Алдау күні "сыбысты жазалау" туралы айтылды

Полицей "банктер банкроты" туралы қауесеттен соң банк алдында наразылық танытқандарды бақылап тұр. Көрнекі сурет

«Күлкі күні» аталып кеткен 1 сәуірде адамдардың әзілдесіп, түрлі сыбыс таратуы әдетке айналған. Қазақстан бас прокуратурасы дәл осы күні сыбыс таратуды жазалауға шақырып, құқық қорғаушылардың алаңын тудырды.
Бейресми түрде Күлкі күні аталып кеткен сәуірдің 1-інде Алматы қаласының тұрғыны Кәмиша Есмұхамбетқызы достарының өзін алдап соққанын айтады.
Таңертең ояна салысымен оған өзін «көпке белгілі бір саясаткердің көмекшісімін» деп таныстырған бейтаныс адам хабарласып, «саясаткердің кездесуге шақырып жатқанын айтқан». Кәмиша өзі ешқашан араласып көрмеген белгілі адамның неліктен қазір хабарласқанына таң қалған. Бірақ, «өзіне жақсы ұсыныс жасап, командасына алғалы тұрған саясаткердің» шақыруынан бас тартпай, «көмекшінің» айтуы бойынша таңғы сағат 11-де қала ортасындағы бір қымбат мейрамхана алдына келіп тұрған. Сол жерде өзіне жолыққан досынан алданған бір-ақ білген.

Қазақстанда Күлкі күні Кәмишаның досы сияқты қарапайым азаматтар ғана емес, түрлі жергілікті БАҚ-тар да әзілге толы сыбыс таратып жатады. Дәл сәуірдің 1-і күні парламентте сөз сөйлеген бас прокуратура өкілі жұртты жаппай алдап, сыбыс таратқандарды жазалау туралы ұсыныс айтты.

СЫБЫСПЕН КҮРЕС

Tengrinews.kz агенттігінің хабарлауынша, сәуірдің 1-і күні Астанада өткен мәжілістің арнайы отырысында қылмыстық кодекстің жаңа жобасын талқылауға келген бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель мемлекеттің қоғам зиян шегетін жөнсіз сыбыспен қылмыстық жазаға тарту арқылы күресетінін айтқан. Оның сөзінше, бірнеше банктің банкротқа ұшырағаны туралы тараған жалған сыбыс Қазақстанның банк жүйесіне әжептәуір залал тигізген.

«Жұрт әбігерге салынып, есепшоттарындағы ақшаны қайтарып алды. Мұндай сыбыстар тарамас үшін бұған қатысты арнайы қылмыстық бап болады. Оның үстіне бұл бап сыбыс таратуды жеткілікті дәрежеде қатаң, ауыр қылмысқа жатқызады» деген бас прокурордың бірінші орынбасары.

Иоган Меркель, Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары. Ресми вебсайттан алынған сурет


Меркель парламентте журналистер сауалына жауап беріп тұрып мұндай қылмыстар үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін екенін айтқан.

Биылғы ақпан айында Қазақстан тұрғындарының арасында бірнеше банктің «банкротқа ұшырағаны» жайлы жалған SMS таралып, жұрт дүрліккен еді. Көптеген салымшылар банктердегі депозиттерін жаппай қайтара бастаған. Кейіннен бас прокуратура жалған сыбыс таратуға қатысы бар бірнеше азаматты ұстағанын мәлімдеп, наурыз айының басында негізгі айыпталушы Дархан Сабденовтің дүние-мүлкісі қамауға алынғанын хабарлады.

Жергілікті азаматтық қоғам өкілдері әлеуметті жөнсіз дүрліктіріп, түрлі зардаптарға апарып соқтыратын сыбыс таратудың зияндылығына күмән келтірмейді. Бірақ ақпарат құралдары «сыбыспен күрес» науқанының құрбанына айналып кетпей ме деп те алаңдайды.
Бұл баптың сөз бостандығын тұншықтыру мақсатында құралға айналмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Жаңа қылмыстық кодекс жобасын талқылау шараларына қатысып жүрген «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаева бас прокуратураның ұсынысы сөз бостандығын тарылта түсетін құралға айналуы мүмкін деп қауіптенеді. Ол сыбыс таратқаны үшін адамды 12 жылға дейін бас бостандығын айыруды «тым қатал жаза» деп санайды.

«Біріншіден, бұл жазаны ақпарат құралдарына қарсы бағытталған бап деп есептеймін. Өйткені дәл осы БАҚ арқылы ақпарат таралады емес пе? Біз құқық қорғау органдарының бұл бапты іс жүзінде қалай қолданатынын білмейміз. Бұл баптың сөз бостандығын тұншықтыру мақсатында құралға айналмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ертең бұл бап тағы кімге қарсы пайдаланылуы мүмкін? Осы жағы алаңдатады» деді құқық қорғаушы Азаттыққа.