Атаманның ақыры: совет чекистерінің жұмбағына 90 жыл толды

Генерал Александр Дутов.

Осыдан тура 90 жыл бұрынғы кісі өлімі жөніндегі әрқилы пікірлер әлі күнге толастар емес. Советтік тарихнамада бұл оқиға «чекистердің кезекті операциясы» деп бағаланды. Қазір оны кейбіреулер сәнге айналған сөзбен «лаңкестік акт» деп атап жүр.

Сонымен бұл қандай оқиға? 1921 жылы ақпанның алтысынан жетісіне қараған түні Қытайдың Суйдун деген жерінде атаман Александр Дутовты атып кетті. Қазан төңкерісінен кейінгі большевиктердің басты жауы 42 жасында осылайша көз жұмды.

Алайда тарих тегершігі мұнымен тоқтаған жоқ. Атаманның өмірі мен күресі әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Кейбіреулер оны бұрынғыша «қарақшы және совет өкіметінің қас жауы» десе, енді біреулер «демократиялық Ресей үшін күрес жолында коммунистерге қарсы майдан ашқан батыр» деп есептейді.

Қазақтың бүгінгі тарихнамасы әзірге Александр Дутов тұлғасына ешқандай баға берген жоқ. Дутовтың қазіргі Қазақстан аумағындағы іс-әрекеттерін ешкім зерттеген емес. Бірақ қазақ тарихшылары Дутовты Ресейдің ұлттық батыры деушілерге үзілді-кесілді қарсы.

– Бізде негізінен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, қазақ автономиясының құрылуы, одан қалса 30 жылдардағы аштық пен саяси қуғын-сүргіндер зерттеліп келеді. Азамат соғысын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бұл тақырып тек Советтік Ресей проблемалары сияқты тасада қалып қойды, – деді Азаттық радиосына аты-жөнін жариялауды қаламаған тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан университеттерінің бірінің профессоры.

«АЛДЫМЫЗДА – АРАНДАТҚЫШ ЛЕНИН»

Орынбор казак әскерінің атаманы Александр Дутов 1917 жылы қазан айында Ресейде алғашқылардың бірі болып большевиктерге қарсы шықты. «Ол орта бойлы, дөңгелек жүзді, шашын қысқа алдырып, үнемі қырынып жүретін қуланып қарайтын, сабырлы, зерек адам болатын» – дейді Александр Дутов туралы 1918 жылы жазған замандасы.

Әскери атаманның жасы бұл кезде 39-да еді. 1917 жылы қазан айында өткен төтенше әскери жиылыста ол Орынбор әскери үкіметінің төрағасы болып тағайындалды.

Александр Дутов 1879 жылы 5 тамызда Сырдария облысы Қазалы қаласында казак офицері, есаул отбасында дүниеге келді. Келешек казак көсемінің әкесі, Түркістан жорықтарына қатысқан кәсіби офицер Илья Петровичке 1907 жылы қыркүйекте әскер қатарынан босаған шақта генерал-майор шені берілді. Анасы Елизавета Ускова – урядниктің, яғни казак офицерінің қызы, Орынбор губерниясының тумасы.

1897 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын, араға екі жыл салып Николаевск атты әскер училищесін бітірген Дутов хорунжий шенін алып, Харьковте тұрған бірінші Орынбор казак әскеріне жіберілді.

1916 жылы 20 наурызда Александр Дутов негізгі құрамдағы армия қатарына еріктілер қатарында аттанды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң бір ай өте Бүкілресейлік казак әскерлері одағының төрағасы болып сайланды. Сол жылы сәуір айында Петроградта өткен казак съезін басқарды. Саяси көзқарасы тұрғысынан алғанда Дутов республикашылдар мен демократияшылдар ұстанымын қолдады.

1917 жылы қазан айында Александр Дутов Орынбор қаласында болады. Осы қалада жүріп Петроградта төңкеріс жасаған большевиктер билігінің Орынбор казак әскері тұрған аумақта мойындалмайтындығы туралы бұйрық шығарды.

