Мамайды басқа камераға ауыстырды

Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Қамауда отырған журналистің жақтастары оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп мәлімдеме жасады.

«Қаржылық қылмыс жасады» деген күдікпен екі ай мерзімге қамауға алынған журналист Жанболат Мамайды қорғау комитетінің өкілдері бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.

Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева, журналистер Гүлжан Ерғалиева, Рысбек Сәрсенбай, Инга Иманбай, құқық қорғаушы Евгений Жовтис қатысқан жиында тілшінің тергеу изоляторындағы жеке бас қауіпсіздігі сөз болды.

Жанболат Мамайды қорғау комитетінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 23 ақпан 2017 жыл.

– Изоляторда отырған Мамайды ұрып-соқты дегендер анықталып жатыр. Қоғамда дүрліге бастаған соң оны соққыға жығу тоқтаған. Кеше арнайы прокурор кірді. Бүгін ұлттық превентивтік механизм өкілдері кірген соң ғана Мамайды басқа камераға ауыстырды, – дейді Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева.

ҚЫСЫМ

Адвокат Жанар Балғабаева тергеу изоляторында отырған журналист Жанболат Мамайға камераластары тарапынан қысым жасалғанын ақпанның 21-і күні хабарлаған. Ол тілшінің «камераластарынан соққы жеп, моральдық қысым көргенін» айтқан. Адвокат бұл жағдайға байланысты сол күні ЛА155/18 тергеу изоляторы (СИЗО) басшысы Бақытжан Баймағамбетовке шағым түсірген.

Бақытжан Баймағамбетов «Мамайға айтарлықтай қысым жасалмағанын» айтып: «Шара қолданамыз, Жанболат Мамайды басқа камераға ауыстырамыз» деген 21 ақпанда. Алайда ол ақпанның 22-сі күні Мамайдың әлі сол камерада отырғанын хабарлап, «оған қысым жасаған екі адамды өзге камераға ауыстырдық» деген.

Адвокат Жанар Балғабаева бұдан кейін Жанболат Мамайдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап прокуратураға арыз жазған. Сол күні СИЗО-ға арнайы прокурор барған.

– Арнайы прокурор Жанболаттың басы мен бүйрек тұсында көрген іздерді көріп, хаттама толырып кеткен, – дейді адвокат.

Адвокат Жанар Балғабаева.

Алматы шетіндегі ЛА155/18 тергеу изоляторына қамалған Жанболат Мамайдың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегенін Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілінің баспасөз қызметі де растайды. Мекеме дерегінше, ұлттық превентивтік механизм өкілдері Мамайдың ол жерде «бұрын бірнеше рет сотталған камераластары тарапынан психологиялық және физикалық қысым көргенін анықтаған».

Ұлттық превентивтік механизм өкілдері Жанболат Мамайды қауіпсіз орынға ауыстырғанша тергеу изоляторында болғандарын айтады. Бірақ оның адвокаты Жанар Балғабаева бәрібір Мамайдың қазір «төрт қылмыскермен бірге жатқанына, сондықтан қауіпсіздігіне кепілдік жоғына» алаңдайды.

«САЯСИ ІС ЕКЕНІ КӨРІНІП ТҰР»

Құқық қорғаушылар тергеу изоляторында отырған журналист Жанболат Мамайға камераластары тарапынан қысым жасалуынан тек қылмыстық емес, саяси астар да көреді. Заңгер, Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис «Мамайдың үстінен қаржыға байланысты қылмыстық іс қозғағанымен, саяси іс екені көрініп тұр» деп біледі.

Заңгер Евгений Жовтис. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.

– Жанболатты ұрып-соғуға қылмыскерлерді қосқаны бірнеше факторлардан білініп отыр. Ұрып-соғудағы мақсаты – психологиялық қысым жасау, саясатпен айналысудан бас тартуға мәжбүрлеу, – дейді ол.

Журналист Гүлжан Ерғалиева да қамаудағы әріптесіне тағылған айыппен – «Мамай өзі басқаратын «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы бұрынғы қазақстандық банкир әрі оппозициялық олигарх Мұхтар Әблзяовпен бірге қаржылық қылмыс жасады» деген сөзбен келіспейді.

– Бұл газеттің қаржылық жағдайы нашар болатын. 2014 жылы газет шығатын күндері қарыз іздеп жүрген кезінде бірнеше рет қарыз бергенмін. Олар біртіндеп қайтарды. Әблязовтен ақша алса, сөйтуші ме еді, – дейді Гүлжан Ерғалиева.

Журналист Гүлжан Ерғалиева.

28 жастағы журналист Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, кейін сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды «БТА банктен» Мұхтар Әблязов басқарған кезде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен тергеп жатыр.

Жанболат Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметіне қатысты және «Трибуна. Саяси қалам» газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген. Қазір шетелде жүрген Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, оған таққан айыпты «абсурд» деп атаған.

Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, ұсталғанына екі аптаға жуықтаған Жанболат Мамайға байланысты әлі күнге дейін ешқандай тергеу амалдары жүргізілмеген. Мұның себебін журналисті ұстаған мекемеден – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросынан білу мүмкін болмады.