Белсенділер Арон Атабектің денсаулығына алаңдайды

Арон Атабектің Алматыдағы тергеу изоляторындағы (СИЗО) суреті. Алматы, 2007 жылдың ақпаны.

18 жылға сотталған саяси тұтқын Арон Атабектің бір айдан бері карцерге қамалып, жүре алмай қалғаны хабарланды. Белсенділер оған медициналық көмек көрсетуге шақырып, Facebook-те қол жинай бастады.
Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина осы аптада Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Павлодар қаласында қамауда жатқан диссидент ақын Арон Атабектен (Арон Едігеев) хат алғанын жариялады. Арон Атабек хатында 2006 жылы Алматы іргесіндегі жер дауы кезінде сынған аяғы ісіп кеткенін хабарлап, балдақ немесе таяқ жіберуді сұраған.

ЖҰБАЙЫ: «ОЛ 21 МАМЫРДАН БЕРІ КАРЦЕРДЕ ОТЫР»

Арон Атабектің жұбайы Жайна Айдархан.

Арон Атабектің жұбайы Жайна Айдархан ерінің денсаулығы жайлы еш хабар біле алмай отырғанын, тек оның мамырдың 21-інен бастап карцерге қамалғанын ғана айтады.

– Көп уақыт карцерде жатқаннан кейін ауруы асқынып кеткен ғой. Ол жаққа не үшін қамағаны да белгісіз. «Заңдарына» көнбегені үшін қамаған шығар. Немесе олар адамды қажыту үшін солай жасайды, – дейді Жайна Айдархан Азаттық тілшісіне.

Арон Атабектің адвокаты Василий Садықовтан қамаудағы тұтқын жайлы жауап алу әзірге мүмкін болмады.

Азаттық тілшісі маусымның 19-ы күні Арон Атабек қамауда отырған Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына – АП-162/1 мекемесіне де хабарласты. Мекеме бастығы Ернұр Саспанов «тек жазбаша түрде жауап беретінін, онда да хатты поштамен жіберу керек екенін» айтты. Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінен де жауап ала алмадық.

Арон Атабектің хаты жарияланысымен интернетте оған көмектескісі келген азаматтар да табыла бастады. Мәселен, қоғамдық белсенді Әміржан Қосанов балдақ тауып жіберетінін жазды. Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, дәрі-дәрмек, қалам-қағаз алуға ақша аударатын адамдар да табылған.

Бұған қоса белсенділер Facebook-те Арон Атабекке медициналық көмек көрсетуді талап еткен мәлімдемеге қол жинай басталды. Бастама иелері мәлімдеме мәтінін құзырлы органдарға, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жіберуді көздеп отыр.

«ТҰТҚЫННЫҢ ӨМІРІНЕ ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫ ЖАУАПТЫ»

Арон Атабектің денсаулығынан хабарсыз екенін айтқан құқық қорғаушы Анастасия Миллер «тергеу изоляторы сонда тұрып жатқан азаматтардың өмірі мен денсаулығына жауапты» деп біледі.

– Білікті медициналық көмек алу қажеттігі туралы өтініш түскен кезде әкімшілік бұл сұрақты шешуі тиіс. Егер мекеме мұндай көмек көрсете алмаса, толық медициналық көмек көрсететін арнайы мамандандырылған түрмеге бағыттауға рұқсат алуы үшін қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне хабарласуы тиіс. Себебі азаматтар бас бостандықтарынан айрылғанмен, білікті медициналық көмек алу құқығынан айрылған жоқ. Бұл құқықтың сақталуына халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексінде кепілдік берілген, – дейді ол.

Арон Атабек Павлодардағы АП-162/1 түрмесіне 2014 жылы сәуірде ауыстырылған еді. Ол бұған дейін, 2013 жылы желтоқсанда Қарағанды облысының Қаражал қаласындағы түрмеден Қарағандыдағы тергеу изоляторына этаппен жеткізілген. Сол кезде «оны үйіне жақын маңға – Алматы облысындағы түрмеге ауыстыруы мүмкін» деген болжам айтылған. Бірақ кейін Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы Азаттыққа бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған Арон Атабек. Алматы, Шағырақ, 14 шілде 2006 жыл.

Ақын, диссидент Арон Атабек 2007 жылы қазан айында 18 жылға сотталған. Оған «Алматы қаласы маңындағы Шаңырақ ауылында полиция мен тұрғындар арасында 2006 жылы 14 шілдеде болған қақтығысты ұйымдастырды» деген айып тағылған. Билік өкілдері заңсыз салынды деп санайтын үй-жайларын бұзуға қарсы шыққан оқиғада тұрғындар полициямен қақтығысып, бір полицей қаза тапқан еді.

Қаражал түрмесінде жазасын өтеу кезінде Арон Атабек Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы өлеңдер жазған. Оны «түрме режимін бұзды» деп екі рет Қостанай облысының Арқалық қаласындағы тәртібі ең қатаң түрмеге ауыстырған.

Қазақстандағы бірнеше құқық қорғау ұйымы Арон Атабекті саяси тұтқын деп жариялаған. Ол түрмеде отырып Қазақстан демократиялық күштерінің «Азаттық» сыйлығын, халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» (Freedom to Create) сыйлығын иеленген.