Совет басшыларының «Алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді қуып жетіп, басып озайық!» ұраны экономикадан өзге салаларға да тарады. Тарихи құжаттарға қарағанда, 1930 жылдардың орта шеніне қарай СССР басшылығы америкалық Голливудқа ұқсайтын үлкен киностудия салу идеясын тастады. Иосиф Сталин кинофотоөнеркәсіп бас басқармасының бастығы Борис Шумяцкийге совет кино қалашығын орластыруға ыңғайлы орынды тездетіп іздеуді 1936 жылғы наурызда тапсырып қойған болатын. Мамандар таңдауы көбінесе Қырымға ойысты.
ЯЛТАНЫҢ ОРНЫНА АЛМАТЫ
Бес жарым жылдан кейін елдің ең ірі киностудиялары орнына қозғалып, алысқа жол тартты. Бірақ Ялта, Краснодар, Таганрог немесе Азов емес, (Сталин бұл қалалардың да советтік Голливуд болуға жарайтын кандидат ретінде қарастырған) Алматы, Ташкент және Сталинабадқа (қазіргі Душанбе) көшті. Бұған себебі мүлде өзге жайттар – Германияның СССР-ге әскери басқыншылығы түрткі болды.
Алматыға әуелі Ленинградтағы «Ленфильмді» эвакуациялады. Лениградтықтар келетін кезге қарай қыркүйектің басында Қазақстан астанасында Алматы көркем фильмдер киностудиясы ұйымдастырылды. «Ленфильм» фильмдерін осы жерде түсіреді деп ұйғарылды. Қазанның ортасында Алматыға «Мосфильм» киностудиясы эвакуацияланды.
Ол кездегі жағдай жаңа ұйымдастырушылық шешімдер қабылдауды талап етті. Сондықтан 1941 жылы қарашаның 15-інде Алматы, «Ленфильм» және «Мосфильм» студияларын қосып, орталық бірлескен көркем фильмдер киностудиясына біріктірді.
Әуелі киностудияны ашатын ыңғайлы ғимарат табу керек болды. Ол кезде Алматыда мұндай ғимараттар аз болатын. Дзержинский атындағы клуб (қазіргі ұйғыр театры), қазақ драма театры (қазіргі Қонаев пен Қазыбек би көшелерінің қиылысы) сияқты түрлі нұсқалар қарастырылды. Ақыры киностудияға мәдениет үйі (қазір ол жерде Қазақ мемлекеттік филормониясы орналасқан) мен «Алатау» кинотеатрын (ғимарат 1980 жылдары өртеніп кеткен, қазір ол жерде «Астаналық орталық» тұрғын үй кешені тұр) бөлді.
ТҰРМЫСТАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР
Соғыстың алғашқы жылы Қазақ ССР астанасына «Ленфильм», «Мосфильмнің», сценаристер студиясының, кинохроника студиясының, ВГИК-тің (Мәскеу кинематография институты) 428 қызметкері бала-шағасымен көшіп келді. Эвакуациямен келгендерге лық толы қалада олардың бәріне баспана тауып беру өте қиынға түсті.
«Советтер үйі» қонақүйінен 97 бөлме берілді, бірақ ол жетпей, киностудияның 200-дей қызметкері мен олардың бала-шағасын киностудияның адам тұруға мүлде жайсыз өндірістік бөлмелеріне орналастырды. Киностудияның басшыларына 24 бөлмесі бар сегіз пәтерлі үй берді. Әлгі үйде тұратындардың арасында Сталин атындағы сыйлықтың лауреаттары көп болғандықтан, оны біреулер әзілдеп «лауреаттар үйі» деп атап кетті.
Ол үйде тұрған Григорий Козинцев «Лауреатшылар үйі» туралы: «Тура Горькийдің «Құрдымда» («На дне») пьесасындағыдай. Қабырғалардан су сорғалайды, бөлменің іші сыз. Төрт кереует тұр. Юра еденде жатады. <…> Траубергтер бес жан болып тұрды. Кешірек келген Бабочкин көп жүгіріп, осы үйге ордер алып еді, ақыры әйелі, бала-шағасы, Саратовтан келген туыстарымен 10 адам болып тұруына тура келді. Бірақ ешкім күңкілдеп наразы болған жоқ. Ол кезде бүкіл ел осылай өмір сүрді» деп жазған.
Алматыға 1942 жылдың аяғында келген театр қайраткері Наталья Сац та ГУЛАГ лагерінен босағаннан кейін ол кезде өз кереуетіңнің болғаны молшылық саналатын деп жазған. Ол «Алатау» кинотеатрына орналастырылған «Ленфильм» қызметкерлерінің тұрмысын өз мемуарларында сипаттаған.
«Бір-бірінен шкафпен немесе төсек жаймалары, юбка, шалбарлар ілінген жіп тартып бөліп қойған бөлмеде бала-шағасы көп кино қызметкерлері тұрды. Олар алып сахнадағы сияқты жұрт көзінше ұйықтап, тамақ ішіп, жуынып, примус пеште картоптан құймақ пісіретін...».
Нея Зоркаяның «Вещие сны Алма-Аты» деген мақаласында («Искусство кино» журналы, №7, 1999 жыл) кино қайраткерлерінің, ВГИК студенттерінің Алматыда эвакуациядағы өмір жайлы естеліктері келтірілген. Ақша табу үшін, күнкөріс қамымен кино қайраткерлері, олардың әйелдері базарда сауда-саттықпен айналысуға мәжбүр болған.
