Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алғабас-6 ықшам ауданындағы тоғыз қабатты үйді қазір полиция мен төтенше жағдай қызметі қоршап күзетіп тұр. Үй тұрғындарының эвакуацияланғаны айтылады. Қоршау маңында өрт сөндіру, жедел жәрдем, газ қызметі көліктері байқалады. Төтенше жағдай қызметі, полиция, жәдел жәрдем өкілдері Азаттық тілшісіне болған оқиға жайында түсінік беруден бас тартты.
Тұрғындардың айтуынша, 1 маусым күні сағат 18:30-дан кейін осы ықшамаудандағы 1/136-үйде тұратын адамдардың тізімі жасалып, олар эвакуацияланған. Кейбір мәліметке қарағанда, үй тұрғындары екі автобуспен қонақ үйлердің біріне әкетілген.
Райымбек есімді адамның айтуынша, кейінгі күндердегі жауын-шашын әсерінен үйдің жертөлесіне су кіріп, ғимараттың қисайғаны байқалған. Бұл үйдің пайдалануға берілгеніне көп болмаған. Райымбек өзінің осында өткен жылдың қыркүйек айынан бері тұратынын айтқан. Қаладағы Алатау ауданына қарайтын Алғабас ықшам ауданының бұл бөлігінде тұрғын үй құрылысы әлі жүріп жатыр.
Қазір үй маңы арнайы ленталармен қоршалып, жол-патрульдік полициясы мен төтенше жағдай қызметі күзетіп тұр. Ғимарат маңында екі палатка тігілген.
Азаттық тілшілері оқиға орнына барған түнгі сағат 1:30 шамасында 1/136-үйге жапсарлас үйдегі бірнеше пәтерде жарық жанып тұрды.
2012 жылы Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі бес қабатты үйлердің бірі құлап қалған еді. Қарағандыдағы үй үлескерлердің ақшасына салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген.