156 млрд теңгенің анық есебін Абаев та, Әжібаев та бере алмады

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев "Медиа құрылтайда" отыр. 11 қараша 2016 жыл. Алматы.

Алматыда өткен медиа құрылтайда мемлекеттік саясатты насихаттауға бөлінетін қаржының қалай жұмсалып жатқаны туралы ақпарат жоқтығы сынға ұшырады.

Алматы бүгін қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) нарығы дамуына арналған "Media құрылтай" конференциясы өтті. Осымен тоғызыншы жылы өтіп жатқан жиынға 150-ге жуық адам қатысты. Келгендердің басым бөлігі - журналистер, саясаттанушылар, заңгерлер мен блогерлер.

Биылғы конференцияға ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев және оның орынбасары Алан Әжібаев та келді. Министрдің халық алдына шығу таңғы сессияға жоспарланған еді. Бірақ ол «президент Назарбаевпен бірге Сеулге іссапарға баруына байланысты» жиынға түскі 12-де келді. Қатысушылардың басым бөлігі министрге сұрақ қойып қалуға тырысты.

ТӨРТ ЖЫЛДА – 156 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Құрылтайда сөз алған "Құқықтық медиа орталықтың" директоры Диана Окремова мемлекеттік бюджеттен ақпараттық саясатқа бөлінетін қаржының көптігін, бұл қаржылардың қайда жұмсалып жатқаны туралы толық әрі ашық айтылмайтынын сынады. Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік саясатты насихаттау үшін ақпарат құралдарына бөлінетінқаржы өсіп келеді. Бұл салаға бюджеттен 2013 жылы - 34,9 миллиард теңге, 2014 жылы - 39 миллиард теңге, 2015 жылы - 42,8 миллиард теңге, биыл 41,7 миллиард теңге бөлінген.

Құқықтық медиа орталықтың директоры Диана Окремова. Алматы, 11 қараша 2016 жыл.

- Соңғы төрт жылда мемлекеттік саясатты насихаттауға 156,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржының көбін «Қазақстан» телерадио корпорациясы, «Хабар» агенттігі, «Қазтелерадио», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» және «Қазконтент» алған. Бірақ бұл қаржының қалай және қайда жұмсалып жатқаны туралы ашық ақпарат жоқ. Халық, яғни салық төлеушілер өз ақшаларының қайда кетіп жатқанын білмейді. Қаржыны ақпарат құралдарына бөлген кезде де конкурстық жүйе жоқ, - деді Диана Окремова.

Диана Окремованың сөзінен кейін блогер Ержан Сүлейменов ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаевтан:

- Бюджеттен ақпарат құралдарына бөлінген қаржылардың әр тиыны туралы есепті неге жариялмайсыздар? - деп сұрады.

Вице-министр Алан Әжібаев бұл сауалға "Біреудің қалтасындағы ақшаны санауға құмармыз..." деп жауап бере бастап еді, сауал иесі ақшаның "біреудікі емес, халықтыкі" екенін оның есіне салды. Вице-министр бұдан кейін "ол қаржы - халықтыкі, қоғамдыкі" екенімен келісті.

Ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев. Алматы, 11 қараша 2016 жыл.

- Біз қажетті деңгейдегі ақпаратпен бөлісіп отырмыз. Сандар барынша ашық жарияланады. Ал әр қаржының қайда кеткені туралы ақпаратты беруге дәл қазір дайын емеспін, - деді ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев.

Мемлекеттік саясатты насихаттауға бөлінген қаржының анық есебі жайлы сауалға ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та жауап бермей, "бұл сұраққа кейін ораламыз" деп қысқа қайырды.

МИНИСТР «МАТАЕВТАР ІСІМЕН ЖАҚСЫ ТАНЫС»

Жиын кезінде Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров "мемлекет тапсырыс қаржысын өз жымқырды және салықтан" деп айыпталып, 6 жылға сотталған азамат - Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты 31 қазанда өткен туған күнімен құттықтады.

Сейітқазы Матаев сөз болған тұста саясаткер Әміржан Қосанов министр Дәурен Абаевтан әкелі-балалы Матаевтарға қатысты іс туралы пікірін сұрады. Қосанов Абаевқа «Трибуна» және «Жас алаш» газеттерінің сотын қадағаладыңыз ба?» деген сұрақты да қойды

Министр Дәурен Абаев «бұл істерді өте жақсы білетінін және қадағалап отырғанын, бірақ Матаевтың адвокатымен жеке сөйлеспегенін» айтты.

- Матаевтарға қатысты нақты пікірді апелляциялық соттан кейін айтуға болады, - деді ол.

Адамның өміріне қатысты ашық ақпарат болса, оған рұқсат алудың қажеті жоқ. Ал тұлға туралы еш жерде жарияланбаған жаңа ақпараттар жариялағысы келсе, рұқсат сұрауы керек.
Министр Дәурен Абаев.

Жиында Дәурен Абаев басқаратын министрлік ұсынған «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ұсыныстары да қызу талқыланды. Бұл заң жобасындағы әсіресе «журналист белгілі бір тұлғаның жеке өмірі туралы жазатын болса сол адамнан жазбаша рұқсат алу» керек деген ұсыныс журналистерді наразы еткен еді. Министр Абаев бұл ұсынысқа қатысты түзетулер енгізілгенін айтты.

- Егер адамның өміріне қатысты ашық ақпарат болса, оған рұқсат алудың қажеті жоқ. Ал тұлға туралы еш жерде жарияланбаған жаңа ақпараттар жариялағысы келсе, рұқсат сұрауы керек болады, - деді министр.

Дәурен Абаев ақпарат құралдарына сыра және шарап сауда маркаларын жарнамалауға қайта рұқсат беру мәселесі талқыланатынын да айтты. Оның сөзінше, ақпарат және коммуникация министрлігі алдағы жылы Қазақстанда алғашқы қоғамдық телеарна құру жұмыстары бастауды да жоспарлап отыр.