Әуесқой суретші Әсия Ойнарова Ақтөбеде өтетін көрмелерге тұрақты түрде қатысады. Оны танымал еткен бір метрге де жетпейтін бәкене бойы ғана емес, дәстүрлі емес материалды, яғни балық сүйегін пайдаланатын өнері. Әсия сияқты балық сүйегімен сурет салушылар Қазақстан бойынша бірен-саран ғана.
Бойы үш жасынан соң өспей тоқтап қалған Әсия Ойнарова қазір 45 жаста. Ол «өзін ешқашан қор санап көрмегендігін» айтады. «Мектепті бітіргенше сөмкемді кластастарым кезектесіп тасыды. Ал ата-анам қалың қар түскен күндері мені мектепке шанамен алып баратын» деп еске алады ол.
«БАЛЫҚҚА ДЕГЕН МАХАББАТ»
Бәкене бойлы әйел балық сүйектерінен ең алғаш 2006 жылдың жазында сурет сала бастапты. Табиғат аясындағы демалыстан соң «қылқандарына дейін қалдырмай» жинап әкеткен ол «бір демде 11 картина жасап шығарғанын» айтады.
- Балыққа деген «махаббатым» бала күнімнен басталса керек. Бойымның өсуі тоқтаған соң анам «құрамындағы кальций сүйектеріңе пайдалы» деп үнемі балықты қуырып, я асып беретін. Әлі де – сол. Аптасына кемінде екі рет балық сатып аламын, - дейді ол.
- Шортанның жақ сүйегін алып қаралықшы, жауқазынның жапырақтарын еске түсіреді. Ал жайынның сүйектері тауыс (жар птица) жасауға өте ыңғайлы. Жайынның таңдай сүйегі көктемде бүр жаратын қызылтал сияқты. Зер сала қарасаңыз, жақ сүйегі бүркітке ұқсайды, - дейді әуесқой суретші.
Әуесқой суретші Әсия Ойнарованың балық сүйектерінен жасаған туындыларын мына жерден көре аласыз:
Your browser doesn’t support HTML5
«ӨЗІ ДЕ, ӨНЕРІ ДЕ ЕРЕКШЕ ЖАН»
2007 жылдан бері дербес көрмесін өткізіп, халыққа таныла бастаған Әсия Ойнарова өз картиналарына балықтың сазан, шортан, табан, түйетабан, жайын секілді түрлерін жиі пайдаланады. «Балықтың бас сүйегі – тұнып тұрған картина» деп күледі ол. Тіпті қылқандарының өзін «сөйлетуге» болады» екен.
Әсияның еңбектері жергілікті кәсіби суретшілердің назарына бірден іліккен. «Мен бұрын-соңды мұндайды көрген емеспін» дейді ақтөбелік суретші, Павел Стеллер атындағы медальдің иегері Әнуар Өтеген Тана.
- Әсия Ойнарова картиналарын дәстүрлі емес материалдан яғни, балық сүйектерінен салады. Еңбекқорлығына тәнтімін. Ол - әуесқой суретші. Сондықтан да түстердің үйлесімділігі, композиция тұрғысынан аз-маз қателіктері бар. Жол көрсетіп, бағыт беріп отырамын. Айтқаныңды қағып алады. Ол - өзі де, өнері де ерекше жан, - дейді Әнуар Өтеген Тана.
ӘСИЯНЫҢ «ТҰМАРЫ»
Осыдан бір жыл бұрын Әсия өзі секілді мүгедек шеберлердің басын қосып, «Тұмар» деп аталатын шығармашылық топ құрды. Топ мүшелерінің бірі көрпе құраса, енді бірі - кәдесый жасаудың шебері. Ақтөбе облыстық мүгедектер қоғамы жанындағы «Тұмарға» қазір 15 адам мүше.
20-дан енді асқан Айнұр Қанатбаева - соның бірі. Орталық жүйке жүйесінде кінәраты бар Айнұрдың құлағы да естімейді. Туа біткен мылқаулығы тағы бар. Айнұрдың анасы Күнзираш Қанатбаеваның айтуынша, өзін қор санаған қызы бір кездері жан күйзелісіне ұшырап, үйден қашып та кеткен. «Тұмарға» мүше болғалы Айнұрдың өмірі күрт өзгеріпті.
Күнзираш Қанатбаева жалғыз қызы Айнұрдың Әсия Ойнарова секілді табанды, өмірге құштар болғанын қалайды. Айнұрдың әкесі мүгедек баланың ауыртпашылығына төзе алмай «отбасын тастап кеткен» .
- Басыма түскен ауыртпашылықтарды ойлап, оңашада егілетін сәттерім көп. Ондайда Әсия қызыма ғана емес, маған да жігер береді. Жалпы, өмірге деген құштарлықты жарымжан адамдандар үйрену керек екен, - дейді Айнұрдың анасы.
Әсия Ойнарова жетекшілік ететін «Тұмар» шығармашылық тобы қазір кезекті бір халықаралық көрмеге дайындалып жатыр.