Темір ауданындағы атыста қаза болған арнайы жасақ қызметкері Руслан Жолдыбаев бүгін жерленді. Ал арнайы операция барысында полицияның оғына ұшқан Кеңқияқ тұрғыны «қарсылық көрсетті» дейді билік орындары.
СОБР САРБАЗЫНЫҢ ЖАНАЗАСЫ
Темір ауданында 1 шілдеден бері үш полицейді өлтіріп, үш полицейді жаралаған қарулы топқа қарсы операция өтіп жатыр. СОБР (жедел әрекет ететін арнайы жасақ) сарбазы Руслан Жолдыбаевты жерлеуге жүз қаралы адам келді. Көрші көшелерді автомат асынып, беренді кеудеше киген полицейлер қоршап тұрды.
Жолдыбаевтар әулетінің досы Марина Бралина ескі таныстар екенін, күйеуі мен Русланның бір сыныпта оқығанын айтады.
– Соңғы екі айда жиі жолығып, хабарласып тұратынбыз. 1 шілдеде балаларды алып серуенге шықпақ едік. Міне, қайтыс болып кетті. 18 тамызда 35-ке келер еді. Қызы биыл бірінші сыныпты бітірді. Тура әкесіне тартқан. Руслан «енді ұлым болса» деп армандап жүретін.
Русланмен бірге оқыған Динара Сағырова марқұмның көңілді, ешкімді ренжітпейтін, көмек сұраған адамның бетін қайтармайтын адам болғанын айтады.
– Өзінің бойы екі метрдей еді, ұлттық президенттік гвардияда борышын өтеген, - дейді Динара Сағырова.
Руслан Жолдыбаев әкеден жастай жетім қалып, ата-әжесінің бауырында өскен екен. Русланның жасы 85-ке келген атасы Айтқали Жолдыбаев:
– Өзім құдаласып, келін түсірген едім. Білім алып, адам болып, ішкі істер
орынында жұмыс істе деген де өзім болатынмын. Аса тәрбиелі еді. Жуықта пәтер алып, медальға ие болған еді, – дейді.
Айтқали Жолдыбаев - соғыс ардагері, 35 жылдық стажы бар отставкадағы милиция майоры.
КЕҢҚИЯҚТАҒЫ АТЫС
Кеңқияқта жергілікті бір тұрғын полицияның оғынан мерт болды. 1 шілдеден бері қарулы топқа қарсы операция жүріп жатқан Темір ауданында жағдай шиеленісіп тұр. Ақпарат не ресми жауап жартымсыз болса, жергілікті тұрғындар арасында қауесет гу ете қалады.
Полиция 26 жастағы жергілікті тұрғынның қазасына байланысты ертеңінде ғана мәлімдеме жасады. «Ол - 1 шілдеде Шұбаршиде екі полицейді өлтірген топтың сыбайласы» дейді полиция.
Кеңқияқ ауылының тұрғыны Ардақ Құбашева 3 шілде күні түстен кейін болған осы атысты көргенін айтады.
– Қызым екеуіміз аудандық ауруханаға бара жатқанбыз. Түскі 3-тер кезінде №19 үйдің маңында атыс болды. Сол маңнан мұсылман әйелді ұстап, қолын кісендеп, полиция көлігіне мінгізіп әкетті. Сақалы бар, жасы 40-тар шамасындағы ер адамды аяғынан атып жаралағанын тұрғындар көрді. Жұрт қорыққандарынан есік-есікке кіріп кетті, – дейді ол.
Оның айтуынша, бұл кезде көшеде балалар ойнап жүрген, ересектер қауіпсіздік мәселесі жайлы жиналысқа қатыспақ болып, мәдениет үйіне бара жатқан.
Бұл ауылдың 48 жастағы тұрғыны Гүлнар Тұрмағамбетова 3 шілде күнгі атыстан соң қысымы көтеріліп кеткенін айтады.
– Күйеуім екеуіміз ауруханаға бардық. Әскерилер аурухана ауласында мені нысанаға алды. Қорыққанымнан не істерімді білмедім. «Артық-ауыс қимыл жасама, әйтпесе атып тастайды» деді күйеуім. Әскерилерге «бұларың не?» десек, «өз жұмысымызды атқарып жүрміз, хақымыз бар» дейді. «Уаххабтар да бізді нысанаға алмап еді. Сендер қорғауға келдіңдер ме, қорлауға келдіңдер ме!» дедім. Дәрігерлер шығып, маған дәрі салды, – дейді Гүлнар Тұрмағамбетова.
