Жанболат Мамай бас бостандығы шектеліп, босап шықты

Сот үкімі жарияланғаннан кейін қамаудан босаған Жанболат Мамай (ортада) өзін қолдаушылармен бірге тұр. Алматы, 7 қыркүйек 2017 жыл.

Бүгін Алматы қаласының Медеу аудандық 2-сотында «Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайға қатысты сот үкімі шықты.

Судья Дәурен Мәукеев «Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыруға қатысты айыпты" деп таныды. Судья қылмыстық кодекстің 193-бабының 3-тармағы бойынша Жанболат Мамайдың бас бостандығын үш жылға шектеп, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етті және үш жыл журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Your browser doesn’t support HTML5

Жанболат Мамай "Саяси сауда болған жоқ". Аудиоподкаст.

Сот Мамайдың ақпан айынан бері қамауда отырған жеті айға жуық уақытын шегеріп, енді оның бас бостандығы 2 жыл 5 ай 5 күн шектелетінін айтты.

Судья Дәурен Мәукеев Жанболат Мамайдың тұрғылықты жерінен және газет редакциясынан алынған ноутбуктар мен флеш-карталарды мемлекет пайдасына тәркілеуге үкім етті.

Дәурен Мәукеев Жанболат Мамайдың «ауыр қылмыс жасағаны толық дәлелденгенін, бірақ отбасылық жағдайына байланысты жазасы жеңілдетілгенін, сондықтан қазірден бастап бостандыққа шығатынын» хабарлады.

Судья оқыған үкімде Жанболат Мамайға тағылған «ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны» туралы айыптау болмады. Сондай-ақ «қылмысты бірнеше рет жасады» деген айыпты «бір қылмысты жалғастырды» деп өзгертілгені айтылды.

Судья Мүкеев "сотталушы Мамай сот үкіміне келіспесе, он күн ішінде апелляциялық шағым түсіре алатынын" құлағдар етті. Жанболат Мамай мен оның адвокаттары Жанар Балғабаев мен Мәдина Бакиева әзірше бұл жөнінде қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Жанболат Мамайды қолдау үшін сотқа келген жүзге тарта адам сот үкімінен кейін қуаныштарын білдіріп, қол соқты.

Жанболат Мамайдың өзі сот үкімін байсалды қабылдады.

ВИДЕО: Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция

ПРОКУРОР ТАЛАП ЕТКЕН ЖАЗА

Сот үкімі осыған дейін айыптаушы прокурор сұраған жаза мерзімімен сай келді. Алдыңғы сот процесіндегі жарыссөз кезінде айыптаушы қазіргі сот үкіміне ұқсас жаза сұрап, қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-тармағына сәйкес Мамайдың жазасын жеңілдетуді ұсынған. Сот үкімі мен прокурор атаған қылмыстық кодекстің 55-бабы «Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау» деп аталады.

Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні ұстаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы оған «БТА банктен» Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген айып таққан.

Сот кезінде бұл айып нақтыланып, «Жанболат Мамай 2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі, бизнесмен Мұхтар Әблязовтан 110 мың доллар көлемінде қаржы алған» деп көрсетілген.

ВИДЕО: Жанболат Мамай: Бұл істің саяси астары бары айқын

Your browser doesn’t support HTML5

Жанболат Мамай: Бұл істің саяси астары бары айқын

Сотқа куәлік етуге келген Жақсылық Жарымбетов «ақшаның бастапқы бөлігін Мұхтар Әблязовтан алып бергенін, қалғанын азаматтық қоғамды қолдау үшін өзі бергенін» айтқан.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты тергеу кезінде де, сот барысында да мойындамаған. Ол өзінің Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарып, қаржыны тек Жақсылық Жарымбетовтен алғанын айтқан.

Жақсылық Жарымбетов БТА Банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша биыл жазда шартты мерзімге сотталған. Бірнеше жыл шетелде жүрген ол биыл қаңтар айында Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған.

ВИДЕО: Жанболат Мамайдың саяси жолы

Your browser doesn’t support HTML5

Жанболат Мамайдың саяси жолы

Жанболат Мамай қамалғаннан кейін бір топ белсенділер мен саясаткерлер «Жанболат Мамайды қорғау комитетін» құрып, бұл істі «тәуелсіз баспасөзге қысым» деп бағалаған. Жанболат Мамайдың ісіне назар аударған халықаралық құқық қорғау ұйымдары да Жанболат Мамайдың тұтқындалуын «ой-пікір еркіндігін шектеуге бағытталған әрекет» деп санаған.

Жанболат Мамайдың адвокаттары «Жанболат Мамайдың қамауда ұстау тәртібін өзгерту» туралы бірнеше рет өтініш түсірген. Белгілі жазушылар мен қоғам белсенділері Жанболат Мамайдың ешқайда кетпейтініне кепілдік те берген. Алайда бұл өтініш қанағаттандырылмай, қамау мерзімі ай сайын ұзартылған.

Жанболат Мамай қамауға алынғаннан кейін ол жетекшілік ететін «Трибуна. Саяси қалам» газеті жабылды. Ол қамауға алынғаннан кейін мәлімдеме жасап, «бұл істі журналистік қызметіме қысым және «Трибуна. Саяси қалам» газетін жабу әрекеті деп есептеймін» деген.

«Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен қамалған. Оның соты тамыздың 14-інде басталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Жанболат Мамайға сот үкімі

Жанболат Мамайдың ісі бойынша сот үкімі