Александр Дутов Түркістан мен Сібірдің арасын жалғап тұрған аса маңызды стратегиялық өңірді бақылауда ұстады. Атаманның алдында Құрылтай жиналысына сайлау өткізу және осы жиналыс өткенге дейін губерния мен әскер ішінде тұрақтылықты сақтау міндеті тұрды. Орталықтан келген большевиктерді бірден тұтқындап, абақтыға жауып тастады.

Қараша айында Орынбор казак әскерінің атынан Құрылтай жиналысының мүшесі болып сайланды. Осы жиналыста сөйлеген сөзінде Дутов: «Қазір біз большевиктердің ойранында отырмыз. Қараңғы түнде патшалықтың,
Ұлы Русь, құдыретті, қаһарлы және еңбек сүйгіш Ресей болған еді – енді ол жоқ
Вильгельм мен оның жақтастарының сұлбасы көрінеді. Алдымызда арандатқыш Владимир Ленин мен оның жақтастары Троцкий-Бронштейн, Рязанов-Голбенбах, Каменев-Розенфельд, Суханов-Гиммер мен Зиновьев-Апфельбаумдар тұр. Ресей өліп барады. Біз оның соңғы демінің куәсіміз. Балтық теңізінен мұхитқа дейін, Ақ теңізден Персияға дейін ұлан-байтақ жерде Ұлы Русь, құдыретті, қаһарлы және еңбек сүйгіш Ресей болған еді – енді ол жоқ», – деді.

Қызыл армия қоршауынан сытылып шығып, Қытайға өткен Александр Дутов Советтік Ресейге қарсы күресу үшін Батыс Қытайда жүрген большевиктерге қарсы күштердің барлығын біріктіруді көздеді. Батыс Қытайдағы большевиктерге қарсы күштерді Орынбор жеке армиясына топтастыру туралы бұйрық шығарды.

«АНТАНТАМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫС»

Жақсы ұйымдасқан және жылдар бойы күресте тәжірибе жинақтаған большевиктерге қарсы күштердің дәл шекара түбінде тұрғаны Совет өкіметінің мазасын кетірді. Оның үстіне атаман Дутов беделінің күн санап күшейіп бара жатқаны да қатты алаңдатты. Жағдай осылай жалғаса берсе, Жетісу большевиктері мен чекистері кез-келген сәтте Мәскеуден ажырап қалуы мүмкін еді. Казак атаманы қарап жатпай Антанта өкілдерімен де байланыс орнатты.

«Француздар, ағылшындар мен америкалықтар менімен тікелей байланыс жасап, бізге жәрдем беріп жатыр, – деп жазды Дутов. – Бұл көмек нақтырақ іске асар күн де жақын. Большевиктерді талқандаған соң Германиямен соғысты қайта жалғастырамыз. Мен, Құрылтай жиналысының мүшесі ретінде, одақтастармен жасалған келісімшарттардың барлығы қайта жанданады деп сендіре аламын. Чехословак корпусы бізбен алысып жатыр».

Міне, осыған байланысты атаман Дутов пен оның қол астындағы казак әскерінің боьшевиктерге қарсы іс-әрекетін дереу тоқтату қажет еді.

Бүкілресейлік төтенше комиссия төрағасы (ВЧК) Феликс Дзержинский Дутовты жай өлтіріп қоя салмай, жұрт көзінше жазалағысы келді. Осы мақсатта оны ұрлап әкету үшін арнайы операция жоспарланды. Алайда, атаман әскерінің тұрған жерін, Александр Дутовтың жүріс-тұрысын зерттеп көрген барлаушылар «оны ұрлап әкету мүмкін емес» деген шешімге келді. Сөйтіп бірден көзін жойып жіберуді көздейтін екінші жоспарды жүзеге асыруға кірісті.