Шұбарши ауылының әкімі Роза Сәтенова 3 шілде күні атыс болды деген хабар өтірік деп жауап берді:
– «Қорыққанға қос көрінеді» деген. Бұл өтірік ақпарат. Қайдағы атыс? Тұрғындармен әңгімелесіп жатырмыз. Қазір бізге тыныштық керек. Біз радикалдар емеспіз. Олар қазақты мойындамайды. Пәренжі киіп алса, қай елде жүргеніміз? Ұлттық дәстүріміз бойынша оразасын ұстап, намазын оқи берсін, – дейді Роза Сәтенова.
Оның айтуынша, Кеңқияқта төтенше жағдай жарияланбаған, аудандық ауруханада арнайы жасақтың жүрген себебі – клиенттердің қауіпсіздігін ойлаған амалсыз шара.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің өкілі Нұрлыгүл Көшекбаева «бір ақпарат болса, облыс әкімінің сайтында жарияланады; қазір ақпарат беріп жатқан – Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті» деді Азаттық тілшісіне.
ПОЛИЦИЯНЫҢ ЖАУАБЫ
Дүйсенбі, 4 шілде күні облыстық полицияда Кеңқияқ ауылы тұрғынының өліміне байланысты брифинг өтті. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев ол оқиғаның себебін былай деп түсіндірді:
– Биыл шілденің 3-і күні, шамамен сағат 14:10 кезінде Кеңқияқ полиция бөліміне телефон арқылы хабар жетті. № 18 үйдің ауласында белгісіз үш
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев. Ақтөбе, 4 шілде 2011 жыл.
адам (біреуі – сақалды ер адам, екеуі – хиджаб киген әйел) ұра қазып жатыр деді. Осы хабар бойынша оқиға орнына жедел тергеу тобы мен Темір аудандық ішкі істер бөлімінің бір қызметкері, СОБР-дың екі қызметкері аттанды.
Алмат Иманғалиевтің айтуынша, оқиға орнынан 1985 жылы туған, кім екені анықталған жергілікті тұрғын ұсталған. Ол адам ұсталар кезде полция қызметкерлеріне қатты қарсылық көрсетіп, «Аллаһу акбар!» деп айғайлап, полицейлер жаққа бір дорбаны лақтырып жіберіп, қашып құтылмақ болған.
– Ол BMW маркалы, түсі қара көліктің маңында тұрған полицейге қарай қашты. Мылтық дауысына ұқсас екі тарсыл естілді. СОБР инспекторлары қашып бара жатқан адамды атты. Оқ оның жамбасына тиіп, Кеңқияқ аудандық ауруханасына жеткізген кезде жарақатынан қайтыс болды. Бұл қаза тапқан У. деген азамат - Темір ауданындағы екі полицейді - Айдос Боранбаев пен Нұрлан Алпысбайды өлтіруі мүмкін деген күдікке ілінген, 1989 жылы туған Бектемір Оразовтың немере ағасы. Оқиға орнын, яғни ауланы тексерген кезде қазылған ұрадан полицей дорбасы табылды. Оның ішінен ИЖ маркалы 16-калибрлі аңшы мылтығы, діни мазмұндағы 16 беттік кітапша, мұсылман аяқ киімі – мәсі шықты. Мәсінің біреуінің ішінде 1 миллион 479 мың теңге салынған дорба жатыр екен, – дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев.
Оның айтуынша, тағы бір полиэтилен орама табылған. Оның ішінде қара түсті ұнтақ бар екен. Қазір сараптамаға жіберіпті.
– Полицейлер BMW көлігі тұрған маңды тексергенде 16-калибрлі қосауыз шолақ мылтық тауып алды. Оның не екенін сарапшылар анықтап жатыр. Қашқан адамды атқан СОБР қызметкерінің ісі заңды деп танылды. Қазір облыстық ішкі істер басқармасы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Жолдарға блокпост, полицей қойылды. 1980 және 1968 жылы туған екі азаматшаның кімдер екендігі анықталды. Оларды тергеушілер тергеп жатыр, – дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев.
Шұбарши ауылынан жарты сағаттық жердегі Кеңқияқ тұрғындары бұл атыстан кейін далаға шығудан қорқып отыр.