Балқаштағы «жалған мәлімет тарату» ісі

«Жалған мәлімет таратты» деген айыппен тұтқындалған балқаштық заңгер Санат Бөкенов. Фото оның отбасылық архивінен алынды.

Балқашта қамауда отырған заңгер Санат Бөкеновтің әйелі «бала-шаға ақшадан тарығып, күнкөріс қиындап кетті» дейді. Заңгерге «жалған мәлімет таратты» деген айып тағылған, бірақ істің мән-жайы анық емес.

«ҚҰПИЯЛАНДЫРЫЛҒАН ІС»

Қарағанды облысы Балқаш қаласында қамауда отырған 57 жастағы заңгер Санат Бөкеновтің әйелі Дина Қадаева «бала-шағамыз ақшадан тарығып, күнкөрісіміз қиындап кетті» дейді. Екеуінің некесі тіркелмегендіктен, оның ерімен жиірек кездесу мүмкіндігі жоқ. Қадаева күйеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын оның өзінен естіген. Шілденің 27-сі ұсталғаннан кейін оған әйеліне телефон соғуға рұқсат берген. Ол кезде күйеуі «қамауда ұзақ отыратын шығармын» деп хабарлаған. Үш күннен кейін ол күйеуін Қарағандыда өткен процессуалдық сотта көріп, оған «көрінеу жалған мәлімет таратты» деген айып тағылғанын естіген.

Your browser doesn’t support HTML5

Заңгерге тағылған айып. Аудиоподкаст.

- Оған әлгі баптың ең ауыр бөлігі бойынша айып тағып отыр, - дейді Дина Қадаева.

Заңгер Бөкеновтің ісіне қатысты жайттардың мән-жайы әйеліне беймәлім.Ол күйеуінің жазықсыз екеніне сенімді.Таныстарының бірі оған күйеуінің үстінен қылмыстық іс прокуратураның әлдебір қызметкері туралы жалған мәлімет таратты деген айыппен, яғни «прокуратураның жолын кескені» үшін қозғалғанын айтқан. Ертеректе жергілікті кей БАҚ Санат Бөкенов Балқаш қаласы әкімдігінің бұрынғы қызметкері Айжан Мұсағұлованың мүддесін сотта қорғаған кезде ішінде Балқаш қаласы прокуратурасы да бар күштік және құқық қорғау органдарын коррупция жайлаған деп мәлімдегенін жазған.

Азаттыққа Санат Бөкеновтің ісіне қатысты жайттарды тергеуші Азамат Әбдіуәлиев те, Бөкеновтің қорғаумен айналысатын «мемлекеттік» адвокат та хабарлаудан бас тартып, екеуі де «тергеуге қатысты жайттарды ашуға құқығым жоқ» деп жауап берді.

Заңгер Санат Бөкенов пен оның әйелі Дина Қадаева және қыздары Ясмин. Фото 2014 жылы түсірілген.

Қадаева бәрінен бұрын күйеуінің қамауда отырғанына қиналып, процессуалдық сот ерінің кепілге босату туралы өтінішін қанағаттандырмағанына күйінеді. Қадаева «судья күйеуім кішкентай қызының тарығып жүргенін, өзінің сырқат екенін әрі бұрын сотталмағанын айтқанымен, судья күйеумнің өтінішін қанағаттандырудан негізсіз бас тартты» дейді.

Санат Бөкенов Қарағандыдағы тергеу абақтысында отыр. Дина Қадаева «Күн аралатып болмаса, күн сайын сәлем-сауқат апара алмаймын. Қолымдағы қалған-құтқан ақшам оған жетпейді» деп уайымдайды..

АСЫРАУШЫСЫ ҚАМАУДА ОТЫРҒАН ОТБАСЫ

Санат Бөкенов пен Дина Қадаеваның отбасы Қарағанды облысының екі бөлек қаласында тұрады, бір-бірін анда-санда ғана көреді, бұл - екеуінің де алғашқы некесі емес. Теміртау қаласында тұратын 43 жастағы Динаның үш қызы бар, екеуі - бұрынғы күйеуінен, ал екі жасар кіші қызы Ясмина - Санат Бөкенов пен Дина Қадаеваның баласы. Қарағандыда жоғарғы оқу орнында оқитын 21 жастағы үлкен қызы жазғы каникулға үйіне келген, шешесі жоқ кезде Ясминді бағады. 12 жастағы қызы мектепте оқиды.

Бірге туған аға-іні, әпке-сіңлі сияқты Дина Қадаеваға қарайласатын жақын туысынан ешкім жоқ. Анасы екі жыл бұрын рактан қайтыс болған. Әкесі Қарағанды облысы Ағадыр кентінде тұрады. Ол кісі сырқат болғанымен, біреудің қолына қарамай, әзірше өз күнін өзі көріп отыр. Қызына ақшалай қарайласатын шамасы жоқ.

Дина Қадаева мен Санат Бөкенов үш жыл бұрын бас қосқан. Екеуінің некесі ресми тіркелмеген, бір шаңырақта тұрсақ, кейін реті келер деген оймен бұл мәселені шешуді кейінге қалдырып келген. Бөкенов Балқашта жұмыс істеген, ал Қадаева Теміртауда тұрады, сондықтан бір шаңырақтың астында үнемі бірге тұрудың реті келмеген.

Дина Қадаева күйеуімен заңды некеде болмаған соң заңды құқықтарын пайдалана алмайтынын Санат қамалғаннан кейін бірден сезінген. Қадаеваға күйеуінің қоғамдық қорғаушысы болуға да рұқсат етпеген. Бұған қоса, тергеуші оған күйеуінің ісіне қатысты ешқандай құжат бермей қойған. Шілденің 30-ы күні Қарағандыда өткен әрі ерінің қамау мерзімін екі айға ұзартқан процессуалдық сотқа қатысуға рұқсат бергенінің өзін Дина Қадаева үлкен сәттілікке балайды.

Бөкеновтің әйелі «күйеуімді жеке адвокат қорғауына алса ғой» дейді, бірақ бұған ақша жоқ. Қазақстандағы адам құқығы бюросының қызметкері Андрей Гришин Азаттыққа «қазір құқық қорғау ұйымы Санат Бөкеновті қорғаумен айналысатын жеке адвокат жалдау проблемасын шешуге тырысып жатыр» деп хабарлады.