«Атаманның ақыры» деп аталатын әйгілі советтік көркем фильмнен атаманды чекист Шадияровтың өлтіргенін білеміз. Фильм сценарийінің авторы Андрон Михалков-Кончаловский картинаның бас қаһарманының фамилиясын өмірдегі кейіпкерлердің аты-жөнінен жинақтап алған деуге болады. Советтік барлау құжаттардан атаманды Махмұд Қожамияров деген адамның атқаны мәлім. Арнаулы топты басқарған – Қасымхан Чанышев. Оны көптеген советтік дереккөздерде «қызылдардың арнайы қызметінің агенті» деп атайды.

ӨЗІ КОНТРАБАНДАШЫ, ӨЗІ ЧЕКИСТ ПЕ?

Сонымен Қасымхан Чанышев деген кім? Кейбір деректерде ол Жаркент немесе Қорғас уездік милициясының бастығы ретінде аталады. Сол кезеңнің басқа да куәгерлері, оның ішінде туыстары да бар, Чанышевті контрабандашы, апиын саудалаушы деп көрсетеді. Ол Қытайға апиын мен бұғы мүйізін апарып, ол жақтан бері қарай алтын тасыды. Шекараның екі жағында да оның сенімді адамдары бар еді.

Кейбір жорамалдарға қарағанда, Қасымхан Чанышев немере ағасының ескі танысы Дутовты тектен-тек өлтірмеген сыңайлы. Чекистер оның ата-анасын, әйелі мен балаларын кепілге алып, «егер Дутовты өлтіріп келмесең, барлығын атып тастаймыз» деп қоқан-лоққы жасаған деген де болжам бар.

Туыстары мен ұрпақтарының әңгімелеріне қарағанда, Қасымхан Чанышев ешқашан милицияда да, қарсы барлауда да қызмет етпеген. Қызыл Армия офицері де болмаған. Ал чекистермен тек «іскерлік байланыс» қана жасаған, яғни одан ақша алған чекистер оның заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанына көз жұма қараған.

Александр Дутов Қасымхан Чанышевке сенді. Екеуінің ортақ шаруалары да бар еді. Атаман мен оның қол астындағы казактарды белгілі бір деңгейде Чанышевтың «клиенттері» деп айтуға да болады. Татардың бай отбасынан шыққан Қасымхан Чанышевтің большевиктер идеясын қолдауы мүмкін емес еді. Совет үкіметінің «бай-кулактарға қарсы күресінде» оның да көп туысы зардап шеккен.

Татардың Чанышевтер әулетінен таралған көпестер ондаған жылдар бойы Шыңжаң провинциясында сауда-саттығын дөңгелентті. Қасымханның Құлжада тұратын немере ағасының сауда үйі бар еді. Ол сол өңірдегі байлардың бірі болатын. Қасымхан Чанышев ағасының арқасында Дутовтың үйіне емін-еркін баратын. Сөйтіп Дутовтың көптеген адамдарымен жақын танысып алды. Атаманның жеке аудармашысы полковник Абылайханов Қасымханның бала күннен бергі досы болатын.

Жаңа биліктің арнайы қызметі бұл жайтты пайдаланбай тұра алмады. Өйткені атаманға тек Қасымхан Чанышев қана жақындай алатын еді. Сондықтан атаманды өлтіретін нақты мүмкіндік тек Қасымхан Чанышевта ғана болды.

Советтік және эмиграциялық әдебиеттерде чекистер үшін өте сәтті аяқталған бұл операция туралы әртүрлі мәлімет бар. Соның біріне, Ресейлік ФСБ Орталық архивіндегі құжаттарға, атап айтқанда Махмұд Қожамияров туралы мәліметтерге тоқталайық.

«Дутовқа кірдім де, хатты ұстаттым. Ол үстелінде отырған күйі оқи бастады. Сол кезді пайдаланып, револьверімді білдірмей суырып алдым да, Дутовты кеуде тұсынан атып жібердім. Дутов құлап түсті. Сол сәтте маған қарай тұра ұмтылған Дутовтың адъютантын да құлақшекесінен аттым. Ол жанып тұрған шырағданды іле құлады. Қараңғыда Дутовтың денесін аяғыммен түрткілеп жүріп тауып алдым да, тағы бір рет аттым», – дейді Махмұд Қожамияров.

ЛАҢКЕСТІҢ АҚЫСЫ – МАУЗЕР МЕН АЛТЫН САҒАТ

Міне осылайша, даңқты атаманды ұлты ұйғыр Махмұд Қожамияров атып тастады. Бұл туралы ұйғыр тіліндегі советтік газеттерде зор мақтанышпен талай рет жазылды. М.Рузиев «Возрожденный уйгурский народ» деп аталатын кітабында «Сталин жолы» газетінің 1935 жылы 7 қарашадағы санына сілтеме жасай отырып, Феликс Дзержинскийдің өзі «Қожамияров жолдасқа. Атаман Дутовқа қарсы лаңкестік акт жасағаны үшін» деген жазу жазылған маузер сыйлағанын айтады.

Махмұд Қожамияровқа маузерге қоса алтын сағат та беріліпті. Ал Қасымхан Чанышевті тек алтын сағатпен ғана марапаттаған. Феликс Дзержинскийдің бұйрығында «Операцияға тікелей басшылық жасағаны үшін» деп жазылған. Бұл жөнінде Х.Вахидовтың 1966 жылы «Простор» журналындағы мақаласында айтылады.

Қасымхан Чанышевтің чекистер үшін сәтті өткен операциядан кейін немен шұғылданғаны туралы мәлімет жоқ. 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, сол жылы атылып кеткені туралы ғана деректер кездеседі. 1960 жылы Қасымхан Чанышевтің есімі саяси тұрғыда қайта ақталған.

ЗАТТАЙ АЙҒАҚ – АТАМАННЫҢ БАСЫ

Тоғыз адамнан тұратын Қасымхан Чанышевтің отряды түн жамылып сытылып кетті. Казактар оларды соңына түскенімен түк шықпады, өйткені Чанышев пен Қожамияров дутовшылдар ойлағандай совет шекарасына қарай емес, оған қарама-қарсы жаққа – Құлжаға қарай бет алған еді. Олар Чанышевтің ағасының үйінде тығылып жатты. Өйткені істеген істерін чекистерге көрсететін заттай айғақ болмаса, үйлеріне қайта алмайтын еді.

Атаманды, онымен бірге өлген Лопатин мен Масловты жерлеу рәсіміне Қытайда тұратын көптеген орыстар келді. Сол жылдары эмиграцияда болған Елена Софронова 1999 жылы Мәскеуде жарық көрген «Где ты, моя Родина?» дейтін кітабында бұл жөнінде: «…Дутовты жерлеу рәсімі
Дутовтың денесін біреулер қайта қазып, басын кесіп алған да, қалған денесін көмбестен тастап кеткен
музыкамен салтанатты түрде өтті: мүрде салынған табыттың соңынан халық ілесіп отырды. Дутовты Суйдуннан шамамен төрт шақырым жердегі шағын Доржинка қорымына апарып қойды Дутовты өлтірген үш басмашыны – Чанышев, Қожамияров пен Баймақовты совет өкіметі жіберген еді. Жерленгеннен кейін үш-төрт күннен соң Дутовтың денесін біреулер қайта қазып, басын кесіп алған да, қалған денесін көмбестен тастап кеткен. Ұрланған бас қанішерлерге істеген істерін совет өкіметіне дәлелдеу үшін керек болған», – деп жазады.

Бұл туралы Шыңжаңнан қайта оралған В.Мищенконың жазбасында да бар: «Атаманды жерлегеннен кейін бір апта ішінде қабірді біреулер қазып, басын кесіп әкеткен. Қанішерге бас чекистерге тапсырманың орындалғанын дәлелдеп, чекистер кепілге алған отбасын босатып алу үшін керек болған».

Қытайда тұратын орыстар атаманның қабірін кім қазғанын жақсы түсініп, Чанышевтің отбасы кепілде болғанын да білген.