ДЕРЕКТІ ТАРИХ
Қазақстан орталық мемлекеттік мұрағатының 1708-қорында бірлескен киностудия қатысты құжаттар сақталған. Киностудияның тыныс-тіршілігі туралы әлгі құжаттардан білуге болады. Мысалы, Ташкенттегі кинематография істері жөніндегі комитеттен Алматыдағы бірлескен киностудия басшыларына жолданған (1942 жылғы ақпан) хаттың мәтіні мынадай: «Біз үкіметке жұтаң базаға қарамастан биыл 40 картина шығарамыз деп уәдет еттік. <…> Сіздерді павильондар да, қуатты электр станциялары сияқты үйреншікті ештеңе болмаған кинематография енді дами бастаған сәтте тұрмыз деп бір секундқа елестетуге шақырамыз. Декорацияларды күннің көзімен түсіріп, сол кезде де бәрібір амалын тауып картиналар түсірдіңіздер ғой».
Басшылар үнемдеу үшін фильмнің түпкілікті идеясына зиян келтірмей түсіру талаптарынан бас тартуға шақырған. Декорацияларды, пленканы үнемдеп жұмсау үнемі талап етілетін. Толық метражды картиналарды 1800 метр пленкадан асырмай әрі алты айдың ішінде түсіру талап етілді. Бірақ бұл талапты іс жүзінде орындау мүлде мүмкін емес болатын.
Бірлескен киностудияның сценаристері мен режисерлерінен бірінші кезекте майдандағы адамдар, партизандар, тыл еңбеккерлері, совет әйелдері, халықтар достығы, ұлттық рсепубликалардың жетістіктері туралы фильмдер, балалар мен жасөспірімдерге арналған картиналар түсіру талап етілді. «Фронт пен тыл бізден жарқын комедиялар күтеді» (құжаттан үзінді) деген уәжбен кинокомедия жанрына көп көңіл бөлу ұсынылды.
Кей фильм авторлары соғыстағы нақты жағдайды нашар білгені үшін сынға ілікті. Мысалы, «Жауынгерлік кионжинақтың» бірінде немістер советтің қару-жарағымен қаруланған. Әлгі құжаттардың бірінде «Соғыстың басталғанынан 8 ай өтті, сондықтан режиссер, оператор ғана емес әр актер біздің қару-жарақты немістің қаруынан ажырата білуі тиіс» делінген. Майданға барып көрмеген сценаристерге тек тыл тақырыптарына жазу ұсынылды. Бұған қоса, соғыс туралы түсінігі болу үшін жазушыларды майданға, партизандар шебіне, тылға, іссапарларға жіберу қажет деген де мәселе қозғалды.
Михаил Ромм (ол кезде Ташкентте кинематография істері комитетінде жұмыс істеген) Алматы мен Ташкенттегі кино қызметкерлерінің жүйкесін 5 мың километр жердегі Мәскеу жұқартты деп жазады. 1942 жылы наурыздың 14-інде шығармашылық актив жиналысында режиссер Фридрих Эрмлер СССР халық комиссарлары кеңесі жанындағы кинематография істері комитеті төрағасы Иван Большаковтың Алматыдан «ең үздіктер» ғана оралады деген сөзін жариялады.
«Большаков жолдас Мәскеу мен Ленинградқа өзін қабілетті, дарынды, майталман шеберлер ғана емес, ірі қоғам қайраткері, жұмысы мен мінез-құлқы арқылы өзінің ең үздік екенін көрсеткен адамдар оралады» деген сөзін жеткізуді сұрады» деп хабарлаған.
Шынымен бәрі бірдей оралған жоқ. Эвакуацияда болған кей кино қайраткерлер Алматыда науқастанып қайтыс болды (мысалы, актерлер Борис Блинов, Софья Магарилл, Николай Черкасов-Сергеев). Бір бөлігі өз еркімен қалды (мысалы, Ефим Арон, Владимир Файнберг, Михаил Аранышев).
БІРЛЕСКЕН КИНОСТУДИЯ АЛМАТЫНЫҢ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕ
Бірлескен киностудия қазақ кинематографының қалыптасуына да үлес қосты. Осы киностудияда жұмыс істеген кей қазақстандықтар мәскеулік және ленинградтық кино шеберлерінен үлкен тәжірибе жинады. Бірлескен киностудияға қатысты мұрағат құжаттары Шоқан Уәлиханов, Абай, Исатай мен Махамбет, Балуан Шолақ туралы фильмдер түсіру идеясы дәл осы киностудияда туғанын көрсетеді.
1943 жылғы шілдеде бірлескен киностудия жанынан алғашқы әрі қазақ киносына арналған ұлттық кадрларды даярлайтын сол кездегі жалғыз оқу орны – Алматы киноактерлік мектебін құру да Қазақстан киносының қалыптасуына әсер етті. 1945 жылы осы мектептің екі курсында 33 адам оқыған. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде оқытылды.
Эвакуацияланған кинематографистер соғыс басталған кезде кинематографиядан алыс түкпірдегі Алматының мәдени өміріне де жаңа леп әкелді. Енді кинокөрермендерге кумирлерінің гастрольдерін сарыла күтудің қажеті болмай қалды. Оларды қала көшелерінен, сол кездегі санаулы сахналардан жолықтыруға болатын. Газеттер кино актерлері мен актрисаларының концерттері, шығармашылық кештері туралы хабарландырулар жариялап отырды.
Автор Қазақстанның орталық мемлекеттік мұрағатындағы 1708-қорындағы жарияланбаған құжаттарды пайдаланды.