің бар.

Дін жолын ұстанушыларды («жасылдарды») түрме «авторитеттерінің» («қаралардың») көмегімен тәртіпке салмақ болған УКА 168/2 мекемесінің бұрынғы бастығы Александр Баталов пен оның орынбасары Еділ Егізеков биыл сәуір айында төрт жылға бас бостандықтарынан айырылған еді.

- Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды. Неге дерің бар ма? Түрмеге әскерді жайдан жай кіргізуші ме еді? Балаларды «сындырмақшы» да, - дейді 5 ұлының барлығы түрме көрген, өзі кеше таңғы 3-тен бері «Алтыншының» қақпасын күзетіп жүрген Бәтима Абдулқызы.

Бәтима апайдың сөзіне қарағанда, осыдан екі жыл бұрын да УКА 168/2 мекемесіне әскер кіргізбек болған. Бірақ сотталғандардың туыстары жолды жауып, «көліктің алдына жатып алып», әскерді өткізбей қойыпты.

«ӘСКЕР КІРГІЗЕТІН ОЙЫМЫЗ БОЛҒАН ЖОҚ»

Таңғы сағат 7-ден кейін түрме маңын торуылдаған кісі қарасы тіпті көбейе түсті. Сағат 8-дер шамасында автомат асынған полицейлер тобы да байқалды.

- Біздің жалғыз ғана талабымыз бар. Абақтыға әскер кіргізбесін! - деп жамырасып жатты наразы жұрт оларға.

Іле-шала түрме басшылығы түнімен абақты қақпасын күзеткен топтан 10 адамды

Түрме қоршауы. (Көрнекі сурет).

мекеме аумағына кіргізді. Бірақ Азаттықтың тілшісіне абақты аумағына өтуге рұқсат берілген жоқ.

Қамауда отырған азаматтардың туыстарының айтуынша, түрме бастығының міндетін атқарушы Елжан Ізбағанбетов «Егер өздері бунт шығармаса, әскер енгізбейміз. Алаңдамай тарқай беріңдер» деп жауап берген.

- Түрме бастығымен кездестік. «Біздің әскер кіргізетіндей ойымыз болған жоқ. Бір күн бұрын түзету мекемелерінің біріне әскер енгізілгені рас. Қауесетке сол себепкер болса керек. Алаңдамаңыздар» деді. Соған сеніп тұрмын, – дейді жазасын өтеушілердің бірінің анасы Ольга есімді әйел.

Түрме басшылары «әскер кіргізілмейді» десе де, наразылық білдіруші топтың күдігі сейіле қоймады.

- Бұлайша жүздеген адам жедел жиналып, жұртты дүрліктіреді деп ешкім ойлаған жоқ. Сондықтан райларынан қайтты. Бірақ әлі де сене алар емеспін, - дейді сотталушылардың бірінің туысы Болат есімді тұрғын.

Осылайша бір топ адам түрме маңында түс ауғанша жүрді.

Азаттық тілшісі бұл оқиғаға орай қылмыстық атқару жүйесі Ақтөбе облыстық департаментіне хабарласты. Басшыларының аттестация тапсыра кеткендерін айтқан баспасөз қызметі:

- Мамырдың 31-і күні таңғы 5-те Ақтөбедегі тергеу изоляторына әскер енгізілгені рас. Ол жоспарлы шара болатын. Изоляторға енгізілген әскер ұялы телефон сияқты тыйым салынған заттарды тәркіледі. Ал УКА 168/2 мекемесіне қатысты ондай жоспарымыз жоқ, - деп жауап берді.