Операцияға қатысқандар үйлеріне оралған соң бес күн өте, 11 ақпанда Ташкенттен Мәскеуге, Ресей коммунистік партиясының (большевиктер) орталық комитетіне жеделхат жолданған. 1999 жылы Ресейдің орталық орталық газеттерінің бетінде алғаш рет жарияланған жеделхат мәтіні мынадай:

«Алдыңғы жеделхатқа қосымша: Жаркент тобының коммунистері арқылы генерал Дутов пен оның адъютанты және екі нөкері былайша өлтірілді. Операция жетекшісі Дутовтың пәтеріне кіріп, оның холына хат берді де, сол сәтті пайдаланып Дутовты екі рет атып өлтірді, одан кейін адъютантын атып тастады. Шегінер жолда тосқауылда тұрған екі адам қару атылғанын естісімен пәтерге ұмтылған атаманның жеке күзетінің екі казагын өлтірді. Біздің адамдар бүгін сәтімен оралды».

«ДУТОВ КЕМШІЛІКСІЗ ЕМЕС ЕДІ»

Ресейдің Шығысында Ақтар қозғалысын бастаған атаман Александр Дутовтың ғұмыры осылай үзілді. Мұндай аса ірі саяси және әскери қайраткердің өлтірілуі Орынбор казак әскеріне үлкен соққы болды.

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезіндегі Ресейдің әскери тарихын зерттеуші Андрей Ганин өз кітабында атаман туралы былай деп жазады: «Әрине, Дутов кемшіліксіз емес еді. Басқа да қарапайым адамдарға тән оның да әлсіз тұстары болды. Бірақ соған қарамастан осынау бұлғақ кезінде Ресейдегі аса ірі казак әскерін басқара алатын қабілетімен танылды, жоқтан бар жасады, ұрыс қабілеті мықты армия құрып, большевиктермен аяусыз күреске шықты. Ол, тіпті, соңына ерген жүздеген мың адамның кумиріне айналды».

Александр Дутов Сібір телеграф агенттігіне берген сұқбатында өзінің саяси көзқарасын былайша білдірген еді: «Мен Ресейді, өз өлкемді, Орынборды сүйемін, менің барлық ұстанған жолым осы. Облыстардың автономияға ұмтылуын дұрыс деп санаймын. Партиялық күресті мойындаған емеспін, мойындамаймын да. Егер большевиктер мен анархистер Ресейді құтқарып, қайта өрлететін жолды шынымен де тапқан болса, онда мен солардың
Атып тастау – кек қайтару емес, ол тек ықпал етудің ең ақырғы тәсілі.
қатарында болар едім. Маған Ресей қымбат. Мұны, қандай партияда болса да, патриоттар түсінеді. Бірақ турасын айтайын: мен тәртіп пен мықты билікті жақтаймын. Ал қазіргі жағдайда, яғни алып мемлекеттің мұнан кейін өмір сүру-сүрмеуі екіұдай болып тұрғанда ештеңеден тайынбаймын, керек болса атамын. Атып тастау – кек қайтару емес, ол тек ықпал етудің ең ақырғы тәсілі. Бұл орайда менің алдымда – большевик пе, большевик емес пе, солдат па, офицер ме, өзіміз бе, басқалар ма – кім тұрса да бәрібір....»

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Ерлан Медеубаевтың ойынша, Ресей тарихшылары Александр Дутовтың ақ казактар тарихындағы, контрреволюциялық қозғалыстағы және Азамат соғысындағы рөлін қайта қарап, оны монархиялық Ресей патриоты деп санағанымен, Қазақстаннның қазіргі тарихнамасында Дутовқа берілетін баға өзгермейді.

– Тәуелсіз Қазақстанда Дутов тұлғасына қатысты ой-пікір өзгерген жоқ. Ол Қазақстан тарихында тап жауы, Торғай өңірінде жергілікті халыққа ойран салған Ақ казактар қозғалысының ұйымдастырушысы ретінде қала береді. Дутов қазақ халқына қатысты жағымсыз іс атқарды. Дутов үкіметі біздің жеріміздегі Ресейдің отаршылдық саясатын жалғастыруды қолдады, – деді Ерлан Медеубаев Азаттық радиосына.